Түркістан облысы: Отырар ауданында ағымдағы жылы жалпы ауыл шаруашылығы өнімі көлемінің жоспары 44,9 миллиард теңге мөлшерінде бекітілді

Бұл жөнінде Отырар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Батырбек Сыздық айтты.

Батырбек Асқарбекұлымен тілдесудің сәті түскен соң, әуелі Отырар ауданында атқарылып жатқан көктемгі дала жұмыстары туралы сұрадық.

«Әдетте ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қарай мүмкіндіктеріміз бен әлеуетімізді саралай отырып әр жылға меже белгілейміз ғой, сол сияқты 2024 жылы жалпы ауыл шаруашылығы өнімі көлемінің жоспарын 44,9 миллиард теңге деп бекітіп отырмыз, — деген бөлім басшысы тындырымды тірліктеріне кеңірек тоқталды. — Әзірге қаңтар-ақпан айының қорытындысына сәйкес, жоспар 2,7 миллиард теңгеге немесе 6,0 пайызға орындалып отыр. Сонымен қатар ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестицияның жоспары 8,4 миллиард теңге және тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына тартылған инвестицияның жоспары 449,0 миллион теңге болып бекітіліп отыр».

Осы орайда атап өтер маңызды мәселе, Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешенінде отандық нарықты жергілікті өнімдермен толықтыру мақсатында ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары қолға алынды. Өңір басшысы Дархан Сатыбалдының осы бағыттағы жұмыстарды күшейту жөніндегі тапсырмасы аясында жаңа жобалар зерделеніп, жүзеге асуда. 2024 — 2026 жылдары жалпы құны 507,3 миллиард теңгені құрайтын 105 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жаңадан 8300 жұмыс орны құрылады. Оның ішінде 2024 жылы жалпы құны 114,2 миллиард теңгені құрайтын 45 жобаны жүзеге асыру көзделген.

Биылғы I тоқсанда Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешенінің негізгі капиталына 11 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,4 есе, тамақ өнеркәсібіне 2,7 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,8 есе артты. Құны 3,8 миллиард теңгені құрайтын 6 жоба жүзеге асырылды.

Атап айтсақ, Қазығұрт ауданында «Қарқын-2030» ЖШС-нің «25 000 басқа арналған мал сою бекеті» (1100,0 миллион теңге), Сайрам ауданында «YUG-GROUP-INVEST» ЖШС-нің «Қуаттылығы жылыны 9600 тонна сүт өңдеу кәсіпорнын салу (150 миллион теңге), Сауран ауданында «Балмұздақ» ЖШС-нің «Балмұздақ, какао, шоколад, кондитерлік өнімдер, тамақ өнімдері, жартылай фабрикат өнімдерін сақтауға арналған қойма» (2 300,0 миллион теңге) жобалары іске қосылды. Сонымен бірге Кентау қаласында «Абдашим» ШҚ-ның «1 га жылыжай кешенін салу» (80,0 миллион теңге), Сарыағаш ауданында «ADIA» ЖШС-нің «2,5 га жылыжай кешенін салу» (600,0 миллион теңге) және Шардара ауданында «VITA» ЖШС-нің «Қуаттылығы жылына 130 тонна балық өндіру» (1 500,0 миллион теңге) жобалары да іске қосылып, жұмыс орындары ашылды.

«Осы аталған көрсеткіштерді орындау мақсатында ағымдағы жылға 33 470 гектар егіс алқабына егіс егу жоспарланды, — деп ойын жалғады Отырар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы. — Бүгінгі таңда егілетін егіс алқабына жыртылуға тиісті жер көлемі 26 606 гектар болса, оның 26 606 гектар яғни 100,0 пайызы орындалып, сор шаюға берілген 1300 гектар жер толығымен 100 пайызға суғарылған. Дақыл түрлері бойынша 24 736 гектар (74%) жерге егіс егілген. Оның ішінде атын атап айтар болсақ:

  • Күздік бидай: 500 гектар – Егілгені: 100 пайыз.
  • Дәндік жүгері: 10 600 гектар – Егілгені: 6263 гектар немесе 59,1 пайыз.
  • Күнбағыс: 310 гектар – Егілгені: 209 гектар немесе 67,0 пайыз.
  • Мал азықтық: 12 273 гектар – Егілгені: 100 пайыз.
  • Картоп: 500 гектар – Егілгені: 415 гектар немесе 83,0 пайыз.
  • Көкөніс: 1474,5 гектар – Егілгені: 971 гектар немесе 65,9 пайыз.
  • Бақша: 7 042 гектар – Егілгені: 3972 гектар немесе 56,4 пайыз.

Ағымдағы жылдың көктемгі дала жұмыстарына аудан көлеміндегі 930 дана ауыл шаруашылығы техникасы мен тракторларының 898 данасы (96,6 %) қатысып жатыр».

Орайы келген атап өтер жайт, биыл Түркістан облысында 873 мың гектар жердің егістік алқабы игеріледі. Оның ішінде 497 мың гектар жерге — жаздық дақылдар, 202 мың гектарға — күздік егіс, 175 мың гектарға жоңышқа егілді. Бүгінгі күнге жоспарланған көктемгі дала жұмыстары 85%-ға аяқталды. Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды егіс науқанының барысы туралы осылай деп баяндады.

Өңір басшысы агроөнеркәсіп кешенінде сұраныстың артуына байланысты егіс құрылымын қалыптастыруда рентабельділігі жоғары дақылдарға басымдылық берілгенін мәлімдеді. Атап айтқанда, масақты дақылдар — 8 мың гектарға (281 мың гектар) малазықтық дақылдар 6 мың гектарға (230 мың гектар) көкөніс, картоп, бақша дақылдары 3 мың гектарға (129 мың гектар) артығымен егіледі. Ал, мақта дақылы — 11 мың гектарға (100 мың гектар), майлы дақылдар 6 мың гектарға (77 мың гектар) қысқарады. Сондай-ақ ерте пісетін әлеуметтік маңызы бар дақылдардың егіс көлемі 2 мың гектарға ұлғайтылып, 22 мың гектарға орналастырылды. Атап айтқанда, қырыққабат — 400 гектарға (8 мың гектар), пияз — 100 гектарға (2 мың гектар), сәбіз — 700 гектарға (2 мың гектар), картоп 1 мың гектарға (10 мың гектар) артығымен егілді.

Облыста егістікті әртараптандыруда өнімділікті жаңа технологиялар есебінен ұлғайтуға басымдық берілуде. Осы мақсатта биыл тәжірибе негізінде жаңа әдіспен мақта дақылы 3000 гектардан астам аймаққа егілді. Бұл технологияның тиімділігі – суды, энергияны, еңбек ресурстарын және минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, кемінде гектарынан 60 центнерден өнім алуға мүмкіндік береді. Бұл облыстың орташа көрсеткішінен 2,5 есеге жоғары.

Көктемгі дала жұмыстарына қолданыстағы 22 мың бірлік техника қызмет атқаруда. Ауыл шаруашылығы құрылымдарында 12 мың трактор, 1 мың дән сепкіш, 554 соқа, 1 мың қопсытқыш құралдары бар. 2024 жылы 668 техника сатып алынып, жыл қорытындысына сәйкес ауыл шаруашылығы техникаларының паркі 6 пайызға жаңарады. Үкіметтің қолдауымен көктемгі дала жұмыстарына 38 мың 800 тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінді.

Бүгінгі күнге бөлінген 12,8 мың тонна дизель отыны сатып алынып, тауар өндірушілерге босатылып жатыр. Тауар өндірушілер жаздық дақылдардың тұқымымен толық қамтамасыз етілген.

Мақта сапасын арттыру мақсатында Өзбекстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісіліп, жоғарғы репродукциялы 1 мың 900 тонна мақта шиті импортталып, тауар өндірушілерге босатылуда. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін минералдық тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мақсатында «ҚазАзот» АҚ-на аванстық төлем жүйесі арқылы 35 мың тонна аммиак селитрасына алдын ала 60 пайыз субсидиясы (3 миллиард теңге) қаржыландырылды.

Сонымен қатар «ҚазФосфат» АҚ-на аванстық төлем жүйесі арқылы 6 мың тонна фосфор тыңайтқыштарының 60 пайыз субсидиясы (720 миллион теңге) мамыр айында төленеді. Бүгінгі күнге тауар өндірушілерге 48 мың тонна минералды тыңайтқыштар жеткізіліп, 3,2 миллиард теңгеге субсидия төленді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің жол картасына сәйкес, 2024 жылы 154 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жұмыстары толық орындалады.

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге Аграрлық несие корпорациясы арқылы 11,7 миллиард теңге қаржы бөлініп, 1 862 жоба қаржыландырылды. Бұдан бөлек, Аграрлық несие корпорация арқылы қосымша 27 миллиард теңгеге егіс және жиын терім жұмыстарын қаржыландыру жоспарланды.

Түркістан облысында 22 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланған. Бүгінгі күнге су үнемдеу технологиялары 11 мың гектарға жүргізілуде. Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын шығаратын жергілікті кәсіпорындар ашу жұмыстары белсенді атқарылуда. Атап айтқанда, «жылына 1000 дана жаңбырлатып суғару машиналарын шығару» жобасы іске асырылып, зауыт іске қосылды. Сондай-ақ мамыр айында тамшылатып суғару жүйесін шығаратын 2 кәсіпорын іске қосылады.

ОТЫРАР АУДАНЫНА 4 МЫҢ ТОННА МИНЕРАЛДЫ ТЫҢАЙТҚЫШ АЛУ ЖОСПАРЛАНҒАН

Осы ретте Батырбек Сыздықтан отырарлық шаруалардың тыңайтқышпен қамтылу деңгейі хақында айтуын өтіндік.

«Ағымдағы жылы Отырар ауданына 4 мың тонна минералды тыңайтқыш алу жоспарланған. Бүгінгі таңда жеке кәсіпкер А.Мырзатаевқа аудан шарулары 2,7 мың тонна тыңайтқышқа тапсырыс берді. Аммиак селитрасының бағасы тоннасына 140 мың теңгеден түсіп отыр (қабы — 7 мың теңге). Ағымдағы жылы мемлекет тарапынан берілетін субсидия туралы толығырақ айтар болсақ: 

Аммиак селитрасы – 65 000 теңге/тоннаны;

Аммофос — 86 500 теңге/тоннаны;

Карбамид — 89 286 теңге/тоннаны;

Аммоний сульфаты — 55 000 теңге/тонна құрап отыр» — дейді Отырар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.

Субсидия демекші, Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің субсидиялар саланың ірі ойыншыларының табыс көзіне айналмай, ауыл тұрғындарының мүмкіндіктерін кеңейтуі тиіс деген принципке сүйеніп отырғаны қуантады.

Бүгін Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, сондай-ақ Түркістан, Ақмола және Қостанай облыстарының әкімдері егіс науқанының барысы туралы баяндаған болатын.

2024 жылдың болжамды егіс алаңы 23,8 миллион гектарды құрайды. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, бидайдың егістік алаңдары биыл қысқарады, алайда майлы дақылдар алаңын 373 мың гектарға және азықтық дақылдарды 66 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда. Бүгінгі таңда Қазақстанның кейбір өңірлерінде егіс жұмыстары жүргізіліп жатыр, 1,5 миллион гектар жерге егілді. Ал жаппай егіс науқаны осы жылдың мамыр айының екінші онкүндігінде басталады.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров әкімдіктердің деректері бойынша бүгінгі күні қажетті 2,4 миллион тонна тұқымның 99%-ы бар екенін баяндады. Қалған көлем Азық-түлік корпорациясының резерві есебінен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар бүгінгі таңда шаруаларға барлығы 453 мың тонна тыңайтқыш тиеп-жөнелтілді.

Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, биылға арналған жоспар 1,5 миллион тонна минералды тыңайтқышты құрайды, оның ішінде 900 мың тоннасы отандық зауыттардың өніміне тиесілі. Бұл бағыттағы жұмыс тек Қызылорда облысында ғана толық аяқталды. Қалған әкімдіктерге жұмысты жеделдету қажет.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша, егіс науқанын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарында 150 мың трактор, шамамен 5 мың жоғары өнімді егіс кешені, 76 мың сепкіш, 219 мың топырақ өңдеу құралы бар. Бүгінгі таңда өңірлердің ақпараты бойынша техниканың дайындығы шамамен 98%-ды құрайды, жаппай егіс жұмыстарының басталуына қарай аталған техника 100% дайын болуы керек.

Егістіктерді химиялық өңдеу үшін мемлекет пестицидтердің құнын 50% мөлшерінде субсидиялау түрінде қолдау көрсетеді. Бұл қолайлы фитосанитариялық жағдайды сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар 2023 жылы шегірткелердің таралу аумағының үлкен болуына байланысты, биыл 2,5 миллион гектар алаңда химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Аталған жұмыстарды жүргізу үшін барлық қажетті ресурстар бар.

2024 жылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге жеңілдікті дизель отынының көлемі шаруалардың «Gosagro.kz» ақпараттық жүйесі арқылы берген электрондық өтінімдері негізінде дайындалды. Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша фермерлерге биыл жеңілдетілген дизель отынының көлемі қосымша 36 мың тоннаға – 376 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Оның құны литріне 250 теңге деңгейінде сақталады, бұл нарықтық бағадан литріне 45 теңгеге немесе 15% арзан. Облыстарды тиеп-жөнелту бойынша МӨЗ-ге бекіту кестесі бекітілді, бүгінде 52% жөнелтілді.

Энергетика министрлігінің деректері бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің атына жөнелту басым негізде жүзеге асырылады және тұрақты бақылауда болады.

Көктемгі егіс жұмыстарын қамтамасыз ету үшін Үкімет 140 миллиард теңге бөлді. Форвардтық сатып алу бағдарламасына 40 миллиард теңге көзделген. Осыған байланысты Үкімет басшысы Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, егіс науқанын дер кезінде сапалы жүргізу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерін (АШТӨ) тиімді субсидиялауға ерекше назар аудару тапсырылды.

«Субсидияларды бөлу бойынша барлық құқықтар әкімдіктерге берілгендіктен, Сізге, Айдарбек Сейпілұлы, әкімдермен бірлесіп, шаруаларға тиесілі субсидияларды әділетті және тиімді бөлу мәселесін қатаң бақылауға алу қажет. Қаржы осы саладағы ірі ойыншылардың табыс көзіне емес, ауыл тұрғындарының мүмкіндіктерін кеңейтіп, шығарылатын өнім көлемін арттыруға ықпал етуі тиіс», — деді Олжас Бектенов.

Облыстардың әкімдіктеріне шағын және орта деңгейдегі қожалықтарға назар аударып, шаруалардың барынша ауқымды бөлігін қамту тапсырылды.

Премьер-Министр ауа райының ұзақ мерзімді болжамын ескере отырып, егіс жұмыстарын дұрыс жоспарлауға назар аударды.

Республиканың оңтүстік өңірлерін, оның ішінде ұзақ мерзімді перспективада суармалы сумен тұрақты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар Үкіметтің ерекше бақылауында тұр.

«Оңтүстік үшін сумен қамтамасыз ету мәселесі маңызды. Жамбыл облысында былтырғыдай жағдай қайталанбауы тиіс. Су ресурстары және ирригация министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, еліміздің оңтүстік өңірлерінде, оның ішінде ұзақ мерзімді перспективада суармалы сумен тұрақты қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды тапсырамын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Отандық зауыттарда тыңайтқыштардың жетіспеуі себебінен ауыл шаруашылығы өндірушілерінен келіп түскен шағымдар аясында Үкімет басшысы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сұранысқа ие тыңайтқыштар өндірісінің көлемін ұлғайту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Әкімдіктер тыңайтқыштар мен жеңілдікті дизель отынын жөнелтуді жеделдетуі қажет.

Фитосанитариялық жағдай бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, шегірткелердің таралу орындарын анықтауға қосымша ресурстарды жұмылдыру және өңдеу жұмыстарын бақылауға алу тапсырылды. Республикалық бюджеттен үйірлі шегіртке зиянкестерімен күресуге биыл 8,1 миллиард теңге бөлінді.

«Шегірткенің табиғи түрде ең көп таралуы биыл, 2024 жылға келіп тұр. Бұл мәселеге қатаң жауапкершілікпен қарау керек. Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, зиянкестердің таралу орындарын анықтауға қосымша ресурс жұмылдыруды және өңдеу жұмыстарын бақылауға алуды тапсырамын», — деді Бектенов Үкімет отырысында.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, былтыр маусымда шегірткелердің таралу аумағының үлкен болуына байланысты осы жылы 2,5 миллион гектар алаңда химиялық өңдеу жүргізу жоспарланып отыр.

«Ең көбі Ақтөбе облысында — 784 мың гектар, Қостанай облысында — 775 мың гектар және Түркістан  облысында — 272 мың гектар алаңда таралады деп күтілуде. Өңдеу жүргізу үшін барлық қажетті ресурс бар», — деді ол.

Пестицидтер қоры дер кезінде сатып алынды. Өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті техникалар жеткілікті.

«Сонымен қатар, шекара маңындағы аумақтардағы шегірткелер бойынша жағдай үнемі қадағаланып отырады. Былтырғы жағдайды болдырмау мақсатында әкімдіктер шегірткелерге қарсы күрес мәселелеріне өте мұқият және жауапкершілікпен қарауы керек», — деп атап өтті Сапаров.

«Фитосанитариялық жағдайға ерекше назар аударған жөн. Шегірткенің табиғи түрде ең көп таралуы 2024 жылға келіп тұр. Бұл мәселеге қатаң жауапкершілікпен қарау керек. Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, зиянкестердің таралу орындарын анықтауға қосымша ресурстарды жұмылдыруды және өңдеу жұмыстарын бақылауға алуды тапсырамын. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу бойынша барлық мәселелер жедел шешімін тауып, тұрақты бақылауда болуы тиіс», — деп отыр Олжас Бектенов.

Атап өту керек, Қазақстанда шегіртке жәндіктерінің 270-тен астам түрі мекендейді, олардың 10-15 түрі дәнді, көкөніс дақылдарының, жайылымдар мен шабындықтардың қауіпті зиянкестері болып табылады. Шегірткелердің ең қауіпті және зиянды түрлері — азиялық, мароккалық және итальяндық прус. Үйірлі шегірткелер кулигаларға (дернәсілдер шоғыры) және отарға (ересектер шоғыры) топтасуға және шоғырланып өмір сүруге тұрақты бейімділікке ие. Кулигалар мен отарлар айтарлықтай қашықтыққа көші-қон жасайды. Үйірлі шегірткелер жергілікті халықтың азық-түлік қауіпсіздігі мен тіршілігін қамтамасыз ету үшін ауыр зиян келтіруі және қауіп төндіруі мүмкін. Шегірткеге қарсы өңдеудің қиындығы — олардың өршуін болжау қиын. Кейінгі үш-төрт жылдың ішінде аудан көлемінде зиянкестер арасында ұялы шегірткелердің, Соның ішінде аса қауіпті деп танылған шегіріткелер Итальяндық прус және де Азиялық деп аталатын екі түрі біздің аудан көлемінде 2000 жылдан бастап бой көрсетіп келеді. Шегіріткелер жылына бір ұрпақ береді. Ол жыл сайын күзде жұмырткасын жерге салып, өз ұрпағын артына молынан қалдыратын зиянкес. Қыстың аязы, күздің қара суығы, жаздың аптап ыстығымен, көктемнің ылғалды ызғарына төтеп беретін шегірітке жұмыртқалары келер жылы күн қыза қайта дернәсілдері шыға бастайды. Оның өсуі бес сатыдан тұрады. Сондықтанда оны жұмыртқа салу мерзімінен жеткізбей 2-3 сатыда химиялық жолмен шара қолдану керек. Бұл үшін газогенератормен, ұшақпен, дельтапланмен жұмыс атқару тиімді болады. Аса қауіпті ұялы шегірткемен күрес шараларының ең бастысы, оның личинкалары бар жерін анықтап, тұқымын жоюдың шараларын жедел жүргізу қажет.

Шегірткемен күресу кезінде дернәсілдер негізгі нысан болып табылады және оларға қарсы өңдеу көктемде жүзеге асырылады. Өңдеу сонымен қатар жұмыртқа капсулаларына (ерте көктем) немесе имагоға (кеш көктем мен жаз) бағытталуы мүмкін. Кейде механикалық және агротехникалық шаралар қолданылады. Химиялық заттармен бүрку (Инсектицидтер) шегірткелермен күресудің негізгі әдісі болып табылады. Ол негізінен жердегі және авиациялық әдіспен жүзеге асырылады. Шегірткелерге қарсы әртүрлі өңдеу әдістері қолданылады: толық-зиянкестермен қоныстанған барлық аумақ өңделеді; тосқауылдар — шегірткелердің қозғалыс бағыты бойынша белгілі бір жолақтар өңделеді, тосқауыл аралық кеңістікті өңдеусіз қалдырады; жергілікті — тек дернәсілдердің шоғырлану ошақтары (кулигалар) өңделеді; Шеткі — ауыл шаруашылығы дақылдарының егістіктерінің айналасында орындалады.  

Биыл мемлекет қарауындағы жерлерде үйірлі шегіріткелер бой көтереді деп алдын ала болжам бар. Сондықтан да осы шегірткелермен күресте тек арнаулы мамандар ғана емес,тұтас ауданның әр азаматы ат салысса, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл болады» дегіміз келеді. Ауыл әкімдері, жем-шөп дайындайтын пішеншілер мен малшылар үйірлі шегіртке білінген сәтте дереу тиісті орындарға хабарласса, ұтпасақ ұтылмаймыз. Үйірлі шегірткелерге химиялық өңдеу жұмыстары басталмас бұрын ауыл тұрғындарына ескерту мақсатында, әр ауылдың әкімшілігіне өз округтерінің аумағында жүргізілген жұмыстардың көлемі мен қай елді мекенде, қай бағытта химиялық өңдеу жүргізілетіндігі  жөнінде хабарламалар жолданады. Өйткені ескертетін жағдай зиянкестерге қарсы химиялық жұмыстар жүргізген алқапқа 40-45 күнге дейін мал жаюға тыйым салынады. Малдардың жайылатын өрісін сол кездерде өзгерту керек.

Үйірлі шегірткелерге химиялық жұмыстар таңертеңгілік және кешкі уакытта жасалады.

Таралуы: Бұл зиянкестер Қазақстанда жусанды-дәнді алаңдарды, көбіне Қазақстанның далалық және шөлейт аймақтарының құм-далалы өңірлеріне кең таралған, бірақ солтүстік және Батыс Қазақстанда ең көп шоғырланған. Қазақстанның дала және шөлді аймақтарының дәнді-жусанды, жиі құмды дала учаскелерін мекендейді. Бұл әртүрлі мекендеу орындарына оңай бейімделе алатын өте экологиялық пластикалық түр.

Сыртқы құрылысы: Артқы қанат үстінен біраз қысқарақ,алыстырмалы түрде жіңішкелеу. Қоңыр-қызыл қоңыр, сұрғылт қоңыр қоңырқай, аздап ашық және ақшыл түстілер мен көп ұшырасады. Артқы сирақтары  қызыл немеме  қызғылт қоңыр кейде ақшыл түске айналады.

Күбіршектері: негізі екі бөліктен тұрады: көбіктен және жұмыртқа капсуласынан. Олар жирен түсті буалдыр бекітуші көбікпен толтырылған.

Таңдаулы жем өсімдіктері — негізінен шөп болып табылады, дегенмен іс жүзінде барлық дақылдар; соның ішінде жоңышқа, мақта, күнбағысты, көкөніс пен дәнді дақылдарды өсіп-өну кезінде зақымдалуы мүмкін. Алғашқы дернәсілдері сәуірдің аяғынан маусымның ортасына дейін болады. дернәсілдердің дамуы 40-55 күнге созылады және бес жас кезеңнен өтеді. Ересек жәндіктер әдетте шілде айының басынан бастап болады. Шілдеден тамызға-қыркүйекке дейін дейін ұрықтанады. Аналықтары жусанды даланың құрғақ топырақтарында, сондай-ақ борпылдақ, құрғақ топырақтарда бір-төрт жұмыртқа капсуласын (ең көбі 120 қыстайтын жұмыртқа) салады. Ересектері жаздың соңында өледі.

Үйірлі шегірткелер — Азиялық шегіртке

Таралуы: Бұл зиянкестердің Қазақстанда қаркынды көбейетін мекенжайлары Алматы облысында — Балқаш, Алакөл көлдері мен Іле өзенінің жағалуларындағы қамыс қопалары, Атырау облысында Каспийдің аралдары мен жағалауы, Жамбыл облысында Шу, Талас өзендерің жағалулары мен Мойынқұм өңipi, Батыс Казакстанда Қамыс-Самар көлдерi жүйесінің Балықты қызылсу жиналатын аймақтары, Қызылорда облысында Телікөл, Қараөзен алабы, Қостанай облысының Жангелдин, Наурызым аудандары аймақтарындағы өзен, көл жағалауларындағы ылғалды жерлерге жұмыртқа салады. Көктемде одан шала түрленіп дамитын қанатсыз, дене мөлшері кіші дернәсілдер тобы шығады. Ауыл шаруашылығы дақылдарының әр алуан түрлеріне және шабындық пен жайылымдағы астық тұқымдасты өсімдіктерге зиян келтіреді. Қоректенетін негізгі өсімдігі – қопа қамыс. Олар  4-5 рет түлеген соң ересек шегірткеге (имагоға) айналады. Азиялық шегірткелер жолындағы жасыл өсімдіктерді тып-типыл етіп жайпап, бір жерден екінші жерге ауысып отырады. Топ құрамындағы әрбір шегіртке өз дене салмағынан 10 есе артық қоректі пайдаланады. Азия шегірткесінің ұшатын тобы «ұшпашегірткелер» деп аталады. Шегірткелердің бұл тобы да өте қауіпті. Азия ұшпа шегірткесінің көптеп көбею жағдайы әрбір 7-10 жылда байқалып тұрады.

Сыртқы құрылысы: Ересектері (имаголары) — ірі бунақденелі. Маңдайы тік. Жоғары жақтары көкшіл. Алдыңғы арқасында Х-тәріздес таңбасы бар. Үстіңгі қанаттары ұзын, көптеген қоңыр дақты, жылтыр. Артқы қанаттары мөлдір, тек түп бөлімі ғана сарғыш жасыл реңді болып келеді. Артқы бөксесінің ішкі жағының түп бөлімі көкшіл-қара түсті. Артқы сирағы сарғыш немесе қызыл түсті. Кеудесінің астыңғы жағын қысқа және қалың түк басқан.

Күбіршектері: ұзындығы 58-75 мм, пішіні аздап доғаша иілген цилиндр тәрізді. Күбішіктің төменгі бөлігінде жұмыртқалар жатады. Олар төрт-бес қатарға орналасқан, саны 55-115 дейін жетеді. Күбішіктің жоғарғы бөлімі мөлдір көбікті қоңыр немесе қызғылттау затпен толтырылған. 

Сала мамандары үйірлі шегірткелерді осылайша сипаттап отыр.

Жалпы, Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды сәуір айының аяғында штаб мүшелерімен бірге Арыс қаласына барып, аса қауіпті үйірлі шегірткенің марокколық түрімен күрес жұмыстарының барысымен танысқан болатын. Өңделген аумақтарды аралап, мамандармен биологиялық тиімділікті бақылаған әкім жауапты мердігерлер мен ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің және Түркістан облыстық аумақтық инспекциясының басшысылығымен кездесті.

Облыс әкімі бірер күн бұрын басталған химиялық өңдеу жұмыстары бойынша жауаптылардың жұмысын сынға алды. Қазіргі ахуалға алаңдаған аймақ басшысы жауаптыларға қосымша талап қойды. Оларға жауапкершілігін арттыруды ескертті.

Пестицидтерді сатып алу және оларды сақтау, тасымалдау және қолдану қызметтері сынды үйірлі шегірткелерден қорғау іс-шараларын ұйымдастыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Еліміз бойынша шегірткемен күрес жұмыстарына ҚР ауыл шаруашылығы министргі Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті жауапты.

Облыс әкімі болжамшылардың мәліметімен өткен жылмен салыстырғанда биылғы таралу аймағының бірнеше есе ұлғайып, 270 мың гектардан асқанын айтты. Тиісінше, шығын да өскен. Аймақ басшысы келер жылы оның көлемін 3 есе азайту бойынша жұмыс жүргізу керектігін ескертті.

Өңірде қолайлы фитосанитариялық ахуалды қамтамасыз ету мақсатында, химиялық өңдеу жұмыстарын 25 күнде аяқтау жоспарланған. Облыс әкімі бұл жұмыстарды ширатып, 10 күнде аяқтауды міндеттеді.

– Барлық жауапкершілік — сіздерде. Сондықтан химикат та, техника да жеткілікті болу керек. Жұмыс — толық өздеріңіздің қолдарыңызда. Ал, жауап беретін — біз. Сондықтан проблемаларды ортаға салып, оларды шұғыл шешу керек. Күн ысып кетті, сондықтан әрі кетсе 10 күнде жұмыстарды толық бітірген жөн. Жауапкершілік жүгі ауыр болғандықтан, ешқандай олқылыққа жол жоқ. Қосымша техника тарту жұмысын күшейтіңіздер. Ең тиімді саналатын әуемен залалсыздандыруды аумағын арттыру керек. Қаражат бөлінген. Жұмысты ширату туралы нақты ұсыныстар әзірлеп, оны жүзеге асыруға кіріскен жөн. Міндеттеме алған жауапты мекеме зиянкестерді жойып үлгермей қалса, шаруалар шығынын мойындарыңызға аласыздар. Болжам жасаушылардың берген мәліметі нақты болмай шықса, олардың да жауапкершілігін қарау керек. Жер сипап қалмау үшін егістік алқаптарды зиянкестерден уақытында қорғау қажет. Қапы қалсақ, диқандар төгілген тері ақталмай, шығынға батуы мүмкін, – деген Дархан Сатыбалды жауапты басшыларға тапсырмалар берді.

«РФДжБӘО» РММ Түркістан облыстық филиалына белгіленген аумақтарда анықтау-зерттеу жұмыстарын уақтылы жүргізіп, күнделікті экономикалық зиянды шегінен асқан аумақтардың зерттеу актілерін ұсыну міндеті жүктелді. Химиялық өңдеу жүргізуге жауапты мердігер компанияларға өңдеу жұмыстарына қосымша техникалар мен ұшақтар тарту және бұдан әрі «Тиаметрин» препаратын қолдану, оның бір реттік шашу нормасын барынша ұлғайту жөнінде тапсырма берілді.

Түркістан облысы марокко шегірткесі көп таралған өңір болып табылады. Атап айтқанда, негізгі ошақтары Арыс, Сарыағаш, Келес аудандары болып табылса, соңғы жылдары Бәйдібек, Ордабасы, Қазығұрт, Төлеби, Сауран, Шардара және Отырар аудандарында да кездесуде. Күрес жұмыстары жер үсті желдеткіш бүріккіш техникаларымен, әуемен, аспалы бүрікішпен және ұшқышсыз ұшу аппаратымен өңделеді.

Фитосанитариялық шаралардың жүргізілуіне облыстық аумақтық инспекция тарапынан 20-дан астам жұмыс тобы, 40 инспектор, өзге облыстардан, болжам орталығынан 100-ге жуық маман және аудан, қала әкімдіктерінен қосымша 245 анықтаушы қатысуда.

Химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге мердігер компаниялар болып, жер үсті бүріккіш техникалармен «SATTI TULIK» және «Защита Растений-К» ЖШС-тері, ал әуе ұшақтарымен өңдеуге «Авиакомпания Дельта-ЮГ» ЖШС-і анықталды.

Аса қауіпті марокко шегірткесіне қарсы күрес жұмыстары ауа райы ерекшеліктеріне қарай аудандарда жаппай сәуір айының 16-ы күнінен басталды. Бүгінгі күнге облыс бойынша 15 мың гектар марокко шегірткесінің ошақтары химиялық жолмен өңделіп отыр.

Химиялық өңдеуге имидаклоприд, лямбда-циголотрин тобындағы «Пиларкинг в.к.», «Тиаметрин с.к.» және «Карат супер к.э.» препараттары қолданылуда. Мамандардың айтуынша, оның малға, шөпке зияны жоқ.

Түркістан облысы аумағында қолайлы фитосанитариялық ахуалды қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылдың қаңтарында облыс әкімінің өкімімен «Аса қауіпті зиянды организмдермен күресу үшін ұйымдастыру және үйлестіру»жұмыстарын жүргізетін штаб құрылып, құрамына облыс әкімінің орынбасары, жауапты сала басшылары мен аудан, қала әкімдері енгізілген.

Сонымен, Үкімет отырысының соңында «Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу бойынша барлық мәселелер жедел шешімін тауып, тұрақты бақылауда болуы тиіс. Туындаған мәселелерді Жедел штаб жұмысы аясында шешу қажет», — деп тапсырды Премьер-Министр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin