
22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз мерекесі қарсаңында Сауран ауданының орталығы Шорнақ елді мекенінде жаңа көпқабатты тұрғын үйлер пайдалануға берілді. 24 пәтерлі 2 тұрғын үйдің кілті кезекте тұрған азаматтарға табысталды.
Аудан тұрғындарын баспанамен қамтамасыз ету мақсатында соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда 1800 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Өткен жылы Жүйнек ауылында 1 қабатты 4 пәтерлі 16 отбасыға тұрғын үй пайдалануға берілген болатын. Жалпы, соңғы жылдары аудан көлемінде 47 100 шаршы метр тұрғын үй халық игілігіне тапсырылды.
Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында аудан аумағында тұрғын үймен қатар, әкімшілік, прокуратура, полиция бөлімінің және аумақтық органдардың жаңа ғимараттары да бой көтерді. Бұл – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының айқын көрінісі.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров салтанатты шара барысында тұрғындарды Наурыз мерекесімен құттықтап, баспаналы болған азаматтарға құттықтау сөзін жеткізді. Ол аудан тұрғындарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
Сонымен қатар облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов пен Сауран аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байыспаев та алғы сөз алып, тұрғындарды құттықтады.
Наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған бұл игі шара аудан тұрғындары үшін ерекше қуаныш сыйлады. Жаңа қоныс иелеріне ыстық ықылас пен ізгі тілектер жолданды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.