Түркістан облысы: Сауран ауданында халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету ұдайы әкімдік назарында тұр

Аудан әкімінің бастамасымен жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, ауызсу тапшылығы мәселесін жоюға жұмылдырылуда. Осы бағытта ауданның 12 ауылында ауыз су жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жауапты тұлғалармен бірге Жүйнек, Қарашық ауылдық округі мен Құмтүйін елді мекенін арнайы аралады. Бақылау аясында аудан әкімдігінің тиісті мамандарымен бірге атқарылып жатқан жұмыстарды қадағалады.

Бүгінде аудандағы 34 елді мекеннің 99,9 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Алдағы уақытта атқарған жұмыстардың арқасында 12 елді мекенде су қысымының деңгейі артып, уақытпен берілетін ауыз су жүйесі енді 24 сағат бойы үздіксіз берілмек.

Тарқатып айтқанда, Шаға, Қазақстанның 30 жылдығы, А.Үсенов, Жүйнек, Қарашық, Нұртас және Шойтөбе елді мекендерінде ауыз су жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған ауылдарда таза ауыз су өзекті мәселеге айналған. Өйткені, кейбір елді мекендерде кеңестік заманнан қалған ескі құбылар ескіріп, жарамсыз болып қалған. Ал, кейбір жерлерде су тапшылығы сезіліп, тұрғындар таза ауыз суға зәру болуда.

Бұл мәселені аудан басшыларыда тікелей назарға алып, биыл біршама жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, аудан әкімінің бастамасымен жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, ауыз су тапшылығы мәселесін жоюға жұмылдырылуда. Өңір басшысының тікелей тапсырмасымен ескі құбырлар ағымдағы жөндеуден өткізілуде.

Бүгінде аудандағы 34 елді мекеннің 99,9 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Алдағы уақытта атқарған жұмыстардың арқасында 12 елді мекенде суы қысымының деңгейі артып, уақытпен берілетін ауыз су жүйесі енді 24 сағат бойы үздіксіз беріледі. Аталған жобаның құрылыс жұмыстарын “TGL Kazakhstan” ЖШС мердігер мекемесі жүзеге асыруда. Жыл соңында дейін ағымдағы жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан деректерге сенсек, Түркістан облысында ауыз су саласына 2023 жылы 70 нысанның құрылысына бюджеттен 18,6 миллиард теңге бөлініп, 36 нысан құрылысы аяқталды, қалған 34 нысан 2024 жылға өтпелі болды. Нәтижесінде 20 елді мекен ауыз сумен қамтылды, 9 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылды. Сонымен қатар 3 елді мекенде (Сарыағаш, Төлеби, Қазығұрт аудандары) су тазалау имараты мен су жинау қоймасы, 15 шағынауданда су құбырлары салынды. 2023 жылдың қорытындысына сәйкес, 800-ден астам елді мекеннің 739-ы (7 қала, 732 ауылдық елді мекен) немесе 89,1%-ы ауыз сумен қамтамасыз етілді.

Биыл бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.

– Мемлекет басшысы 2025 жылы өңіріміздегі елді мекендерді 100 пайыз ауыз сумен қамту міндетін жүктеді. Ауыз су – ең маңызды және бірінші мәселе. Жауапкершілікпен қараңыздар. Жерасты су көздерін геологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Екіншіден, нысанды салу тапсырысын жеңіп алған мердігерлер мен кәсіпкерлердің жұмысын қадағалаңыздар. Әрбір су нысаны сапалы әрі уақтылы тапсырлуы тиіс. Аузы сумен қамту бойынша жаңа тәсілдер, ізденістер, зерттеулер қажет. Жауапты басқарма мен аудан, қала әкімдері осы міндеттерді орындасын. Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту – басты міндет, – деген-ді Дархан Сатыбалды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың айтуынша, 70 елді мекенді ауыз сумен қамту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

2024 жылы 61 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджет есебінен 14,1 миллиард теңге бөлінді. Соның ішінде, биыл 35 нысан аяқталады, қалған 26 нысан 2025 жылға өтпелі. Нәтижесінде 12 елді мекен (Сарыағаш – 2, Отырар – 1, Төлеби – 1, Келес – 4, Созақ – 4) ауыз сумен қамтылады, 12 елді мекеннің (Бәйдібек –1, Арыс –1, Сарыағаш – 1, Төлеби – 3, Жетісай – 2, Мақтаарал – 2, Түлкібас –1, Шардара –1) тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылады.

2024 жылдың қорытындысына сәйкес, 829 елді мекеннің 768-ін (7 қала, 761 ауылдық елді мекен) немесе 92,6%-ын ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарлануда. Яғни, 29 елді мекенде ауыз су мәселесі шешіледі. Облыс елді мекендерін 100% ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді.

Ол құжатта 41 елді мекенге құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Атап айтқанда, 21 елді мекенде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, биыл 13 елді мекенде құрылыс аяқталып, пайдалануға беріледі, қалған 8 елді мекен 2025 жылға өтпелі. 29 елді мекенде кешенді блок-модуль (КБМ) орнату жоспарлануда. Атап айтқанда, 3 елді мекенге (Келес – 2, Сарыағаш – 1) кешенді блок-модуль (КБМ) қондырғысы орнатылған, іске қосу жұмыстары жүргізілуде. 11 елді мекенге КБМ орнатуға 2024 жылға облыстық бюджет есебінен 336,8 миллион теңге бөлінді.

Өңірде аудан, қала әкімдіктерімен бірлесе талдау жұмыстары жүргізіліп, қорытындысына сәйкес «Облыс аумағындағы кестемен берілетін елді мекендерге тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз етудің іс-шара жоспары» бекітілді. Жоспарға сәйкес, 2024 жылы 32 елді мекен 24 сағат ауыз сумен қамтамасыз етіледі. 2025-2027 жылдары аралығында 133 елді мекенді тәулік бойы ауыз сумен қамту жоспарлануда. Жаңа су көздерін барлау жұмыстары да қолға алынбақ.

Иә, мойындау керек, Түркістан облысы ауызсу тапшылығы жоғары аймақ саналады. Себебі өңірге су негізінен трансшекаралық өзендер арқылы келеді. Бұл мәселені шешуге 2025-2026 жылдары шамамен 33 миллиард теңге көлемінде қаражат жұмсалмақшы. Бұл туралы түнеугүні Орталық коммуникациялық қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Дархан Сатыбалды айтып өтті. «Бізде су мәселесі ең өзекті. Өңірдегі 807 елдімекеннің 70-інде орталықтандырылған су құбыры жоқ. Биыл 30 елдімекенді орталықтандырылған су құбырына қосамыз. 40 елдімекенді сумен қамту 2025 жылға қалады. Жалпы өңірде сумен қамтуға қатысты 100-ге жуық жоба жүзеге асырылмақшы», – деді әкім бұл орайда.

Сол жобалардың ішінде Сарыағаш және Келес аудандарын ауызсумен қамту мәселесі тұрғанын айтты. Әкімнің мәліметінше, бұл өңірлерде жерасты сулары жоқ. Ауызсу Өзбекстаннан бұрынғы канал арқылы келеді. Алайда тұтынушылар санының артуына байланысты құбырдың қуаты төмендеген. Су Сарыағаш ауданына жеткенімен, Келес ауданының тұрғындарын толық қамти алмайды. Осының салдарынан Келес ауданынадағы 56 елдімекен кестемен су алып келген.

«Су ресурстары және ирригация министрлігі бұл мәселені шешу үшін құбырды кеңейту жобасын жүзеге асырады. Жоба әзірленіп жатыр. Министрлік келесі жылы бюджетке ұсыныс беруді жоспарлап отыр», – деді әкім.

Бұл жоба министрліктің қаржыландыруымен жүзеге аспақшы. Сонымен бірге Келес ауданын Өзбекстаннан келетін Зах каналы арқылы сумен қамту жоспарланып отыр. Бұл мақсатта жоба әзірленген. Оның құны 8 миллиард теңгені құрайды.

«Осы екі жоба жүзеге асса, екі ауданда ауызсу мәселесі толық шешіледі»,- деді Дархан Сатыбалды.

Одан бөлек Шардара қаласының халқының ауызсу мәселесі тұр. Бұл елдімекенге де су трансшекаралық өзеннен келетіндіктен, су деңгейі 1 миллиард текше метрден төмендеп кетсе, өңірде ауызсу тапшылығы орнайды.

«Бұл мәселені шешу үшін Тама-Тастамақ деген жерасты суынан ауызсу тарту көзделіп отыр. Оның құрылысы басталып та кетті. Жоба 2025 жылғы бюджеттік жоспарда қолдау тапты. Жоба құны 16 миллиард теңгені құрайды»,– деді әкім.

Сонымен бірге Дархан Сатыбалды Қазақстанның ең үлкен ауылы саналатын 61 мың адам тұратын Қарабұлақ елдмекенінде ауызсу мәселесі шешілмегенін, ауылдың орталықтандырылған су құбырына қосылмағанын да жасырмады. Елдімекенде ауызсу мәселесін шешу үшін 9 миллиард теңгенің жобасы әзірленіп, құрылысы басталып кеткен екен.

Әкім ауызсу инфрақұрылымын дамыту жұмыстары басталып кеткеніне тоқталды. Алайда әр жобаның нақты қай уақытта аяқталып, қашан пайдалануға берілетінін нақтыламады.

Естеріңізде болса, биыл 11 маусымда ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қалалық және ауылдық елді мекендерді сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету мәселелері қаралған-ды. Сол тұста Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз баяндама жасады. Бірқатар өңір әкімдерінің баяндамасы тыңдалды.

Ұққанымыз, өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан қалаларында сумен жабдықтау қызметтері 98,9% қолжетімді болған, ауылдық елді мекендердің тұрғындары 96,6%-ға ауыз сумен қамтамасыз етіліпті. Бұл ретте 9 өңірдің қала халқы 100% қамтылған, ең төменгі деңгей Абай және Павлодар облыстарында байқалады.

Көрсеткіштері төмен өңірлерге басым негізде қаражат бөлінеді, бұл артта қалған өңірлер көрсеткіштерінің деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда республика бойынша 9 облыста топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 29 жоба іске асырылып жатыр. Барлығы 2 мың шақырым су құбырын қайта жаңарту және салу, сондай-ақ 437 елді мекенді сумен қамтамасыз ету көзделген. Бұл жалпы саны 92 мың адам тұратын 44 елді мекенді орталықтандырылған сумен жабдықтауға қосуға мүмкіндік береді. 

Мемлекеттік сараптама алғаннан кейін жүзеге асырылатын 5 жоба әзірленуде. Соның нәтижесінде 200 елді мекенді сумен жабдықтау жүйесі жақсартылып, қамтамасыз етіледі.

2024 жылы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға және реконструкциялауға республикалық бюджеттен 324 жобаны іске асыруға 218 миллиард теңге қарастырылған. Оның 106 миллиард теңгесі қалаларда, ал 112 миллиард теңгесі ауылдарда жобаны іске асыруға бөлінбек.

Үкімет басшысы 2025 жылдың соңына қарай халық 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етілуі керек екенін айтты.

«Бұл – аса маңызды әлеуметтік міндеттердің бірі. Уақыт тығыз, небәрі 1,5 жыл қалды. Әкімдіктер сумен жабдықтау көрсеткіштерінің жоғары деңгейіне қарамастан, ауылдар мен қалаларда тиісті инфрақұрылымды тарту жұмыстарын күшейтуге тиіс. Сумен қамтамасыз ету жұмыстары басым тәртіппен қаржыландырылуы тиіс. Елді мекендердің ішінде су желілерін жүргізу жұмыстарын топтық су құбырларының инфрақұрылымын ауылдардың шекараларына дейін тарту жоспарларымен үйлестіру керек», — деді Олжас Бектенов.

Кейбір топтық су құбырларын салу жобалары жылдар бойы іске асырылып келе жатқанына назар аударылды.

Олжас Бектенов дайын жобалардың болмауына байланысты Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалмай қалу қаупі жоғары аймақтарға тоқталды. Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдері осы бағыттағы жұмысты күшейтуі қажет. Маңғыстау облысының әкіміне су тұщыту зауыттары мен қондырғыларды салу жобаларын жандандыру тапсырылды.

Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрлігі судың сапасы мен тазалығына бақылауды күшейтуі қажет.

Олжас Бектенов сумен қамтамасыз ету саласын автоматтандыру мен цифрландырудың маңыздылығын атап өтті. Оларды енгізу су каналдарының жұмысын жеңілдетіп, су шығыны мен авариялар санын азайтады. Бүгінгі таңда Қызылорда мен Атырауда дайын автоматтандыру жобалары бар. Республикалық бюджетті кезекті нақтылау кезінде Қаржы министрлігіне Өнеркәсіп министрлігімен бірлесіп, осы жобаларды қаржыландыру тапсырылды. «Өңірлердің әкімдіктері жыл соңына дейін өндірістік процестерді цифрландыру бойынша ЖСҚ әзірлеуді аяқтасын» — деді.

Қорытындылай келе, Үкімет басшысы барлық мүдделі мемлекеттік органдардың алдына қойылған маңызды міндетті атап өтті — жыл соңына дейін халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейін арттыру, бұл көрсеткішті ауылдарда 97,8%-ға, қалаларда 99,5%-ға дейін жеткізу. 

Ол үшін, өңір әкімдіктері жыл соңына дейін барлық объектілерді уақтылы тапсырып қана қоймай, келесі жылдың жобалары бойынша бекітілген жоспарлардың, құжаттаманың болуы мен қаржыландыруды қамтамасыз етуі керек. Сондай-ақ биылғы 1 шілдеге дейін 77 ауыл мен 28 қала сумен жабдықтау жобалары бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді аяқтауы тапсырылды.

Иә, Үкімет басшысы Олжас Бектенов сапалы ауыз сумен қамту аса маңызды әлеуметтік міндеттердің бірі деп атады. «2025 жылдың соңына қарай біз халықты 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етуге тиіспіз. Бұл – аса маңызды әлеуметтік міндеттердің бірі. Уақыт тығыз, небәрі 1,5 жыл қалды», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Оның пікірінше, сумен жабдықтау көрсеткіштерінің жоғары деңгейіне қарамастан, әкімдіктер ауылдар мен қалаларда тиісті инфрақұрылымды тарту жұмыстарын күшейтуге тиіс.

«Сумен қамтамасыз ету жұмыстары басым тәртіппен қаржыландырылуы керек», — деп түйіндеді Үкімет басшысы.

Ал, кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының астанасында өтіп жатқан «One Water» саммитінің ашылу салтанатында сөз сөйледі. Мемлекет басшысы аталған іс-шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін Францияға, Сауд Арабиясына және Дүниежүзілік банк тобына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ жиынды Рияд қаласында бірлесіп өткізген Қос киенің сақшысы, Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбделазизге және Сауд Арабиясының Тақ мұрагері, Премьер-министрі Мұхаммед бен Салман Әл Саудқа алғыс айтты. Қазақстан Президенті су қауіпсіздігі орнықты дамудың, экономикалық өрлеудің және қоршаған ортаны қорғаудың негізі болып саналатынын атап өтті.

«Әлемде 2 миллиардтан астам адам сапалы ауыз суға жарымай отыр, ал 4 миллиардтан астам халық су тапшылығына ұшырады. Адамзаттың орнықты келешегін қамтамасыз ету үшін әлем елдері қазіргі сын-қатерлерге қарсы ортақ үн қатуы қажет. Жер аумағы көлемді және теңізге шығатын жолы жоқ ел ретінде Қазақстан судың қадірін анық сезінеді. Су таусылмайтын ресурс емес. Мұны өз басымыздан өткерген жағдайдан білеміз. Судың да сұрауы бар. Оны үнемдеп пайдалану керек. Сонда ғана адамзат өркендеу жолына түседі», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған шараларды бірлесіп қабылдауға шақырды.

«Барша адамзат, әсіресе шалғайда тіршілік етіп жатқан тұрғындар мен халықтардың осал тобы санитарлық талаптарға сай келетін таза ауызсуға қол жеткізуге тиіс. Бұл – олардың құқы. Климат пен су инфрақұрылымына арналған мақсатты инвестициялар су көзімен қамтамасыз етіп, орнықты өсімге септігін тигізеді. Осы арқылы тұтас өңірлер өркендейді. Қазақстанның таза ауызсуға жаппай қол жеткізуді көздейтін Freshwater Challenge жаһандық бастамасына қосылуы еліміздің осы мақсатқа жетуге бейіл екенін растайды», — деді Президент.

Мемлекет басшысының пікірінше, су көздерін өнеркәсіптік, химиялық, ауылшаруашылық және тұрмыстық ластанудан қорғау ісінде технологиялық инновациялар мен реттеу тетіктерін қолдану қажет. Судан таршылық көрмеудің маңызды аспектілерінің бірі – су қоймаларының әлеуетін арттыру, мұздықтарды сақтау, суарудың инновациялық жүйесін енгізу.

Қасым-Жомарт Тоқаев мұздықтарды қорғау мен зерттеуге арналған жаһандық орталықтарды біріктіретін серіктестік құруды ұсынды. «Мұздықтар су алмасу циклінде айрықша рөл атқарады. Олар дүние жүзіндегі 2 миллиард-қа жуық адамды сумен қамтамасыз ететін өзен-көлдерді қоректендіреді. Сондықтан мұздықтардың еруіне жол бермей, тіршілік нәріне мұқтаж өңірлердегі су ресурстарын басқару стратегиясын қолдау үшін бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бірыңғай су саясатын әзірлеген жөн», – деді Президент.

Жыл сайын су тасқыны мен қуаңшылықтан әлемде 1,5 миллиардтан астам адам зардап шегеді. Әсіресе, бұл шағын аралдар мен жағалауда тұратын халықтың әлсіз топтарына қатты әсер етеді. Президент азаматтарды қорғау және қауіп-қатерді азайту мақсатында ерте сақтандыру жүйесін жетілдіру өте өзекті деп санайды.

Мемлекет басшысы су тапшылығы азық-түлік және энергетика қауіпсіздігіне, өнеркәсіп өсіміне қауіп төндіретінін айтты. Оның пікірінше, ауыл шаруашылығындағы су үнемдеуге және энергияның жаңартылатын көздерін дамытуға салған стратегиялық инвестициялар экономика тұрақтылығын арттырып қана қоймай, қоршаған ортаға қысымды төмендетеді.

«Суда шекара болмайды. Ол қоғамдастықтар мен экожүйелерді байланыстырады. Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорының төрағасы ретінде аймақтық ынтымақтастық пен бірлескен іс-қимылдың ілгерілеуіне қолдау көрсетеді. Біздің ойымызша, климаттың өзгеруімен күрестің алдыңғы шебінде жүрген мемлекеттердің диалогты жандандырып, халықаралық ықпалдастықты дамытуы және суға қатысты жобаларды жүзеге асыру үшін ресурстарын жұмылдыруы өте өзекті. Осы мақсатқа сәйкес, Қазақстан бүгін жаһандық су дағдарысын шешуге мүдделі тараптарды біріктіретін және су ресурстарын басқару ісінде жаңашылдықты жақтайтын «One Water Vision» коалициясына ерекше ықыласпен қосылды. Еліміз 2026 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен Өңірлік климат конференциясын өткізеді», — деді Президент.

Мемлекет басшысы 2030 жылға дейінгі орнықты даму саласындағы жаһандық басымдықтардың бірі су ресурстары екенін еске салды.

«Су қауіпсіздігі – жай ғана техникалық немесе экологиялық мәселе емес, бұл моральдық императив. Су қауіпсіздігі проблемасын шешу «One Water» қағидаты аясындағы көпжақты диалогты дамытуды талап етеді. Қазақстан су ресурстарын жаһандық ауқымда басқару ісін нығайтуды көздейтін осы ұжымдық әрекетке өз үлесін қосуға дайын», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Саммитте Сауд Арабиясының тақ мұрагері, премьер-министрі Мұхаммед бен Салман Әл Сауд, Франция президенті Эмманюэль Макрон, Дүниежүзілік банк тобының президенті Аджай Банга, Су ресурстары экономикасы жөніндегі жаһандық комиссияның тең төрағасы (GCEW) Йохан Рокстрем, сондай-ақ басқа да елдердің басшылары, халықаралық ұйымдардың, қауымдастықтар мен компаниялардың жетекшілері сөз сөйледі.

Жә, аудандағы жағдайға қайта оралсақ. Жалпы, Сауран ауданында су құбырларының ағымдағы жөндеу жұмыстары жалғасуда. Аудан әкімі таяуда жұмыс сапарымен су құбырларының ағымдағы жөндеу жұмыстарын тексеру мақсатында Шаға ауылдық округінің елдімекендерін аралады. Су жүйелерінің жағдайы мен оларды жаңарту жұмыстарының барысын қадағалау мақсатында ұйымдастырылған сапар барысында әкім жұмыстардың сапасы мен мерзімінде орындалуын тексерді. Жауапты мамандармен кездесті.

Ағымдағы жөндеу жұмыстары Қазақстанның 30 жылдығы, Құмтүйін және Бершінтөбе елді мекендерінде жүргізілуде. Аталмыш жұмыстардың басты міндеті — су құбырлары жүйесіндегі ақауларды түзету, су берудің үздіксіздігін қамтамасыз ету және тұрғындарға сапалы таза су жеткізу.

Аудан әкімі ағымдағы жөндеу жұмыстарын орындау барысында техникалық талаптарға сай жұмыс істелу керектігін айтты. Сонымен қатар, әрбір тұрғынның сұранысын ескере отырып, жұмысты сапалы әрі уақтылы аяқтау қажеттігін жеткізді.

«Жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау — біздің басты міндетіміз. Су жүйелерінің жаңартылуы тұрғындардың өмір сапасын арттырып, жалпы инфрақұрылымды нығайтуға ықпал етеді. Біз бұл жұмыстарды уақытында аяқтап, барлық тұрғындарды таза сумен 24 сағат қамтамасыз етуге міндеттіміз», — деді аудан әкімі Мақсат Таңғатаров.

Жұмыстардың сапалы және мерзімінде орындалуы үшін қосымша бақылау шаралары енгізіліп, жауапты қызметкерлерге нақты тапсырмалар жүктелді.

Ақыры инфрақұрылым мәселесі сөз болды, «көгілдір отынның» да жай-күйін тарқата кетейік. Түркістан облысы әкімінің тапсырмасына сәйкес, аудан халқын «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету бойынша қарқынды жұмыстар атқарылуда. Өңірде 10 елді мекенге табиғи газ құбыры жүргізіліп, қамтамасыз ету деңгейі 31,4 пайызды құрап отыр. Жыл басында Бершінтөбе, Ибата елді мекендері табиғи газға қосылған.

Жуырда Жүйнек, Қарашық ауылдық округтерін газбен қамту бағытында магистральды және ішкі құбырларының құрылыс жұмыстары басталды. Аудан басшысы Мақсат Таңғатаров елді мекенге арнайы барып, тұрғындармен кездесті. Ауыл тұрғындары шынайы ризашылығын айтып, Мемлекет және облыс басшылығына алғыстарын білдірді.

Қазан айында басталған газ құбырын жүргізу құрылысы 2025 жылдың қазан айында аяқталу жоспарланған. Жалпы, ұзындығы 45,5 шақырымды құрайды. Жоба құны — 5,3 миллиард теңге. Аталмыш жұмыстарды мердігер мекеме «Gas Energy Construction» ЖШС» ЖШС атқарады. Ал, техникалық қадағалаушы «Raymbek company» ЖШС» ЖШС мекемесі жүзеге асырмақ.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin