Түркістан облысы: Республикалық экологиялық акцияға Отырар ауданының білім саласы белсенді түрде үлес қосты

Бүгін Отырар ауданының білім бөліміне қарасты білім беру ұйымдары ата-аналармен бірлесіп, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсене қатысты.

Акцияның мақсаты — экологиялық мәдениетті қалыптастыру, «Адал адам — Адал еңбек — Адал табыс» тұжырымдамасы негізінде отансүйгіштік, табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға деген жанашырлық құндылықтарын дәріптеу. Акция шеңберінде көптеген нысандарды, ауылдар мен мектептерді, тұрғын үй және көшелерді, аяқжолдарды тазалау, көгалдандыру мен гүлдерді егу, көшет отырғызу жұмыстары жүргізілді.

Жалпы әр күн, әр ай тазалық күні, тазалық айы болуы тиіс. «Таза Қазақстан» акциясы – бұл ұжымдық рухты, бірегейлікті, ауызбіршілікті көрсететін керемет шара. Өзі тұратын жерге жаны ашып, оның тазалығына көңіл бөлу – азаматтық парыз.

Мәселен, 11 сәуір күні «Темір жалпы білім беретін мектеп» КММ-де педагогикалық ұжым мүшелері «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік өткізді. Сенбілікте мектеп ауласы тазартылып, ауладағы тал-теректер ақталып, арам шөптерден тазартылды.

Ал «Ш. Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық-мемлекеттік мекемесі бүгін «Таза Қазақстан» акциясы аясында мектеп ұжымы мектеп ауласын тазалап, мектеп бауындағы барлық ағаш түптерін әктеп, сенбіліктегі тазалау жұмыстарына белсене қатысты. Мектептің айналасын абаттандыруға мектеп ауласына 250 дана «Бақыт» гүлін, 250 дана «Петуния» гүлін және 100 дана «Роза» гүлдерін отырғызды. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөзді санаға түйген ұжым мүшелері аула ішіне сәндік шырша көшеттерін отырғызды. «Тазалық — денсаулық кепілі. Мектептің тазалығы – ауылдың тазалығы! Жас ұрпақты қоршаған орта тазалығын сақтауға баулу — біздің басты міндетіміз» — дейді мұндағы ұстаздар.

«Сарыкөл» шағын жинақты жалпы білім беретін мектебі мен Ғани Мұратбаев атындағы шағын жинақты жалпы білім беретін мектебі бойынша да «Таза Қазақстан. Түркістан — тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты экологиялық акция ұйымдастырылды. Акция шеңберінде ауыл аймағына, мектепке, тұрғын үйлерге және тағы басқа да көптеген нысандарға тазалау жұмыстары жүргізілді.

Отырар жалпы білім беретін мектебі де бүгін «Таза Қазақстан» акциясы бойынша мектеп ауласын тазалап, мектеп бауындағы барлық ағаш түптерін әктеп, сенбіліктегі тазалау жұмыстарына белсене қатысты. Мектебіміздің айналасын аббаттандыруға мектеп ауласына 50 дана «Роза» гүлдерін, 90 түп ағаш және т.б түрлі гүлдер, ағаштар отырғызды.

Ергөбек негізгі орта мектебі мен Көкмардан жалпы білім беретін мектебінде де «Таза өлке» апталығы өткізілді. Акцияның мақсаты — экологиялық мәдениетті қалыптастыру, “Адал адам — Адал еңбек — Адал табыс» тұжырымдамасы негізінде отансүйгіштікке, табиғатты қорғауға, қоршаған ортаны қорғауға және жанашырлық құндылықтарды дәріптеу. «Мектеп тазалығына үлес қосу туған жерге деген қамқорлық болып табылады» — дейді мұндағылар. Білім ордасының ұжымы мектеп ауласын күл-қоқыстардан тазартып, талдарды әктеп, әрлеу жұмыстарын атқарды.

Ш.Қалдаяқов атындағы мектеп-гимназиясында бүгін мектеп ауласына, мектеп ауласының кіреберіс жол бойларына тазалық жұмыстары жүргізілді. Мектеп ауласындағы талдардың түптері ақталып, биыл отырғызылған 300 түп қара тал көшеті, роза гүлдер, туя ағаштары, ”Достық” аллеясындағы талдардың барлығы суарылды.

Ал М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектепте «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» акциясы аясында мектеп ұстаздары, оқушылары мен кіші қызметкерлері сенбілік өткізді. Сенбілікте мектеп ауласы тазартылып, ауладағы тал-теректер ақталып, көшеттер отырғызылды.

Жамбыл атындағы мектеп-лицейі мен М.Шаханов атындағы жалпы білім беретін мектеп ұжымы мектеп ауласын тазалап, мектеп бауындағы барлық ағаш түптерін әктеп, тазалау жұмыстарына белсене қатысты.

Т.Ибрагимов атындағы жалпы білім беретін мектеп Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан акция аясында “Тазалық табалдырықтан басталады” мектепшілік акциясын қолға алды. Мектеп кызметкерлері, еріктілер тобы мектеп ішін және мектеп ауласын тазарту жұмыстарын жүргізді.

Ал С.Мұқанов атындағы жалпы білім беретін мектеп туған жердің тазалығын сақтау, табиғатын қорғау мақсатында өзін-өзі басқару ұйымының, мектеп ұстаздары мен кіші қызметкерлерінің ұйымдастыруымен ағаш көшеттерін отырғызу, түбін қопсыту, әктеу, тазалау жұмыстарын жүргізді. «Республикалық экологиялық акцияға байланысты жұмысымыз ай бойы жалғасын табады» — дейді мектеп ұжымы.

«Шеңгелді» шағын жинақты жалпы білім беретін мектеп пен А.Дәрібаев атындағы жалпы білім беретін мектебінде, Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте де тазалық акциясы өтті. Тазалық акциясына мектеп оқушылары мен қызметкерлері қатысып, мектеп ауласын сыпыру, жер қопсыту және талдардың түптерін әктеу жұмыстары жүргізілді. Акция мақсаты — халықты игілікті іске шақыру, қоршаған ортаны таза ұстау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған болатын. 5 аптаға созылатын бұл науқанның бірінші аптасы «Таза өлке» деп аталады. Бұл бастаманы Түркістан облысының табиғат жанашырлары қуанышпен қабылдап, жұмысты бастап кетті.

Өңір басшысы Дархан Сатыбалды Белсенді демалыс саябағына ағаш отырғызып, «Таза Қазақстан» шарасына қолдау білдірді. Жаңа акцияны қолдау жөнінде өз үндеуін жариялады. Экологиялық акцияға қатысқан жастармен жүздесіп, пікір алмасты. Отаншылдық – тазалықтан басталатынын айтып, ағаш егіп, туған жердің тазалығын сақтау, табиғатын қорғау әрбір адамның міндеті екенін жеткізді.

«Бүгін біз қоғам үшін маңызды экологиялық іс-шарада кездесіп тұрмыз! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Бұл бастаманы Түркістан облысының табиғат жанашырлары қуанышпен қабылдады. Өйткені, өңірімізде белсенді, отаншыл азаматтар өте көп. Түркістан облысында «Таза өлке – Түркістан» акциясын бастадық. Осыған байланысты өткен аптадан бері аудан, қалаларда тазалық, көгалдандыру жұмыстары басталып кетті. Бұл – бір айлық науқан емес. Мақсатымыз – тазалық сақтау, ағаш, гүл егуді өмірлік дағдыға айналдыру. Осы салаға жауапты басқармаларға, аудан, қала әкімдеріне, коммуналдық мекемелерге нақты тапсырмалар берілді. Арнайы техникалар, ресурстар бөлінді. Біз «Таза Қазақстан» акциясы аясында Түркістанымызды одан сайын түрлендіре түсеміз! Оған мүмкіндігіміз жетеді», – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Республикалық акцияның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындардың, жастардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту.

«Табиғат — ел байлығы» демекші, мемлекет дамуы үшін табиғатқа деген құрмет болуы тиіс. Қоршаған ортаны қорғау арқылы Отанға деген патриоттық сезім оянады. Сондықтан, біз өз ортамызды, көшемізді, ауылымызды, қаламызды таза ұстауымыз керек. Арықтарды тазалап, бұлақ көздерін ашу – міндетіміз! Осы бағытта жұдырықтай жұмылып жұмыс істейміз деп сенемін! Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2021-2025 жылдар аралығында өңіріміздегі 800-ден астам елді мекенді көгалдандыру үшін 4 миллионнан астам көшет егу көзделген. Қазір жұмыстар жүруде. Биылдың өзінде 1 миллионнан астам көшет егілуде. Таулар да, ормандар да, өзен-көлдер де, байтақ дала да, ауылдар да, қалалар да – біздікі. Осы байлығымызға жанашырлықпен қарайық! Көшесінің тазалығына қарап, азаматын, халқын танисың. Ендеше, барша Түркістан өңірінің тұрғындарын осы акцияны қолдауға шақырамын! Бірлік пен еңбектің арқасында Түркістанымызды жасыл аймаққа айналдырайық!» деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

«Таза өлке» науқаны басталғалы бері облыста 1500 көше және 33 мыңнан астам аяқжол тазаланып, 850 тонна қоқыс шығарылды. Сондай-ақ 140 мыңнан астам ағаш әктеліп, 138 мыңға жуық көшет отырғызылды. Бұдан бөлек 275 саябақ және сквер, 192 дана балалар және спорт алаңшалары тазаланды. Бұл іс-шараларға 279 техника және 15 мыңнан астам адам қатысты.

10 сәуір мен 11 мамыр аралығында Түркістан облысында «Таза өлке – Түркістан» науқаны өтеді. Әр аптаға арнайы ат беріліп, түрлі бағытта экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылады. Облыстың барлық ауданын және қалаларын қамтитын науқанға облыстың әрбір тұрғыны мен қонағы қатыса алады.

Қорыта айтқанда, бүгін отырарлықтар республикалық акцияға өз үлестерін қосып, «Таза өлке» апталығы аясында аудан орталығындағы көшелердің бойында тазалық жұмыстарын жүргізді. Шара барысында «Жібек Жолы» даңғылының бойындағы арамшөптер оталып, арнайы техникалармен күл-қоқыстар шығарылды. Көше бойындағы, саябақтардағы орындықтар сырланып, ағаш-талдардың түптері әктелді.

Жалпыхалықтық шараға 300-ге жуық адам қатысып, 4 арнайы техника жұмылдырылды. Белсенді жұмыстардың нәтижесіне 30 тоннаға жуық күл-қоқыстар шығарылды.

Сондай-ақ, акция аясында аудан орталығын көріктендіру мақсатында арнайы орындарға «Питушок», «Алиссум», «Шофран», «Бархатцы» секілді 10 мыңға жуық гүлдер егілді. Жалпы ағымдағы жылы 21 мың гүл егу жоспарланған.

Айта кету керек, республикалық акция аясындағы тазалық жұмыстары аудан орталығынан бөлек ауыл округтерінде де ұйымдастырылды. Шара барысында қоғамдық орындар мен көше бойлары күл-қоқыстардан тазартылып, саябақтар мен арнайы орындарда егілген ағаштардың түптері әктелді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin