Түркістан облысы: Отырар ауданының мектеп оқушылары мен мұғалімдері «Парктер шеруі – 2024» экологиялық акциясына қатысты

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Отырар ауданының Көксарай елді мекенінде «Парктер шеруі – 2024» экологиялық акциясының ашылу салтанаты өтті. Оған мектеп оқушылары мен мұғалімдер қатысып, мектеп аумағына 40 түп туя ағашы, 15 түп үйеңкі, 15 түп шаған көшеттерін отырғызды.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін акцияны «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырып отыр.

Аталған шара аясында 3 түрлі бастама қолға алынды. Атап айтсақ, «Парктер тынысы» фотокөрмесі, «Сырдың көркі – тораңғы» атты қоқыс тазалау шарасы және «Қазақстан – қызғалдақтар отаны» акциясы.

Бұл бастаманың мақсаты туған жер табиғатына ұқыпты қарауды насихаттау, экологиялық мәдениетті дамыту және құқық бұзушылықтың алдын алу болып табылады.

Шараға Туризм рекреация экоағарту бөлімінің меңгерушісі Айгерім Тажиева, Ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің меңгерушісі Нұрила Төре қатысып, сөз сөйлеп, оқушыларға іс-шараның маңыздылығын атап өтті.

Іс-шара барысында оқушылар тақырыпқа сай 4 командаға бөлініп, бақ сынасты. Сайыс соңында барлық қатысушыларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Еске салайық, Парктер шеруі – халықара­лық деңгейде жыл сайын табиғатты қорғау мақ­са­тында өткізілетін акция. Акцияның шығу тарихы­на тоқталар болсақ, 1840 жылы Дж. Стерлинг Мор­тонның АҚШ-тың Неб­раска штатына келуінен басталады.

Ол жаңа қоныстағы алқапта тұрған жалғыз ағашқа көзі түсіп, әйелі екеуі ағаш отырғызып, көгалдандыру жұмыстарын бастаған болатын. Кейінірек Мортон Небраска штатындағы газеттің редакторына абаттандыру күніне арнап тұрғындардың ағаш көшеттерін отырғызу күнін өткізуді ұсынды. Бұл бастама кеңінен қолдауға ие болды. Ең алғашқы ағаш күнінде штат тұрғындары миллионға жуық ағаш отырғызды.

Мортонның туған күніне орай 1882 жылы 22 сәуір – ағаш отырғызу күні ретінде ресми жарияланды. Ал 1970 жылдан бас­тап Жер күні қоршаған ортаны қорғау және экологиялық білімге арналған мерекеге айналған болатын. Осы аяда «Парктер шеруі» халықаралық мерекесі 1990 жылдан басталды. Оған 141 елден 200 миллион адам қатысты. 90-жылдардың басынан бастап Жер күні – «Парктер шеруі» деген мағына берді. 1995 жылдан бастап оған Ресей қорықтары мен ұлттық парктері қосылды. Ал 1997 жылы парктер шеруі бұрынғы КСРО-ның барлық аумағында – Украина, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Түркі­менстан, Тәжікстан және Өзбек­стандағы 150-ден астам парктерде өткізілетін болды.

Осы акцияны өт­кізуді дәстүрге айналдырған инс­пекторлар резерват аумағындағы жойылу қаупі бар өсімдіктер мен «Қызыл кітапқа» енгізілген жануарлар жөнінде дәрістер өткізеді. Сондай-ақ жұртшылықты өзен-көл арналарын тазартып, тұрғын үйлер мен мемлекеттік мекеме аулаларына ағаштар мен бұталар, басқа да көпжылдық өсімдіктер егіп, көгалдандыру жұмыстарына шақырады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin