Сауран ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен облыстық «Сауран кеші көңілді» атты жайдарман ойыны өтті. Ойынның басты мақсаты — жастар саясатын жүзеге асыру, өнерге деген шығармашылық ізденістерін дамыту, талантты, дарынды жастарға қолдау көрсету.
Сауран ауданының құрылғанына 3 жыл толуына орай ұйымдастырылған жайдарман ойынына Кентау және Түркістан қалаларынан және Шардара, Созақ, Сауран аудандарынан ұзын-ырғасы 7 команда қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Шараны Сауран ауданы әкімінің орынбасары Ерол Жанғазиев және Сауран аудандық мәслихатының депутаты Х.Шарапов ашып, қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Ойынға Сауран ауданы мәслихатының депутаты Х.Шарапов, «Tukistan TV» телеарнасының жүргізушісі Н.Нұрзілда, қоғам белсендісі Г.Өстемірқызы, Сауран ауданы «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы А.Дүйсенбекова қазылық етіп, ойыншыларға әділ бағаларын берді.
Белсенді һәм жалынды жастардың қызыққа толы ойыны нәтижиесінде бірінші орынды Кентау қаласынан келген «Жеңіс» командасы иеленді. Екінші орын Түркістан қаласының үкілеген үміті — «Absalut» командасы бұйырды. Үшінші орынды Шардара ауданының атынан шыққан «Байдың қыздары» командасы алды. “Плагиат” командасының ойыншысы Қуат Серікбаев “Үздік ойыншы” номинациясымен және барлық қатысушы командалар үздік ойын көрсеткендері үшін Сауран ауданы әкімінің арнайы алғыс хатымен марапатталып, жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар табысталды.
Естеріңізде олса, Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің және «Жастар рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен «25 қазан – Республика күніне» орай Түркістан облысы әкімінің кубогіне арналған республикалық «Jaidarman» ойыны өткен болатын. Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
– Еліміздің ең ұлы мейрамы Республика күніне орай өткізіліп отырған «Жайдарман» ойынына қош келдіңіздер. Түркістан – тарихи орталық қана емес, креативті, талантты жастардың ордасы. Өңірде белсенді, шығармашыл жастар өте көп. «Жайдарман» – көрермен мен жастарды біріктіретін сәтті жоба. Үлкен қозғалыс. Елімізің түкпір-түкпірінен келген жастардың бір сахнада өнер көрсетуі – үлкен көрсеткіш, бірліктің белгісі. Біз жастарды қолдаймыз және жастармен бір толқында болуға тырысамыз. Барша командаға сәттілік тілеймін! – деді Ертай Кенжебекұлы.
Жас таланттарды таныту, жастардың шығармашылық қабілеттерін шыңдау және елімізде бәсекеге қабілетті мәдени буын қалыптастыруға үлес қосу мақсатында ұйымдастырылған өнер додасын Қазақстан КВН Одағы РЖҚБ Президенті Есентүгел Елеукен жүргізді. Сайыста еліміздің әр өңірінен келген және жергілікті жастардан құралған 11 команда қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Ойын соңында қазылар алқасы әрбір команданың өнерін сараптап, таңдаған тақырыптары мен әзілдерінің мазмұны, оны көрерменге жеткізе білу ерекшеліктерін жан-жақты талқылап, командалардың ерекше тұстарын атап өтті. Жастардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға және достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған бұл өнер додасында қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені Орал қаласынан келген «Талант» командасы иеленіп, 1 миллион теңгені қанжылады. II орыннан Алматы қаласынан келген «Эверест» командасы көрініп, 500 мың теңгені еншілесе, Түркістан облысының «Ақбұлақ» командасы III орынды місе тұтып, 300 мың теңге сыйақыға ие болды. Тартысты доданың қатысушы командаларына облыс әкімінің алғыс хаты табысталды.
Айта кетейік, биыл қазақ тілді «Жайдарманға» 25 жыл толып отыр. Республикалық деңгейде «Жайдарман» сайысы облыста екінші рет ұйымдастырылып отыр. Қазіргі таңда өңірде 142 жайдарман командасы бар. Облыс көлемінде биыл жастардың қатысуымен 534 «Жайдарман» ойыны өткізілген екен.
Жалпы, «Жайдарман» – еліміздегі ең алғашқы жастар арасындағы әзілден құралған ойын түрі. Астары бар әзіл, саясаттың қыр-сырын күлкі арқылы жеткізу, әрбір адамның қолынан келе бермейді. Осындай талантты жастар қоғамға үлестерін қосып және жалпы жастар саясатындағы қозғалысты дамытып, еліміздің рухани байлығын кеңейтуде атсалысып жүрген жастар баршылық. Ширек ғасырлық тарихымен талай жастарды биік шыңдарда көрсетіп жүрген бұл ойынның орны ерекше.
«Жайдарман» ойындары жастардың шығармашылық алаңы ғана емес, қоғамдағы түйткіл мәселелерді әзілмен астарлай жеткізетін өнер додасына айналған және қазақстандықтар сүйіп көретін телевизиялық жоба ретінде қалыптасты. «Жайдарман» алаңының мектеп жасындағы жеткіншектермен қатар студенттерді, жұмысшы жастарды қоса алғанда талай таланттарды топтастырғаны көңіл қуантады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.