Түркістан облысы: Сауран ауданының әкімі Шаға және Ескі Иқан ауылдық округтері тұрғындарымен кездесті

Мемлекет басшысы: «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін. Олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін», — деп тапсырма берген болатын.

Осыған орай, бүгін Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров бірінші жартыжылдық бойынша бекітілген кестеге сәйкес, Шаға ауылдық округі тұрғындарымен кездесті. Кездесуде аудан әкімі ағымдағы жылдың 5 айында атқарған және алдағы уақытта атқаратын жұмыс жоспарлары туралы баяндап өтті. Сонымен қатар, Шаға ауылдық округінің әкімі Ырысқали Жұмановтың 2024 жылдың 5 айында атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды.

Аудан әкімінің мәлімдеуінше, 2023 жылы ауданның жалпы өңірлік өнімі 120,4 миллиард теңгені құраған болса, ағымдағы жылы 132,4 миллиард теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда нақты 10,4 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыты 84,7% — ауыл шаруашылығының, 10,2% — өнеркәсіп саласының және 5,1%-ы құрылыс жұмыстарының үлесінде екенін жеткізді.

Ауданның экономикалық дамуын анықтайтын басты сала – ауыл шаруашылығында 2023 жылы 101,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, ағымдағы жылы бұл көрсеткішті 112,1 миллиард теңгеге дейін арттыру көзделген. Ағымдағы жылдың 4 айында нақты 7,1 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Әр салаға жеке тоқталған аудан әкімі барлық салада өсім бар екенін атап өтті. Соның ішінде құрылыс және коммуналдық салалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары тарапынан Молда Мұса мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, шаруаларға жанар-жағармай мәселесі, көшелерді асфальттау, электр жарығының әлсіздігін, жайылым жердің жоқтығын, ауыз су, қоғамдық көлік жүргізу тағы да басқа көптеген мәселелерді көтерді. Ауыл тұрғындарының мәселелерін тыңдаған аудан әкімі Мақсат Асылбекұлы барлық сұрақтарға жауап беріп, жоспарға сәйкес, тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.

Сонымен қатар бүгін Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров бірінші жартыжылдық бойынша бекітілген кестеге сәйкес, Ескі Иқан ауылдық округі тұрғындарымен де кездесті. Кездесуде аудан әкімі ағымдағы жылдың 5 айында атқарған және алдағы уақытта атқаратын жұмыс жоспарларымен бөлісті. Жиында Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі Дилшад Саитов 2024 жылдың 5 айында атқарған жұмыстарын баяндады.

Әр салаға жеке тоқталған аудан әкімі барлық салада өсім бар екенін атап өтті. Соның ішінде құрылыс және коммуналдық салалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары тарапынан жер мәселесі, көшелерді жарықтандыру, көпір құрылысының аяқтау, көшелерді асфальттау тағы да басқа көптеген мәселелерді көтерді. Ауыл тұрғындарының мәселелерін тыңдаған аудан әкімі барлық сұрақтарға толық жауап берді. Жоспарға сәйкес, тиісті жұмыстар кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin