13 қараша – Халықаралық зағиптар күні. Бүгін дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен бекітілген осынау атаулы күннің аясында Отырар ауданындағы зағип жандарға құрмет көрсетіліп, ақ дастарқан жайылды. Аталған шараға аудан әкімінің орынбасары Ержан Оралбай қатысып, мүмкіндігі шектеулі жандарға сый-сияпат жасады.
Аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде: «Мүмкіндігі шектеулі жандар бізбен бірге бір қоғамда өмір сүруде. Бірақ оларды белсенді ортадан сирек көретініміз рас. Олардың өзгелер секілді өмір сүруі, жұмыс істеуі қаншалықты қиын екені айтпаса да түсінікті. Қазір біздің қоғам өркениетті көзқарасқа бейімделіп келеді. Арамызда мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз болашақ сыйлап, өздеріне жақын тартып, жан-жылуын беруге ниетті жанашыр жандар да аз емес», — дей келе, мүмкіндігі шектеулі болса да, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, еліне, туған жеріне адал қызмет етіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында өзінің сүбелі үлесін қосып ерен ерліктің үлгісін көрсетіп жүрген жандарға ризашылығын айтты.
Шара барысында аудандық «Зағиптар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы П.Ахаев ыстық ықыластары мен шынайы көңілдерін білдіріп, құрмет көрсетіп жатқан аудан әкімдігі мен аудандағы жаны жомарт, жақсылық жасауға құштар ел азаматтарына алғысын жеткізді.
Еске салар жайт, Халықаралық зағиптар күні — 1745 жылдың 13 қарашасы күні Валентин Гаюи дүниеге келгеніне байланысты аталып өтеді. Ол — Францияда Парижде және Петербургте зағиптарға арналған бірнеше мектептің негізін қалаған танымал педагог. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен нақты осы дата Халықаралық зағиптар күнін белгілеуге негіз болды. 18-ші ғасырға дейін әлем зағиптарға арналған мекемелерді білмеді. В.Гаюи алғаш рет өзі ойлап тапқан шрифт бойынша көз жанарынан айырылғандарды оқытудың әдісін ұсынды. 1784 жылы Парижде үкімет пен қайырымдылық қоғамдардың еш қолдауынсыз ол жеке қаражатына өзінің үйінде зағип балаларға арналған әлемдегі алғашқы мектепті ашты. В.Гаюидің тұңғыш оқушысы жетім бала Франсуа де Лезюер болды. Одан кейін мектепке онымен тағдырлас тағы 11 бала қабылданды.
Валентин Гаюи соқыр балаларды оқыту мен тәрбиелеуді ғылыми жолға қойды. Ол бедерлі-ұзындықты «унциал» шрифтін ойлап тапты. Олар қатты қағазға бедерленіп түсірілген, бір пішінді ірі әріптер болды. Шрифт жылжымалы болды және ол балаларға қажетті мәтіндерді жасап шығаруға мүмкіндік берді. Зағиптарға арналған кітапты шығару идеясы сондай-ақ Валентин Гаюиға тиесілі.
1803 жылы В.Гаюи Ресей императоры І Александрдан Санкт-Петербург да зағиптарға арналған оқыту-тәрбиелеу мекемесін ашу ұсынысын алды. 1807 жылы І Александр зағиптарға арналған Санкт-Петербург институтының жарғысын, штаты мен бюджетін бекітті.
Бүгін әлемде көзі көрмейтін шамамен 124 миллион адам бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша, 2020 жылға қарай олардың саны екі есеге артады делінген-тін.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.