Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен аудан, қалалардың даму жоспарын талқылап, бекіту жұмыстары жалғасып келеді. Қазан айының аяғында Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов ауданның 2030 жылға дейінгі даму жоспарын баяндаған болатын. Жиында экономика, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм салаларын дамытып, жұмыспен қамту үшін тиісті басқарма басшыларының ұсыныстары қаралды. Облыс әкімі аймақта өндіріс орындарын арттырып, инфрақұрылым жүйелерімен қамтуды, туризмді дамытуды тапсырды.
– Алдағы жылдарға арналған әр аудан, қаланың даму стратегиясындағы барлық жобалалар жүзеге асырылуы тиіс. Әр айтылған өзгертулер мен толықтырулар бекітіліп, ауыл-аймақты дамытудың тиімді жолдары жұмыс барысына алынады. Сайрам ауданының әлеуетін арттыру бағытында нәтижелі жұмыстар бар. Ауыл еңбеккерлерінің өмір сүру сапасын жақсартып, табысын арттыруға бағытталған жобалаларды көбейту керек, – деді Дархан Сатыбалды.
Биылғы 9 айдың қорытындысына сәйкес жалпы өңірлік өнім көлемі 203,1 миллиард теңгеге жетіп, өсім 19,2%-ды құраған. Басым бөлігі ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, сауда, құрылыс салаларының үлесіне тиеді. Ағымдағы жылдың қорытындысына сәйкес жалпы өңірлік өнім көлемін 269,0 миллиард теңгеге жеткізіп, 12% өсімді қамтамасыз ету жоспарланған. Соңғы 4 жылда өзіндік кірістер 2 есе ұлғайған.
Аудан әкімінің айтуынша, негізінен сүт, ет шаруашылығына маманданған, тамақ өнеркәсібі дамыған аудандардың бірі және кәсіпкерлік белсенділігі жоғары. Аудан халқының тығыз орналасуына байланысты тұрғын үй құрылыс үшін берілген жерлердің инфрақұрылым жүйелерімен қамтылмауы, инфрақұрылым жүйелерінің тозуы мен электр қуатының тапшылығы байқалады.
Жыл қорытындысына сәйкес сәйкес 135 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланып, жеке инвестиция есебінен 2,6 есе ұлғайту көзделген. Алдағы 6 жылда құны 1 115,3 миллиард теңгені құрайтын өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда және туризм салаларында 100-ден астам инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Нәтижесінде 7 мыңға жуық жұмыс орнын құру болжанып отыр.
Облыс бойынша халқы ең тығыз орналасқан Сайрам ауданы экономикасының өсу резервтерін тиімді пайдалану және жаңа өндірістерді іске қосу есебінен өнеркәсіп өнім көлемін 2030 жылға 3,7 есеге немесе 205,4 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланған. Яғни, жоспар бойынша 6 жылда 635,1 миллиард теңгенің өнімі өндірілмек. 2030 жылға мал шаруашылығы саласында құны 48,1 миллиард теңгеге 15 жобаны іске асырып, өнім көлемін 188,2 миллиард теңгеге жеткізу болжанып отыр.
Өнеркәсіп саласында 2030 жылға құны 912,7 миллиард теңгені құрайтын 48 жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Алдағы уақытта сүт өнімдерін өндіру, мал қалдықтарын өңдейтін цех, құрама жем шығаратын, ауыр жүк көліктерінің тіркемесін және арнайы жасақталған көліктер шығару сияқты жобалар мен тамақ өнеркәсібіндегі жобаларды іске асыру көзделген.
Сайрам ауданында агросалада да ауқымды жобалар жүзеге асуда. Мәселен, қарашаның соңына таман облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Сайрам ауданына барып, бірқатар нысандарды аралады. Аудан әкімі Арман Сәбитов облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес агроаймаққа бөлінген 90 гектар бойынша атқарылатын жұмыс жоспарын ұсынып, жобаларды таныстырды.
Аралау барысында облыс әкімінің орынбасары «Gen Group Kazakhstan» ЖШС жылыжай кешенін кеңейту бағытында атқарылған тірліктермен де танысты. Банан өсіруді жолға қойған серіктестік қосымша 6 гектарға жылыжай салып, қызанақ және құлпынай өсіруді қолға алмақ. «Жоба толық іске асқан жағдайда жылына 3 мың тоннадан астам қызанақ, 130 тоннадан астам құлпынай жиналады», — дейді ЖШС басшысы Тимур Утешев.
«Korkem» сауда белгісімен танымал «Наурыз-5» ЖШС кәсіпорнын аралау барысында серіктестік басшысы Джурат Игамбеков жеміс қабылдау, көкөністерді өңдеу, қалбырлау және нарыққа шығару барысында кездесетін өзекті мәселелерді жеткізді.
«Kaz Eco Meat» ЖШС ірі қара мал бордақылау және мал сою кешенінің құрылысын 2025 жылы аяқтауды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда Беларусь, Қытай және Түркия елдерінен арнайы қондырғылар сатып алынған. Ал «Nurym Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрама жем өндіретін зауытты жыл соңына дейін іске қоспақ.
Нұрбол Тұрашбеков кәсіпкерлерге мәселелері мен ұсыныстарының заң аясында зерделенетінін атап өтті. Әкімдік тарапынан атқарылатын жұмыстар кезеңімен жүзеге асатынын айтып, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Денсаулық сақтау саласында да ауыз толтырып айтатын жетістіктер бар. Айталық, Тәуелсіздік күні қарсаңында Сайрам ауданының Құтарыс ауылында дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Салтанатты ашылуына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, тұрғындарды құттықтады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арналған Жолдауында ауылдарды медициналық нысандармен қамтуды тапсырған болатын. Облысымызда 2024 жылы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында 49 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының құрылысы жүргізілді. Оның ішінде Сайрам ауданына 3 нысан қаралды. Бүгін облыста биыл салынған 49 дәрігерлік амбулаторияның алғашқысының ашылу салтанатына қатысып отырмыз. Өңірде ұлттық жобадан тыс, облыс және инвесторлар қаржысы есебінен 6 нысанның құрылысы іске асырылды. Осы нысандар арқылы ауылдар мен елді мекендердің 90 мыңнан астам тұрғыны медициналық көмекпен қамтылады, – деді Дархан Сатыбалды.
5 мыңға жуық тұрғыны бар ауылдағы нысанда медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетіледі. Медициналық мекемеде жалпы тәжірибелі дәрігерлердің қабылдау бөлмелері, әйелдер бөлмесі, күндізгі ем қабылдау, емдік дене шынықтыру, екпе егу, ем-шара, сүзгі бөлмесі бар, сонымен қатар медициналық көмек көрсету үшін барлық қажетті құрылғылармен жабдықталған.
Осы күні Түлкібас ауданының Абайыл елді мекенінде де жаңа медициналық тірек құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Сонымен бірге Ордабасы ауданының Қарабастау ауылында да заманауи үлгідегі фельдшерлік-акушерлік бекет пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындары медициналық нысандардың ашылғанына қуаныштарын жасырмай, ел азаматтарына алғыстарын білдірді.
Осы ретте Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылындағы Сұлтанбек Қожанов көшесінің бойынан Түркістан облыстық жедел медициналық жәрдем беру станциясына қарасты №7 жедел жәрдем бекеті ашылғанын да атап өткен орынды.
Күрделі жөндеуден өткен нысанның ашылуында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков құттықтау сөз сөйлеп, денсаулық сақтау саласы бойынша алда атқарылар міндеттерді баяндады. Адам өмірі мен оның денсаулығына бағытталған жұмыстар қашанда басты назарда екенін айтып, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да еселене түсеріне сенім білдірді.
Шараға арнайы келген Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев бұл сала бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, жоспарларымен бөлісті.
Аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев және жоғары санатты ардагер хирург-дәрігер, Шолаққорған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Бүркіт Арынбеков шараға жиналған жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
Айта кетейік, жаңа нысан дәрі-дәрмек сақтайтын қойма, жедел жәрдем және диспечер бөлмелелерімен қамтылған. Ғимарат ауласы қоршалып, қызметтік көлік тұрақтары қарастырылған. Жаңа бекетте 4 желілік жедел жәрдем бригектардасы жұмыс істейді.
Еске салсақ, биыл Түркістан облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жалпы 49 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанын салу жоспарланған. Оның ішінде 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік пункт және 6 медициналық пункт бой көтеріп жатыр. Жалпы, облыс бойынша жыл соңына дейін 48 медициналық нысан пайдалануға беріледі. Біреуі жеке инвестор есебінен салынады. Басым көпшілігінің құрылысы аяқталған. Жаңадан ашылатын нысандар тиісті құрал-жабдықтармен қамтылған. Ауыл тұрғындарына сапалы алғашқы медициналық-санитариялық көмек түрлерін көрсетеді. Ал ескі ғимаратта болған фельдшерлік-акушерлік тіректердің бірқатары жаңа нысанға ауыстырылады.
Білім беру саласында да жаңа ғимараттар қатарға қосылған. Мысалы, Тәуелсіздік күні мерекесінде Сайрам ауданының Манкент ауылдық округіндегі «Айнабұлақ» негізгі орта мектебі ел игілігіне берілді. 600 орынға шақталған білім ұясы облыстық бюджет есебінен салынды.
Білім ордасының ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындарды қос мерекемен құттықтап, ұстаздар мен оқушыларға сәттілік тіледі.
«Бүгін қуанышты сәтте жолығып тұрмыз. Ел Президенті білім саласына қолдау көрсету, ауылдарды дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Өңірде осы бағытта қарқынды жұмыс жүруде. Бұл мектепте білім алуға барлық жағдай жасалған. Мұның бәрі өсіп келе жатқан ұрпақтың игілігі үшін істеліп жатыр», — деді облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы.
Оқу ғимараты 3 қабаттан тұрады. Заманауи үлгіде салынып, материалдық-техникалық базасы талапқа сай жабдықталған. Мектепте асхана, оқу және зертхана бөлмелері, спорт залы соңғы үлгіде жасалған. Ұлдар мен қыздарға арналған шеберханасы мен арнайы дәрігерлік кабинет қарастырылған. Информатика мен робототехника сыныптары да бар.
Айта кетейік, Түркістан облысында биыл 50 мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оның 29-ы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатыр. «Жайлы мектеп» жобасы арқылы 2 мектеп тапсырылып үлгерді.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сайрам ауданына жұмыс сапарында бірқатар әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандарын аралап, жұмысымен танысты. Жақында тапсырылған нысандар мен жүзеге асырылған жобаларды қадағалады.
Өңір басшысы Қарабұлақ ауыл округінің жаңа полиция пункті ғимаратында да болды. 2 қабатты ғимараттың құрылысы биыл тапсырылған. Мұнда тәртіп сақшыларының жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалған.
Өңір басшысына Сайрам ауданындағы «CA PABLE GROUP МҮГЕДЕКТЕР ҚОҒАМЫ» қоғамдық бірлестігінің кәсіпорнын кеңейту, қуатын арттыру жұмыстары да таныстырылды. Мұнда ылғал және құрғақ майлықтар, құрғақ кір жуғыш ұнтақтар өндіріледі. 20 адам жұмыспен қамтылған. Облыс әкімі жоба жетекшілерінің ұсыныстарын тыңдады. Жауапты басқарма басшысы мен аудан әкіміне кәсіпкерлікті дамытуды жүктеді.
Ауданның тыныс-тіршілігімен танысқан Дархан Сатыбалды жауапты басшыларға өндіріс орындарын көбейту, кәсіпорындар ашу, білім, медицина мекемелерінің жұмысын ширату жөнінде тапсырмалар берді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.