Сарыағаш ауданында «Ауыл аманаты» пилоттық жобасының VI бағытын түсіндіру және жылыжай шаруашылығының қысқы жылыту маусымына дайындығы бойынша Жартытөбе ауылдық округі тұрғындармен кездесу өтті.
Кездесуге ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы А.Амирханов қатысып, ауылдық округ тұрғындарына аталған пилоттық жобаны жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысын баяндады. Сонымен қатар, жылыжай шаруашылығымен айналысушы азаматтарға қазіргі уақытта қысқы маусымға қажетті көмірді жинап алу қажеттігі түсіндірілді.
Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздықты және атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту. Өзін-өзі қамтушыларды заңдастыру. Ауылдық елдімекендерде жаңа жұмыс орындарын құру, мал мен құстың санын көбейту, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.
Айта кетсек, жобаны іске асыруда бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріліп отыр. Сондай-ақ, жобаның VI бағыты бойынша шағын өндіріс орындарын және қызмет көрсету орталығын ашуға ниетті азаматтар несие алуға өтініш бере алады.
Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Бұл орайда, биыл елімізде халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырыла бастады. Бүгінде Түркістан облысында аталған жоба бойынша ауыл шаруашылығы саласына арналған 2,5 пайыздық несие беріліп жатыр.
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша несиелер барлық тұлғаларға 2,5 пайызбен 7 жылға дейін беріледі. Пилоттық жобаны жүзеге асыруға Түркістан облысы бойынша 16 ауданнан 64 ауылдық округ анықталып, 75 кооператив құрылды. Жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 19,8 млрд. теңге қаржы бөлінген. Қазірде «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-на «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыс көлемінде 10,3 миллиард теңге құрайтын 1 679 жобаға өтініш түсті. Оның ішінде уәкілетті орган арқылы 1 544 жоба қаралып, жалпы сомасы 6,8 миллиард теңгені құрайтын 1 272 жоба мақұлданды. 2 миллиард теңгені құрайтын 389 жоба қаржыландырылып, 272 жоба бағдарламада бектілген ережеге сәйкес келмеуіне байланысты бас тартылды.
Жобаны іске асыру нәтижесінде, 3 200 жоба қаржыландырылып, 3 400-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде және тұрғындардың күн көріс деңгейі 1,5 есеге ұлғаяды деп жоспарланып отыр. Аты айтып тұрғандай, «Ауыл аманаты» жобасының мақсаты — ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, аграрлық бизнесті ілгерілету мәселелерін шешуге бағытталған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.