Бүгін Ескі Иқан ауылдық округінде «Ынтымақ, бірлік, келісім — ең асыл бақыт ел үшін» атты шара ұйымдастырылды. Жиынға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы қатысып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Аталған тақырып аясында аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Балтабай Жарылқасынов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов пен Өзбек этномәдени орталығының төрағасы Құрбанбай Рысбеков тақырып аясында көпшілікке баяндама жасады. Оған «Қоғамдық келісім» мекемесінің аудандық филиалының басшысы Арсылан Раматуллаев және аудандық мәслихат депутаттары мен ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты.
Басқосуда ұлттық бірлікті сақтау, бірегейлік қағидатын ұстану және қалыптасқан тату тірлікті жалғастыру секілді тақырыптар кеңінен қозғалды. Аудан басшысы кіріспе сөзінде берекелі іске бейім аудандағы бекем бірлік пен тату тірліктің астарында өзара түсіністік пен сыйластық, бауырмалдық пен құрмет бар екендігін айтып, өңірімізде 10-нан астам түрлі этнос өкілдері тату өмір жүріп жатқандығын жеткізді.
— «Бүгінгі бейбіт күнге де бірліктің, татулықтың, келісімнің арқасында жеттік және оған өзге этнос өкілдері де атсалысты. Сондықтан біздің Ата Заңымыз «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы» деп басталады. Бұл ретте елдегі бірлік пен тұрақтылықты сақтауда айрықша үлесі бар Қазақстан халқы ассамблеясының жасампаз жұмыстары қай қырынан алсақ та үлгі-өнеге екенін атап өткеніміз жөн», — деді Мақсат Таңғатаров.
Қазақ ұлтымен арадағы бауырмалдық қатынас бүгінде берік болғанын айтқан жиынға қатысушылар ұсыныстары мен сұрақтарын қойды.
«Бірлік — бәріміздің де басты мұратымыз. Ең бастысы, көп ұлтты Қазақстандағы ұлтаралық, дінаралық келісім мен татулық — халқымыздың әл-ауқатының жақсаруы, ел экономикасының өркендеуінің басты кепілі. Қай заманда болмасын сан қилы кезеңдерді бастан өткерген еліміз қиындықтарды бірлесіп жеңіп отырған. Бірін бірі сабыр сақтауға шақырып, «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деп ынтымақ бірлігін бекіте түскен. Демек тындырымды тірліктің, дамудың да, бейбітшіліктің де бастауы бірлік екендігін айтып, баршаңызды ынтымақты өмір сүруге шақырамын» — деп жиынды қорытындылады аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов.
Сонымен қатар бүгін «Ынтымақ, бірлік, келісім – ең асыл бақыт ел үшін» тақырыбында Жаңа Иқан ауылдық округінде де жиын болып өтті. Шараға Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейлхан Ыбыханұлы, аудандық Ақсақалдар алқасының төрағасы Балтабай Ермекбайұлы, Сауран аудандық өзбек-этно мәдени бірлестігінің төрағасы Құрманбай Жолданбайұлы қатысты.
Жиынның негізгі мақсаты Сауран ауданында өмір сүріп жатқан түрлі этнос өкілдері арасындағы татулықты нығайту, этносаралық кикілжіңдердің алдын-алу, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті қамтамасыз ету болып табылады.
Баяндамашылар қоғамды демократияландыруды тереңдету, оны топтастыру, азаматтық татулықты, тұрақтылықты, этносаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету негізінде еліміздің мемлекеттік тәуелсіздігі мен егемендігін, қоғамдық келісімді және ұлттық бірлікті одан әрі нығайту бағытында баяндама жасады.
Жиын соңында тыңдаушылар тарапынан көптеген ұсыныс-пікірлер айтылды. Көтерілген мәселелер мен ұсыныстар назарға алынып, жұмыс жалғасатын болады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.