Түркістан облысы: Отырар ауданында кәсіпкердің демеушілігімен жаңа ойын алаңы ашылды

ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында аудан әкімінің тұрғындармен кезекті кездесуі бүгін Шәуілдір ауылында жалғасын тапты. Арыс жағалауындағы ашық аспан астында тұрғындармен кездескен аудан әкімі аудан көлемінде атқарылған жұмыстардың барысымен таныстырды.

Бұған дейін Шәуілдір ауыл окургінде өткен кездесулерде 11 мәселе көтеріліп, бүгінгі таңда 5 мәселе шешімін тапса, қалған 6 мәселе бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Ауыл округіндегі ішкі көшелерді жөндеу, ойын алаңшаларын салу, газдандыру жұмыстары, ортақ жайылым қарастыру бойынша жұмыстар атқарылып келеді.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары Қалдыбай Ембергенов, Үсен Ахан, Жалғасбай Көлбай ұсыныс-пікірлерін айтып, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында Шәуілдір мен Көкмардан ауылдарын жалғап тұрған «Селкілдек көпірді» жөндеуден өткізу туралы өтініштерін жеткізді.

Неміс инженері Борис Буштың тікелей бастамасымен салынған аспалы көпір қазіргі уақытта жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етіп тұр. Темір тартпалары созылып, ағаштары тоза бастаған. Аудан басшысы ауыл тұрғындарының ұсынысы негізінде көпірге жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы сала басшаларына тапсырма жүктеді.

Соңғы жылдары Отырар ауданда ойын алаңшаларының қатары көбейді. Бюджет қаражатымен шектеліп қалмай, демеушілерді тарту ісі де жанданып келеді. Кәсібін өрге домалатқан ауыл азаматтарының демеушілігімен Жамбыл мектебінен заманауи ойын алаңы салынып, пайдалануға берілген еді. Игі бастама жалғасын тауып, «Селкілдек көпір» маңында да жергілікті кәсіпкердің мұрындық болуымен ашық спорт алаңы ашылып, ел игілігіне берілді. Мұнда балалардан бөлек ересектердің дене жаттығуларын жасауына жағдай жасалған.

Аудан әкімі Сәкен Асылханұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Жамалханұлы, аудандық мәслихат депутаты Асан Аралбай, Бекзат Аманшаұлы, Ардақ Нәжімеддинұлы, Нұржан Орынбасарұлдары кездесуден соң ашық спорт алаңының ашылу рәсіміне қатысып, алаңшаның ашылуымен ауыл тұрғындарын құттықтап, аудан көлемінде спорт саласындағы жетістіктерді атап өтті. Шарада ауыл тұрғындары салауатты өмір салтын ұстану, бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жұмыстарға оң бағасын беріп, ризашылығын білдірді. Жиын соңында ауыл ақсақалдарының атынан аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Жалғасбай Көлбай жоспарлы жұмыстарға сәттілік тілеп, ақ батасын берді.

Сонымен қатар бүгін аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановтың аудан тұрғындарымен кездесуі Темір ауыл округінде де өтті. Аудан басшысы алдымен Темір ауылындағы инженерлік тұрғын үй алабының құрылыс жұмыстарын көріп, Темір жалпы білім беретін орта мектебіндегі күрес залынының жұмысымен танысты.

Жалпы Темір ауылында биыл үш рет кездесу өтіп, жергілікті тұрғындар тарапынан 5 мәселе көтерілген болатын. Аталған мәселелерді шешу бойынша арнайы іс-шара жоспары жасалып, бүгінде 3 мәселе оң шешімін тапқан. Оның ішінде Темір мектебінің кәріз жүйесі, емдеу мекемелеріне қажетті құрал жабдықтар алу және ауыз су мен газдандыру жұмыстарынна қатысты мәселелер жүйелі түрде шешімін тауып келеді.

Бүгінгі таңда Темір ауылындағы 128 азамат үйіргелік және қосалқы шаруашылық жүргізу мақсатындағы берілетін жерлерді алу үшін өтініш білдіріп, кезекке тұрған. Аталған жер учаскелері кезекте тұрған мұқтаж азаматтарға берілетін болады. Аудан басшысы аралау барысында инженерлік-коммуникациялық желі тартылған тұрғын алабындағы электр энергиясына тәуелділік деңгейіне мән беруді тапсырды.

Мұнан соң аудан әкімі Сәкен Асылханұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Жамалханұлы, аудандық мәслихат депутаты Асан Аралбай, Бекзат Аманшаұлы, Ардақ Нәжімеддинұлы, Нұржан Орынбасарұлдары Темір орта мектебі аумағынан ашылған күрес залында болып, жасөспірімдердің дайындық жұмыстарын тамашалады. Ұзақ жылдардан бері бос тұрған бұрынғы оқу ғимараты депутат Ардақ Әмзенің демеушілігімен жөнделіп, пайдалануға берілген. Күрес залында 40 бала спортпен шұғылдануда. Жеткіншектердің қол жеткізген жетістері де аз емес. Жас спортшылар Нұрасыл Мәдіхан, Әсет Серік, Жанерке Айтбектер облыстық біріншілікте топ жарса, Ернар Әбибулла спорт шеберлігіне үміткер нормативін орындаған. Шара барысында ел азаматтарының атынан жоғары жетістікке жеткен жас спортшыларға сәттілік тілеп, естелік ретінде спорттық киімдерді сыйға тартылды.

Темір ауылындағы кездесу барысында ауыл тұрғындары Бегімше Ибрагимов пен Байырбек Есенбековтер Темір жалпы білім беретін орта мектебін күрделі жөндеуден өткізсе деген өтінішін жеткізді. Аудан әкімі аталған мәселеге байланысты жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, заң аясында тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді. Бұдан өзге де мәселелер бойынша қойылған сұрақтарға тиісті мекеме басшылары тарапынан тұщымды жауаптар берілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin