Майдантал ауылдық округінің ұйымдастыруымен егін шаруашылығымен айналысатын азаматтарға көшпелі семинар өткізілді. Онда тамшылатып суару технологиясының артықшылықтары түсіндірілді.
Жиынға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров қатысып, шаруалармен тілдесті. Су ресурстарын тиімді пайдалану — аграрлық саланың дамуына жол ашатын негізгі бастамалардың бірі. Сауран ауданы аумағында су тапшылығы болғандықтан, тамшылатып суару технологиясы таптырмайтын мүмкіндік. Жаңа бастама суды үнемдей отырып, егін көлемін арттырады.
Семинар негізінде аудан диқандары тамшылатып суару әдісінің тиімділігіне көз жеткізуде. “Ауыл шаруашылығы саласында кеңінен тарала бастаған тәсілдің тиімді тұстары көп. Тамшылатып суару әдісінің арқасында арықпен суарылған жерлерге қарағанда астық молырақ жиналады. Артық шығынды қажет етпейді. Суды үнемдеп, жұмыс күшін қысқартады» — дейді “Ақсақ-керіз” шаруа қожалығының иесі. Жаңа тәсілді егжей-тегжейлі меңгерген диқан-шаруаларға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ауылдық округтен келген мамандар мен шаруаларға тамшылатып суарудың жолдарын көрсетті.
Атап өту керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында құрғақшылық пен су тапшылығы мәселесін көтеріп, су үнемдеу технологиясын кең ауқымда қолдануды тапсырған. Осы бағытта облыс әкімі Дархан Сатыбалды егін шаруашылығында жаңа бастамаларды қолдап, шаруаларға мол мүмкіндіктер ұсынуда.
Жаңбырлатып суару микроклиматты өзгертіп, өсімдіктердің жақсы өсуіне жағдай жасайды. Ауаның жер бетіне жақын қабатының ылғалдануына байланысты оның температурасы төмендеп, ылғалдылығы артады. Суару кезінде ауаға жаңбырлатып шашыратылатын су оттегі, көмір қышқылы және азоттық газға ұқсас қосындыларымен байытылады. Су өсімдік бетіндегі шаң мен балшықты шайып, олардың өнімділігін арттырады.
Осы негізде саурандық Жеңісхан Тойбеков «Тауекел Агро» шаруа қожалығының иесі су үнемдеу технологиясына жаппай көшуде. Жаңа технологиямен қарқынды жұмыс жасалынып жатқанын бақылаған аудан басшысы Мақсат Таңғатаров егістік алқабына арнайы барды. Бүгінде 210 гектарға жаңбырлатып суару әдісі арқылы Плата жоңышқа тұқымын егу жұмыстарын бастаған. Алдағы жылда егін аумағын 500 гектарға ұлғайтуды жоспарлауда. Егістік алқабына сегіз скважина қазылған.
Жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алуға 50%-дан 80%-ға дейін техника шығындары мемлекет тарапынан субсидияланған. Бұл технология арқылы шамамен 2,1 текше метр шақырым суды үнемдеуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімінің өнімділігін 1,5 — 2 есеге арттыруға мүмкіндік береді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.