Ағымдағы жылдың 7 қарашасы күні Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Оранғай ауылдық округіндегі М.Қазыбеков атындағы жалпы орта мектебінің оқушылары арасында құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында Сауран аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің инспектор маманы Н.Мирзакулов пен М.Қазыбеков атындағы жалпы орта мектебінің педагог-психолог маманы Д.Садикованың қатысуымен түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Іс-шараның мақсаты — жастар мен жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру және жасөспірімдер арасында әлімжеттік пен құқықбұзушылықты жою.
Құқықтық сауаттылық – ол мемлекеттің құқықтық негіздерімен, нормаларымен таныс болу. Яғни, өз құқығын білген адам ғана кез келген ситуациядан оңайлықпен шыға алады. Мысалыға, отбасындағы құқық бұзушылық, мектеп, жоғарғы оқу орнындағы құқық бұзушылықты алсақта осылардың барлығын алдын алу үшін өз құқығымызды білуіміз қажет. Себебі қазір құқықтық сауаттылық қоғам үшін маңызды.
Кездесу барысында жастардың өзіне деген сенімділігін қалыптастырып, өз мүмкіндіктерін анықтап, қоғаммен және өзара қарым-қатынастағы жарасымды мінез қалыптастыруын, жастардың өздерін келеңсіз жағдайлардан аулақ ұстауын және өздеріне деген сенімділіктерін арттыру бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, оқушылармен құқықтық сауаттылықты арттыру бойынша практикалық жұмыстар жүргізілді.
Кездесу соңында «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің инспектор маманы Н.Мирзакулов жасөспірімдер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, оларға жаман әдеттерден бойын аулақ ұстап, өз құқықтарын жете біліп, оны өмірде қолдана білуге, құқықтық білімдерін толықтыруға, еліміздің болашағы жастар екенін және қазіргі жастардың мүмкіндіктері жоғары екендігін тілге тиек етті.
Орайы келгенде айта өтейік, Түркістан облысында білім ұяларының саны өткен жылмен салыстырғанда 32 мектепке артып, 983-ке жетті. Оның ішінде 75-і – жекеменшік мектеп. Оқушы саны артып, 514 мыңнан асты. Орта білім саласындағы өзекті мәселер Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалық етуімен өткен жиналыста талқыланды.
Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының баяндауынша, халық саны жағынан тығыз орналасқан Түркістан облысында білім саласының деңгейін көтеруде мамандар жеткіліксіз. Өңірде педагогтар саны – 67 333, білім алушылар саны – 540 609, жалпы мемлекеттік білім беру ұйымдарының саны – 1376, білім саласына қатысты мемлекеттік қызметкерлер саны жалпы — 106.
«Білімді ұлт» сапалы білім беру» Ұлттық жобасы бойынша облыстағы 824 мемлекеттік негізгі және орта білім беру ұйымдарын 3 мыңнан астам физика, химия, биология, STEM пәндік кабинеттермен қамтамасыз ету жоспарланған.
Апатты және үш ауысымды мектептерді азайту үшін жұмыстар күшейтілген. Мемлекет басшысының 2022-2025 жыл аралығында 1000 мектеп салу бағдарламасы бойынша апатты жағдайдағы үш мектеп анықталып, құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жыл аралығында Түркістан облысында 60-тан астам заманауи мектеп салынады. Жайлы мектептер барлық аудан, қалаларда бой көтереді.
Облыстағы 52 колледжде 37 мыңға жуық бала білім алады. Дуальды оқумен қамтылған колледждер саны – 35. Биылғы оқу жылына кадрларды даярлауға 71 мамандық бойынша 17 000 орынға мемлекеттік грант бөлінді. Колледждерді қамқорлыққа алу жөнінде 29 колледж 53 кәсіпорынмен меморандум түзді. Сонымен қатар Жұмыспен қамту орталығы, «Атамекен» ҰКП, кәсіпкерлік және білім бөлімдерінің мамандарын тарта отырып, аудандарда ауыл шаруашылығы колледждерінің базасында жастарды қолдау орталықтары (ЖҚО) ашылмақ. Осы арқылы Түркістан облысының ауыл жастарын NEET санатынан шығару қарастырылуда.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.