Түркістан облысы: Отырар ауданында «Туған жерге тағзым» акциясы ұйымдастырылды

Балтакөл ауылындағы мәдениет үйіне жиналған жұртшылық былтырдан бері ізгі ниетті, игілікті үрдіске айналған керемет шараның куәсі болды. «Туған жерге тағзым» атты акцияның тұрақты кейіпкеріне айналып, әрқашан жүрегі елім деп елжіреп, еміреніп жүретін тау тұлғалы, жомарт жүректі, мәрт мінезді асыл азамат Балтабай Асанов биыл да әбден қалыптасып қалған дәстүрінен жаңылмай, ауыл адамдарына тегін медициналық көмек көрсету мақсатында жерлестеріне медицина апталығының өтуіне себепкер болды.

«Туған жерге тағзым» акциясы аясында Шымкент қаласындағы «№14 Емдеу орталығы» ЖШС-нің білікті акушер-гинеколог, онколог, кардиолог, УДЗ дәрігері, эндокринолог, хирург, ЭКГ медбике, дәрігерлерін кіндік қаны тамған жеріне алып келген мейірімді азаматты балтакөлдік ағайындар құшақ жая қарсы алып, зор қошемет-құрмет көрсетті. Балтакөл ауыл округінде жалпы саны 4150-ге жуық халық мекендейді, бүгінгі күннің өзінде дәрігерлер 500-ге жуық ауыл тұрғынын қарап, медициналық көмек көрсеткен.

Айта кетерлігі, аталған медицина қызметкерлері Балтакөл ауылындағы ауылдық ауруханада 9-11 қыркүйек аралығында тегін көмек көрсетті. Білікті дәрігерлерден бөлек әлемдік аренада еліміздің даңқын аспандатып, көкке көтеріп жүрген дарабоз даңқты балуан Нұрсәт Темірханұлы шалғайда жатқан ауыл балаларына шеберлік сағатын өткізіп, спортсүйер қауымның әртүрлі сауалдарына тұщымды жауап беріп, мазмұнды кездесудің әрін аша түсті.

Түркістан облысы негізінен ауыл шаруашылығы салалары үшін қолайлы аймақ саналады. Бүгінде Балтакөл ауылында мыңдаған егістік жерлер игеріліп, жергілікті жұртшылық қауын, жүгері, жоңышқа секілді дақылдар өсірумен айналысып келеді. Бұл шарада ауыл тұрғындары тағы бір қайырымды істің куәсі болды. Шараға арнайы шақыртылған Шымкент қаласындағы ауыл шаруашылығы өнімдеріне арналған тыңайтқыш заттар өндіретін «ЮГ-АКТИВ БИО» ЖШС-нің мамандары ауыл шаруаларына кеңестерін беріп, Балтабай Тасболатұлының демеушілігімен 552 литр тыңайтқыш тегін үлестірілді.

Жиында «Алтын домбыра» иегері атанған айтыстың ақтаңгері Бекарыс Шойбековтің арнау жырымен әрленіп, әсем әндермен өрнектелген әсерлі кеште дінтанушы ғалым Досай Кенжетайұлы сөз алып, қоғамдағы дін тақырыбында тереңінен ой қозғады. Ал Отырар ауданы әкімінің құттықтау хатын аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов арнайы тапсырып, туған жеріне перзенттік ыстық ықылас–пейілімен әрдайым жанашырлық қамқорлығын нақты істері арқылы көрсетіп келе жатқан жомарт жүректі абзал жан Балтабай Асановқа отырарлық ағайындардың атынан шынайы алғысын айтып, еңбегіне толағай табыстар тіледі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.