Түркістан облысы: Райымбек Сейтметов атындағы театрда биыл 130-ға жуық қойылым сахналанды

Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының саздыдрама театрының репертуарында ересектерге арналған 66, балаларға арналған 22 қойылым бар. 2024 жылы барлығы 129 қойылым көрсетіліп, 4 премьера көрерменге жол тартты. Биыл 10 айда театр репертуарындағы тундыларды тамашалауға барлығы 20 мыңға жуық адам келген. Бұл жайында театр директоры Арман Алиев БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

«Жыл басынан бері театр сахнасында су жаңа 4 шығарманы көрермен назарына ұсындық. Ақпан айында Қуандық Қасымовтың жетекшілігімен Асахмат Айларовтың «Келісімшарт бойынша қалыңдық» комедиясы көрерменге жол тартты. Мамыр айында режиссер Айдар Наурызбаевтың сахналауындағы Әлдихан Қалдыбаевтың сыбайлас-жемқорлыққа қарсы қойылған «Жалғыз желкен» драмасы қойылды. Одан соң, қыркүйекте ұйғыр театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Фархадбек Қанафиннің сахналауындағы орыс жазушысы Василий Шукшиннің «Ауыл әңгімелері» трагикомедиясы, қараша айында Атырау жастар театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Мұқанғали Томановтың сахналауында қырғыз-қазақ жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Жан пида» қойылымдарының премьералары өткізілді» — дейді спикер.

Сонымен қатар, биыл театр ұжымы бірқатар халықаралық жарыстардан жүлдемен оралған. Көкшетау қаласында өткен Сәкен сері Жүнісовтың 90 жылдық мерейтойына орай өткізілген II халықаралық «СӘЛЕМ» комедиялық театр фестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесімен марапатталса, Ресейдің Барнаул қаласында өткен В.Шукшин атындағы II халықаралық «Здравствуйте, люди!» театр фестивалінде, Оман мемлекетінде өткен «ДОФАР» I халықаралық театр фестивалінде «Алғыс хаттарға» ие болған.

Сондай-ақ, театр басшысы Түркістан қаласының «Оқушылар сарайы» кешенімен бірлесе отырып, Қанат Шериевтің «Теңіз астындағы жаңа жыл» атты жаңа жылдық ертегісінің дайындық жұмыстарына кірісіп кеткенін жеткізді.

Еске салайық, бұл өнер ұжымы Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің жанынан ашылған өнер бөлімі ретінде ұйымдасып, кейін Түркістан қалалық театры болып 2000 жылы 9 наурызда ашылды. Театр ұйымдастырушысы әрі көркемдік жетекшісі — Қазақстанның халық артисі Райымбек Сейтметов. Құрылған жылдың өзінде-ақ Б. Вахапзаденің «Небесные тюрки» драмасымен Түркияда өткен «Еуропа бірлігі» театр фестиваліне қатысты. Түріктер тарапынан жасалған өтінішке орай түрік тілінде қойылып, кейіннен Қазақстанмен достық қатынастағы елдердің он бір қаласында көрсетілді. 2002 жылы театр музыкалық-драма театр болып қайта құрылды.

2017 жылы театрға Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Райымбек Сейтметовтің есімі берілді.

Театр репертуарында М. Әуезовтің «Айман — Шолпан», С. Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек», М. Баджиевтің «Қалыңдық пен күйеу», С. Ахмадтың «Келіндер көтерілісі», Б. Мұқайдың «Тоят түні», Б. Вахапзаденің (ауд. С. Тоқбалаева) «Елді арандатқан қылыш», С. Токбалаеваның «Жан-талас», С. Қасымбектің «Ясауи қасіреті», Ж. Әлжановтың «Абақты ғұмыр», У. Шекспирдің «Асауға-тұсау», Қ. Мырзаәлидің «Әмір-Темір», Т. Жандәулетовтың «Еркек», Ш. Мұртазаның «Домалақ ана», Ж. Жұматтың «Абақты ғұмыр», Ш. Уәлиханның «Кадет Шоқан», Д. Исабековтың «Құстар фестивалі», Ә. Қалдыбаевтың «Әкімнің туған күні», Ж. Рахматулланың «Өршіл Рух», С. Оспановтың «Мұңлық – Зарлық», Т. Минулиннің «Диляфрузға төрт күйеу», т.б. туындылар бар.

2001 жылы театрдың көркемдік жетекшісі Р. Сейтметов облыс көлемінде өткізілген «Ең үздік режиссер» бас жүлдесін, 2003 жылы тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығын иеленді.

2003 жылы театр Прага қаласында Еуропаның «Театр өнері» аталымы бойынша белгіленген алтын медалімен марапатталды.

2006 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының «Жылдың ең үздік мәдениет және өнер мекемесі», «Алтын қанат» номинацияларымен марапатталды.

2007 жылы театрдың бас режиссерлігіне Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, халық әртісі Е. Оразымбетов келіп, театр жетістіктерін жалғастырды. 2008 жылы театр республикалық театр фестивалінде «Кадет Шокан» спектаклін қойып, қоюшы-режиссер Е. Оразымбетов мәдениет министрінің дипломымен марапатталды. Одан кейінгі жылы өткен республикалық фестивальде «Фестиваль құсы» спектаклі үшін «Үздік режиссер» номинациясын да еншіледі.

2008 жылы Ақтауда өткен Қазақстан театрларының XVI республикалық фестивалінде театр ұжымы «Қойылымның ең үздік режиссерлік шешімі үшін» арнайы дипломымен марапатталды.

2009 жылы Қарағанды қаласында өткен ХVII театр фестиваліне театр Е. Сиябекұлы қойған Д. Исабековтың «Құстар фестивалі» атты мюзикл комедиясымен қатысты. Қоюшы режиссер «Ең үздік режиссер» атанып, «Алтын маска» жүлдесін иеленді.

2011 жылы театрдың көркемдік жетекшісі болып келген Ғазиз Арынов та дәстүрлі жолды әрі қарай жалғастырды. «Көктем–2011» республикалық фестивалінде «Абақты ғұмыр» спектаклі «Үміт» номинациясына ие болды.

2011 жылы театр әртістері Г. Айтбаева мен Т. Қарынбаев «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты атанды. Осы жылы Тәжікстан Республикасының астанасы Душанбе қаласында өткен «Навруз-2011» атты ІІІ-Кәсіби театрлардың халықаралық фестивалінде Б. Вахапзаденің «Көк түріктер» атты тарихи драмасымен өнер көрсетті. Тәжікстан мемлекетінің мәдениет министрі Мирзошохрух Асроридің дипломымен марапатталды.

2013 жылы Жетісайда өткен «Театр көктемі-2013» облыстық кәсіби театрлар фестивалінде өнер ордасы Еврипидтің «Троя ханшасы» атты моно қойылымымен өнер көрсетіп, «Айрықша шығармашылық табысы және әлемдік классиканы насихаттағаны үшін» номинациясымен марапатталды.

2014 жылы «Театр көктемі-2014» облыстық фестивалінде театр труппасы Ж. Жұматтың «Тірі жан» драмасын қойып «Өзекті мәселені көтергені үшін» номинациясымен марапатталды.

2015 жылы Шымкент қаласында өткен «Театр көктемі – 2015» облыстық театр фестивалінде өнер ұжымы «Көрермен көзайымы» номинациясында және театр актрисасы Ә. Қожабекова «Ең үздік әйел бейнесі» аталымында жеңіске жетті.

Театр ғимараты 1938 жылы салынған Түркістан теміржол мекемесінің киноклубы болған. 2000 жылы қайта күрделі жөндеуден өтті, 250 адамға арналған көрермен залы мен мұражай бар.

Орайы келгенде айта өтейік, «Конгресс холл» кешенінде белгілі ақын, қазақ айтысының құлагері Есенқұл Жақыпбекті еске алуға арналған «ӨМІР ӨТТІ ЗЫРҒЫП АҒЫП…» музыкалық-поэтикалық есеп беру кеші өтті.

Әдебиет пен өнер тоғысқан кеште «Жаңа леп!» өнер ұжымы ақынның өлеңдерін оқып, әнге айналған туындыларын орындады. Қойылымды «Самғау» би ұжымы бимен көркемдеп, «Алқоңыр» фольклорлық ансамблі музыкамен сүйемелдеді. Спектакль режиссері– Тасболат Омаров, ал көркемдік жетекші – Нұрдәулет Аққұл.

Бұл кеш Есенқұл Жақыпбектің рухани мұрасын қайта жаңғыртып, бүгінгі ұрпаққа жеткізуді, сонымен қатар шығармашылығын жаңа қырынан танытуды мақсат етті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin