Түркістан облысы: Оқушыларға арналған демалыс лагерлері дайындық жұмыстарын бастады

Түркістан облысында балалар мен жасөспірімдердің жаз мезгіліндегі бос уақытын тиімді өткізу мақсатында ұйымдастыру жұмыстары қолға алынған. Биылғы оқу жылында өңірде 20 жазғы сауықтыру лагері мен 8 этно және шатырлы лагерь қызмет көрсетеді деп жоспарланып отыр.

Осыған орай Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Төлеби ауданында орналасқан лагерлерді аралап, дайындық жұмыстарын тексерді. Атап айтсақ, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасына қарасты «Бәйшешек», облыстық білім басқармасына қарасты «Жас туристер станциясының» және «Жаңғақ алқабы» («Ореховая роща»), «Тау гүлі», «Көк төбе» жекеменшік лагерлерінде болды.

– Білім ошақтарында жыл бойы сабақ оқыған балаларымыз жаз айларында лагерьлерге демалуға барып жатады. Олардың бос уақытын тиімді өткізгені біз үшін аса маңызды. Сондықтан біз биыл әрбір балаға 60 мың теңгеден бөліп отырмыз. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу процесі жүріп жатыр. Өткен жылы 30 мың теңге болған. Оның үстіне қала сыртындағы лагерьлерде 60 мыңнан аса, ал мектеп жанындағы лагерьлерде 106 мыңға жуық бала сауықтырылады деп күтіліп отыр. Енді дайындық жұмыстарын күшейту керек. Сегіз ауысым болады деп жоспарлап отырмыз. «Тау гүлі» мен «Жаңғақ алқабы» («Ореховая роща») лагерінде жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Екеуі де ауысымына 250-300 бала қабылдауға әзір. Ал қалғандарыңыз дайындық жұмысын қолға алмағансыздар, – деген облыс әкімінің орынбасары шұғыл түрде жөндеу жұмыстарына кірісуді тапсырды.

Жұмыс сапары Төлеби ауданында құрылысы жүріп жатқан «Жайлы мектепте» жалғасты. Қосағаш елді мекенінде 2023 жылы басталған 300 орындық мектеп биыл жыл соңында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жалпы жер аумағы – 2,5 гектар. Мердігері – «Дос и К» сервис компаниясы. Бейсенбай Дәулетұлы құрылыс сапасын бақылап, жалпы жұмыстармен танысты.

Айта кетейік, өткен жылы 17 жазғы сауықтыру лагері қызмет көрсетті. Оның алтауы — мемлекеттік, 11-і жекеменшік болып табылады. Жоспар бойынша қала сыртындағы лагерьлерде 28 000-нан аса бала, ал мектеп жанындағы лагерьлерде 153 000 бала сауықтырылды. Әлеуметтік жағдайына байланысты бюджет есебінен тегін, ата-аналар есебінен ақылы демалса, 3400-дей бала «Қазақстан халқына» қоры есебінен жіберілген.

Төлеби ауданына сапарынан кейін облыс басшылығы Түркістанда «2024-2026 жылдардағы жазғы демалыс кезінде балаларды сауықтырып, демалысын, бос уақытын ұйымдастыру» тақырыбында семинар өткізді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев төрағалық етіп, жүргізіп отырды.

– Төлеби ауданында орналасқан бірқатар лагерді аралап шықтым. Әлі күнге жартысы дайындық жұмыстарын бастамаған. Ертерек қамдану керек, кеш болмай тұрып, уақыт аз қалды. Қауіпсіздігіне баса мән беріңіздер, себебі кішкентай қателіктер үлкен жағдайларға алып келуі ықтимал. Қанша дегенмен адам өмірі, бала тағдыры бар. Бюрократиялық кедергілер болмауы керек. Биыл әрбір балаға 60 мың теңгеден бөліп отырмыз. Былтырғымен салыстырғанда екі есе көп. Тазалықты да ұмыт қалдырмаңыздар. Санитарлық кемшіліктердің алдын алу керек, тиісінше сол маңда арнайы сенбілік ұйымдастыруды қарастырыңыздар. Білім бөлімінің басшылары лагерь басшыларымен бірге тығыз жұмыс істеңіздер. Аудан, қаладан арнайы комиссия құрылып, баратын балалардың тізімін мұқият қарасын, арнайы санатқа жатпайтын балалар да қосылып кету жағдайлары тіркелген. Бұдан бөлек арнайы жұмысшы топ құруды тапсырамын. Мониторинг жүргізіп, талапқа сәйкес келмеген жауаптыларға шара көріңіздер, – деген облыс әкімінің орынбасары нақты міндеттер жүктеді.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова баяндама жасап, биылғы жазғы демалыс кезінде балалардың сауықтырылуын, демалысын, бос уақытын ұйымдастыру мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, ҚР Оқу ағарту министірлігі тарапынан «Балаларды сауықтыру және олардың шығармашылық, зияткерлік әлеуетін дамытудың 2024-2026 жылдарға арналған Жол картасы» бекітілген. Қазіргі таңда аталған жол картасы мен басқарманың жоспары бойынша жұмыстар қаңтар айынан басталған. Дайындық, ұйымдастыру, іске асыру және қорытынды сынды төрт кезеңнен тұратын жұмыстың алғашқысы іске асырылып жатыр. Сондай-ақ екі есе қаржы бөлініп, жазғы сауықтыруды ұйымдастыруға қатысты 35 мыңнан аса баланы қамтамасыз етуге мемлекеттік сатып алу конкурсы аудандық, қалалық білім бөлімдері тарапынан жарияланды.

Ал облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Шарифа Имантаева қала сыртындағы лагерьлердің санитарлық нормаларының сақталуы туралы айта келе, былтыр санитарлық талапты орындамаған лагерьлерді атап көрсетті. Ондағы қауіпсіздіктің сақталуы аса маңызды. Бұл бағытта атқарылатын жұмыстарды Түркістан облысы Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Бегімхан Ахметов айтып өтті. Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлім басшысының міндетін атқарушы Педен Нұрболат төтенше жағдайлардың алдын алу туралы баяндады.

Аудан, қала әкімдерінің осы салаға жауапты орынбасарлары кері байланысқа шығып, өздерін толғандырған сауалдарды ортаға тастады. Сонымен қатар жазғы сауықтыру лагерьлерінің басшылары ұсыныстарын айтып, пікір алмасты. Салада орын алуы мүмкін деген түрлі мәселелер көтеріліп, туындаған сұрақтар қойылды.

Өңірде биылғы оқу жылында 20 жазғы сауықтыру лагері мен 8 этно және шатырлы лагерь қызмет көрсетеді деп жоспарлануда. Қала сыртындағы лагерлерде 42 мыңдай, ал мектеп жанындағы лагерлерде 106 мыңға жуық бала сауықтырылады деп күтілуде.

Атап өту керек, еліміз бойынша биыл жазғы демалыс кезінде 1-10-шы сынып аралығындағы 2,9 миллион оқушыға сауықтыру, демалыс және еңбекпен қамтудың түрлі шаралары көзделген. Бұл жөнінде ҚР Оқу-ағаруту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Бағдарламада еңбек және шығармашылық жұмыстар, туризм, зияткерлік сабақтармен қатар, халықаралық шараларға қатысу қамтылған.

«Балалардың жазғы демалысын қауіпсіз және жан-жақты ұйымдастыру үшін Министрлік 8 мемлекеттік органмен бірге 2024-2027 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарын бекітті. Жұмысты үйлестіру үшін республикалық ведомствоаралық штаб құрылды, өткен жылғы жазғы демалыс кампаниясының нәтижелері талданып, іс-қимыл алгоритмі әзірленді. Сондай-ақ мұғалімдерге, балаларға және олардың ата-аналарына арналған бағдарламалар, ережелер, күнтізбелік жоспарлар және нұсқаулар қамтылған әдістемелік ұсынымдар дайындалды. Балаларға арналған нысандарды қабылдау және лагерь қызметкерлеріне нұсқау жүргізу кестелері жасалды», — деп атап өтті Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті директорының орынбасары Стэлла Ибраева.

Айта кетейік, биыл төрт сауықтыру орталығының құрылысын аяқтау жоспарланған. Қазіргі таңда 210 балалар сауықтыру орталығының алдын ала тізімі жасалып, денсаулық сақтау және ТЖ бойынша аумақтық қадағалаушы органдарға өтінімдер жолданды.

Расында да, оқушылар үшін жылдың ең сүйікті мезгілі — жаз және жазғы демалыс. Бұл балалардың дамуына, тәрбиесіне, денсаулығына өте маңызды рөл атқарады. Барлық ата-аналар бұл уақытты балаға қызықты және қаланың шуынан тыс жерде өткізуді қалайды. Демек, жазғы лагерьді таңдаудың уақыты келді.

 Лагерьде демалу тек қарапайым жазғы демалыс емес, ол баланың өсіп-өркендеуі үшін маңызды қадам болып табылады. Лагерь — балаға тәуелсіз және жауапты болуға көмектесетін қандайда да бір еркіндік берудің керемет мүмкіндігі. Лагерьде бала қарым-қатынас дағдыларын меңгеруге, командамен жұмыс істеп үйренуге, достар шеңберін кеңейтуге мүмкіндік алады.

 Жазғы сауықтыру ұйымдарының негізгі міндеті – балалардың қауіпсіз демалуын және сауықтыруын қамтамасыз ету болып табылады.

 Жазғы сауықтыру лагерьлердің (қала сыртындағы лагерьлер) ашылуы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022  жылғы 10 тамыздағы №78  бұйрығымен бекітілген «Балалардың сауықтыру және санаторий объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларының талаптарына сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды болған жағдайда жүзеге асырылады.

 Жазғы лагерьді таңдаған кезде, төмендегі жайттарға мән берген жөн:

 — сауықтыру лагерінің қызметі бойынша санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы бар екендігіне көз жеткізу;

 — балалардың жатын бөлмелерінің жағдайына назар аударыңыздар. Балалар бөлмелері кең, жарық, жөндеуден өткен, тұруға жайлы және ойын ойнауға қажеттінің бәрі болуы керек. Бөлмеде қанша бала бар екенін, терезелер ашылатынын, қаншалықты жиі тазаланатыны туралы сұрастыру қажет. Өйткені, бір жатын бөлмедегі орын саны бір балаға 4 м2 есебінен көзделеді. Жақсы көңіл-күй мен әл-ауқат ғана емес, кейде баланың денсаулығы да осы кішкентай нәрселерге байланысты болады;

 — лагерьдегі балалардың тамақтануына назар аударыңыз. Тамақтану арасындағы интервал 3,5 — 4 сағаттан асырмай, қосымша екінші таңғы ас немесе кешкі ас бар кемінде бес реттік тамақтандыру көзделеді. Тамақ арасындағы аралықта ас мәзіріне қымызды немесе қышқыл сүт өнімін енгізу ұсынылады. Объекті басшысы бекіткен перспективтік маусымдық (жаз-күз, қыс-көктем) екі апталық мәзір жасалады. Мәзір жасау кезінде өңірде шығарылатын отандық өнімдер ассортименті ескеріледі. Балаларды тамақтандыру рационында витаминді-минералдық кешенмен байытылған тамақ өнімдері көзделеді (темірмен байытылған ұн, йодталған тұз, йод пен және басқа да микроэлементтермен байытылған қышқыл-сүт өнімдері және т.б). Ата-аналар өнімдердің сапасына сенімді болуы керек, сондықтан ұсынылған мәзірмен алдын ала танысуға болады;

 — Балаларды оңалту кезінде қатайту және қалпына келтіру процедураларына көп көңіл бөлу керек (ваннаға түсу, ауа ванналары, таза ауада таңертеңгілік жаттығулар, аяққа контрастты су құю, қырлы тақтаймен жүру).

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin