Түркістан облысы: Сауран ауданында Мәдениет және өнер қызметкерлері күні аталып өтті

Аудандық мәдениет үйінде Мәдениет және өнер қызметкерлер күніне орай, салтанатты жиын, мерекелік концерт өтті. Мәдениет саласының қызметкерлерінің кәсіби мерекесі шарасына аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев арнайы қатысып, атаулы мерекемен құттықтады. Өңір тұрғындарын өнерімен сусындатып, түрлі деңгейдегі мәдени шараларды ұйымдастыруда кешенді қызмет атқарып келе жатқан мәдениет саласының майталмандарына, сала үздіктеріне арнайы алғыс хаттар мен марапаттар табыс етті.

— Сауран өңірі — ежелден өзіндік мәдениеті қалыптасқан, тарих тереңіне тамыр тартқан өнер тарландарына бай өлке. Сауран топырағында дүниеге келіп, бүгінгі таңда республика көлемінде өнер көрсетіп жүрген таланттарымыз өрісімізді кеңейтіп, туған жеріміздің мерейін арттырып жүр. Ауданнан шыққан талантты жас өнерпаздарымыз да халықаралық, республикалық, облыстық байқауларда топ жарып, аудан абыройын асқақтатып келеді. Бүгінде мәдениет қызметкерлері ұлттық өнерімізді дәріптеп, халықты өнерімен сусындатып, рухани қазынамызды өскелең ұрпаққа жеткізу жолында аянбай еңбек етуде. Атаулы мереке қарсаңында барша мәдениет саласы қызметкерлерін, сала ардагерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын, — деді аудан әкімінің орынбасары.

Мерекелік шара аудан өнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты. Онда «Күлдіре білу – өнер» тақырыбында өнерпаздар түрлі топтарға бөлініп, сатиралық қойылымдар орындап, халықтың қошеметіне бөленді.

Жалпы, Сауран ауданында 4 мәдениет үйі, 11 ауылдық клуб, 29 кітапхана бар. 2024 жылы «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында Бабайқорған ауылдық округінің орталығынан 120 орындық клуб-кітапхана ғимаратының құрылысы басталады. Жалпы құны — 366 миллион, қазіргі таңда 100 миллион қаржы қаралған. 

Оранғай, Үшқайық, Шаға ауылдық округтерінде клуб, кітапхана ғимаратын салу үшін жер телімдерінің құжаттары рәсімделді.

2023 жылы Ескі Иқан ауылдық округінде орналасқан мәдениет үйінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 466 миллион теңге облыстық бюджеттен қаржы қаралып, 2024 жылдың 1 қыркүйегінде пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Қарашық ауылдық округінде орналасқан 420 орындық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, облыстық бюджетке қаржы бөлуге ұсыныс хат енгізілді.

Сонымен қатар, мәдениет саласын жан-жақты дамыту үшін («Газель» автокөлігі, 18 орындық) қызметтік көлік алынды. Ұлтаралық татулықты ұлықтау мақсатында қазақ-өзбек ұлттары мен аспаптарынан құралған «Достық» және «Дильшод» ансамбльдері құрылды. 

Осы тұста атап өтерлігі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Еліміздің экономикасы сыртқы саудаға және инвестицияға әрдайым ашық. Инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керек. Бұл –Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі», — деп атап өткен-ді. Осы мақсатта бүгін аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев ауданға инвестиция тарту мәселесі бойынша инвесторлармен кездесті.

Кездесу барысында инвесторлар Жаңа Иқан, Шаға, Иассы, Ораңғай ауылдық округтерінде 4 спорт кешені салынатындығын айтты. Айта кетсек, ауданға инвесторлар тартылып, жаңа нысандардың ашылуы аудан бюджетінің ұлғаюына алып келеді. Сонымен қатар, ашылған нысандарда жергілікті спорт саласының мамандары жұмыспен қамтылып, жастарды спортқа баулуға өз септігін тигізеді. Аудан бойынша жалпы жеке меншік салынған 7 спорт кешені бар. Аталған нысандарда 7 мың 918 бала жаттығады.

Бүгінгі таңда Азия чемпионатына жолдама алған 1 спортшы, Қазақстан чемпионы 11, облыстық чемпиондар 50-ден астам.

Облысқа қарасты №1 және №2 спорт мектептері Сауран ауданының жасөспірімдеріне қызмет жасайды. №1 мектепте 32 елді мекенде және №2 мектепке қарасты 28 елді мекенде  жаттықтырушылар халыққа жұмыс істеп жатыр. 2024 жылдың бірінші жарты жылдығында Сауран ауданы Бабайқорған ауылдық округінің орталығынан спорт зал пайдалануға беріледі және «Ұлттық спорт клубы» ашылады.    

Сауран ауданының орталығынан «Спорт кешені» салынбақ. Жалпы құны — 1786,88 миллиард теңге,  қазіргі таңда 510 миллион теңге қаржы қаралған. 

Жеке кәсіпкер есебінен 4 ауылдық округте (Жаңа Иқан, Шаға, Иассы, Ораңғай) 4 спорт кешені салынады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin