Түркістан облысы: Отырар ауданында шаруалардың «Алтын күз-2024» мерекесі өтті

Бүгін аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен дала еңбеккерлерінің «Алтын күз-2024» мерекелік шарасы өтті. Шәуілдір ауылындағы орталық алаңда өткен шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы қатысып, аудан шаруаларын мерекемен құттықтады.

Аудан басшысы құттықтау сөзінде ағымдағы жыл ауданның ауыл шаруашылығы саласы үшін жемісті жыл болғандығын, жыл басында 35560 гектар жерге түрен салынып, 9500 гектар алқапқа Отырардың брендіне айналған жүгері дақылдары егілгендігін, жалпы жылдық жоспардан 1560 гектар артығымен орындалғандығын атап өтті. Сонымен қатар, фермерлік шаруашылықтардағы қойдың аналық басын сатып алу, мүйізді ірі қара басын импорттау, мүйізді ірі қара, жылқы, қой-ешкі, түйе сынды мал басын ұлғайту ісі де жоғары дәрежеде жүргізілді.

Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, жылыжай салу, қарқынды бау шаруашылығын дамыту, бір алқаптан 2-өнім алу жобасын іске асыру, тамшылатып суғару технологиясын енгізу жұмыстары жоспарлы іске асып келеді.

Мерекелік шарада ауданның ауыл шаруашылығы саласын жоғары жетістіктерге қол жеткізуіне өзіндік үлесін қосқан озат еңбеккерлерге Алғыс хаттар мен сый-сияпаттар табысталды.

«Алтын күз-2024» мерекесі аясында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі де жоғары деңгейде өтті. Аталған жәрмеңкеге ауыл округтерінен ауыл шаруашылығы өнімдері әкелініп, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер нарықтағы бағадан 15-20 пайызға арзан бағада ұсынылды.

Шара соңы мәдениет саласы қызметкерлерінің концерттік бағдарламасымен жалғасын тауып, мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin