Түркістан облысы: Сауран ауданында «Жайлы мектеп» жобасы бойынша ауданда 7 мектептің құрылысына арнайы жер орындары белгіленіп, құжаттары рәсімделген

Сауран ауданының орталығы Шорнақ елдімекенінен 38 гектар жер бөлініп, онда аудандық әкімдік, күштік құрылымдар ғимараттары мен инженерлік инфрақұрылымдардың құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков мәлімдеді.

Бүгінгі таңда аудан әкімдігінің ғимаратының құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл нысан келесі жылдың басында қолданысқа беріледі. Әкімшілік іскерлік орталықтағы басқа да ғимараттарды 2023 жылы толық пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Шорнақ елдімекенінде өрт сөндіру депосы мен 200 орындық аудандық орталық аурухананың, 500 орындық мәдениет үйінің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда.

Аудан әкімінің айтуынша, «Жайлы мектеп» жобасы бойынша ауданда 7 мектептің құрылысына арнайы жер орындары белгіленіп, құжаттары рәсімделген. 2023-2024 жылдар аралығында С.Қожанов елдімекенінде 300 орындық, Еңбекші дихан мен Қарашық елдімекендерінде 600 орындық, Аша, Ынталы және Құмтүйін елдімекендерінде 900 орындық, ал Ескі Иқан елдімекенінде 2 000 орындық мектептің құрылысы басталып, ел игілігіне тапсырылмақ.

Қисыны келгенде атап өтер жайт, ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған «Жайлы мектеп» жалпыұлттық жобасының жүзеге асуы — Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауында. Ұлттық жобаның негізгі шарттары мақұлданғанын айтқан облыс әкімі салаға жауапты басшыларға құрылысы 2023 жылы басталатын мектептер бойынша мәселелерді жедел шешуді тапсырды. Сондай-ақ ол мектептерді сапалы жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етіп, оқу процесін цифрландыруға қажетті шараларды шұғыл жүзеге асыруға назар аударды.

Жалпыұлттық жоба аясында жаңа форматтағы мектептер салу жоспарланған. Әзірге 62 мектеп салу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның жартысы келер жылы салынады. Жер бөлу мәселесі шешілген.

Жаңа үлгідегі мектептер салу үшін жер телімдерін бөлу, инженерлік жүйелерін жүргізу, педагогтермен қамту және уақытында құрылысын аяқтау сынды тапсырмалар міндеттелді. Осы арқылы үш ауысымды, апатты, ескірген мектептер санын жою көзделген.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғанын айтқаны белгілі. Бұл – ерекше жоба. Бағыт – айқын. Заманауи мектептердің құрылысын барынша тездету үшін жыл соңына дейін жер, инфрақұрылым мәселесі толық шешілуі тиіс. Бұл жоба білім сапасын арттыруға мол мүмкіндік береді. Жайлы мектептерде балаларға барынша қолайлы жағдай жасалады. Өңірде демографиялық өсім жоғары. Сондықтан өскелең ұрпақты сапалы біліммен қамту аса маңызды, – дейді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасында осы мақсатта 400 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінеді. Жоба аясында ашылған мектептер заманауи құрылғылармен толық жабдықталады. Зертханалармен қамтамасыз етіледі. Бастауыш сыныптарына арналған жеке блог болады. Мақсат – оқушылар мен оқытушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау және білім беру қызметінің сапасын арттыру.

Аталған мектептердің құрылыс жұмыстарына беделді әрі бәсекеге қабілетті компаниялар тартылады. Сонымен бірге жұмыс барысы қатаң қадағаланады. Ол іске аса білікті техникалық қадағалаушылар шақырылмақ. Сондай-ақ бұл мектептер халық көп шоғырланған аумақтарда орналасады.

Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынатын мектептерді салуға дайындықты пысықтауды, осыған қатысты әрбір жұмысты жауапкершілікпен атқаруды тапсырды.

2022-2023 оқу жылында Түркістан облысындағы орта білім беру ұйымдары «BilimLand.kz» цифрлық білім беру платформасына қосылуы мүмкін. Білім сапасын арттыруға бағытталған оқушылар мен мұғалімдерге арналған жүйеге 100% тегін қосылмақ. Цифрлық білім беру платформасы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыға таныстырылды.

«Жаңа жүйе енгізілген жағдайда «Bilim Land» жұмысын мемлекеттік- жекешелік әріптестік аясында жүзеге асырады. Ол арқылы 37 пән бойынша 25 мыңға жуық сабақтар, 3 мыңнан аса интерактивті сабақтар, мыңнан аса ғылыми фильмдер және 70 мыңнан аса ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырмаларынан тұратын білім беру ресурстарын оқу процесінде қолдануға болады. Платформада мектеп пен мұғалімдердің рейтингі шығарылады. Бұл жүйе баланың зейіні мен бейімін шыңдап, ұстаздардың біліктілігін арттыратын қосымша құралға айналады», дейді «Bilim Land» ЖШС-ң басшылығы.

Облыс әкіміне білім мекемелеріне енгізілетін бухгалтерия бағдарламасы да таныстырылды. Пилоттық жоба Астана қаласы мен Павлодар облысында енгізілген. Жаңа жүйені енгізудегі мақсат – көпшілік үшін білім саласындағы қаржыландырудың ашықтығын және тиімділігін бақылауды қамтамасыз ету. Бухгалтерияны, кадрларды, есепке алу мен бюджетті жоспарлауды автоматтандыру сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын алуға және қаржыны тиімді пайдалануды арттыруға жағдай жасайды.

Білімнің сапасын көтерудің аса маңыздылығын айтқан облыс әкімі Дархан Сатыбалды жаңа жобаларды толық зерттеп, зерделеуді тапсырды. Өңірдегі интернетке қолжетімділікті күшейтудің қажеттілігін айтты.

– Білім сапасын көтеру – ең үлкен мақсатымыз. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтеміз. Сапалы білім беру – оқыту мен тәрбиелеудің үздіксіз үрдісі. Баланың бойындағы бар қабілетін кемеліне келтіріп жетілдіруде мұғалімнің рөлі зор. Біліктілікті арттыру арқылы білім сапасын көтеруге болады. Біздің облыста бала саны да, мектеп саны да көп. Сіздердің мақсаттарыңыз түсінікті. Бірақ бұл жобаларды егжей-тегжейлі зерттеу керек. Нақты шешімді содан кейін ғана қабылдауға болады, – деді Дархан Сатыбалды.

Түркістан облысында 900-ден астам мектеп бар. Онда 500 мыңнан астам бала білім алады.

Қазіргі таңда Ескі Сауран қалашығының аумағында «Сапар орталығының» құрылысы жүргізілуде. Ал Оранғай ауылдық округінде жоба құны 2 млрд 200 млн теңгені құрайтын емдік сауықтыру және ойын-сауық қонақ кешенінің құрылыс жұмыстары басталып кетті. Жеке демеушілер тарапынан іске асырылып жатқан қонақүй келер жылы пайдалануға беріледі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.