Түркістан облысы: Сауран ауданында тамшылатып суару әдісімен мақта егіліп жатыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында құрғақшылық пен су тапшылығы мәселесін көтеріп, су үнемдеу технологиясын кең ауқымда енгізуді тапсырған болатын. Осы мақсатта облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының бастамасы бойынша арнайы делегация ҚХР-ға іссапармен барып, инвесторлармен келіссөздер жүргізген. Келісім негізінде Сауран ауданында жаңадан тамшылатып суару әдісімен мақта егу жұмыстары басталды.

Аудан басшысы Мақсат Асылбекұлы егіндік алқапқа барып, арнайы бақылау жүргізді. Жүйнек ауылдық округіне қарасты 133 гектар жерге ЖК «Датқа» шаруа қожалығы мен Қытай Халық Республикасының «Чжунхорун» компаниясы бірлесіп, су үнемдеу технологиясымен мақта егуде.

Серіктес компаниямен келісімшарт түзіліп, арнайы техникалар сатып алынған. Қазіргі таңда, ауыл шаруашылығы техникалары, дән сепкіш құрал жабдықтар мен тамшылатып суару технологиясының кешені жеткізілген. Егіндік аймақта 60 метр тереңдікте 5 дана тік дренажды ұңғыма қазылып, электр бағаналары орнатылған. 133 гектарға мақта егілген соң, жер үсті шлангаларын төсеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Айта кетейік, Түркістан облысы — еліміз бойынша мақта дақылын өсіретін жалғыз өңір. Мақта шаруашылықтарындағы 25 мың агроқұрылымда 70 мыңға жуық шаруа еңбек етеді. Облыста жыл сайын 100 мың гектарға мақта дақылы егіліп, 300 мың тоннадан астам өнім жиналуда. Мақта саласындағы негізгі түйіткілді мәселе – баға тұрақсыздығы. Себебі елімізде бәсекеге қабілетті тоқыма және тігін өнеркәсібі дамымағандықтан, шитті мақтаны сату бағасы экспорт нарығына тәуелді болып отыр. Республикада мақта талшығын терең өңдеу бойынша тек 3 кәсіпорын бар, олардың үлесінде мақта талшығының қайта өңделген көлемі 18%-дан аспайды. Мәселенің шешудің жолы – облыста мақта-тоқыма кластерін құру. Осыған орай Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен ауқымды жұмыстар басталды.

Өткен жылы «Мақта шаруашылығын дамытудың және мақта-тоқыма кластерін қолдаудың 2027 жылға дейінгі өңірлік жол картасы» бекітілді. Оған сәйкес 4 басым бағыт белгіленген. Атап айтқанда, егістікті әртараптандыру, тұқыммен қамтамасыз ету, жаңа технологияларды енгізу және мақта кластерін құру. Жол картасына сәйкес, 2027 жылға дейін 9 мақта кластерін құру көзделуде. Нәтижесінде мақта бағасына алдағы жылдары тәуелділік жойылатын болады. Түркістан облысында мақта — тоқыма саласында 75 зауыт-фабрика ашу жоспарланған.

Осы мақсатта, 2023 жылы Мақтаарал ауданында Cotton Мақта» ЖШС мақта өңдеу зауыты жобасы жүзеге асырылды. Жоба құны – 3 миллиард теңге. Жылдық қуаттылығы 60 мың тонна мақта талшығын шығару. Зауытта 80 адам жұмыспен қамтамасыз етілген. Өткен жылы мақта өңдеу зауыты 40 мың тонна шитті мақтаны қабылдады. Зауытты заманауи қытайлық технологиямен жарақтандырудың нәтижесінде, күніне 600-650 тонна шитті мақтаны өңдеуге мүмкіндік берді.

Бұдан бөлек, облыста бүгінгі күнге ҚХР, Өзбекстан инвесторларының қатысуымен 223,5 миллиард теңгені құрайтын 2 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Мақтаарал ауданында «Global Textile Solution» ЖШС-нің құны 21 миллиард теңге құрайтын «Мақта-тоқыма кешені және логистикалық хаб құру» жобасы жүзеге асады. Жоба негізінде 2000 жаңа жұмыс орындары ашылады. Жобаның қуаттылығы – 160 мың тонна. Ауқымды жоба 2026 – 2027 жылдары толық іске қосылады.

Сондай-ақ Жетісай ауданында «TST JETISAY TEXTILE» ЖШС-нің құны 7,6 миллиард теңгені құрайтын жобасы жүзеге асып жатыр. Жылына 7500 тонна иірілген жіп фабрикасында 200 жаңа жұмыс орны құрылады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin