Түркістан облысы: Сауран ауданының әкімі жастар орталығының 3 жылдық шарасына қатысты

Бүгін Шорнақ ауылдық округінде орналасқан Ахмет Байтұрсынұлы атындағы жалпы орта мектебінде аудандық Жастар ресурстық орталығының құрылғанына 3 жыл толуына орай, мерекелік шара болып өтті. Жиынға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров пен Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы Ернар Бектаев, аудандық мәслихат депутаты Хуршид Шарапов пен ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов, «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері» кеңесінің төрағасы Тілес Ақай мен аналар кеңесінің төрайымы Нышанкүл Жұманова арнайы қатысты.

Мерекелік шарада аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жастар ресурстық орталығының құрылғанына 3 жыл толуымен құттықтап, бір топ белсенді жастарды алғыс хатмен марапаттады.

“Жастар ресурстық орталығы 2021 жылдың 12 шілде күні Әділет басқармасында заңды түрде тіркелген. Яғни бұл күні «Сауран жастары» күні деп айтсақ болады. Ел болашағын, Отанымыздың мәртебесін, қоғамның жарқын бейнесін қалыптастырушы ұлтжанды жастарды қашанда қолдаймыз. Жастар аудан көлемінде көптеген маңызы бар іс-шараларды атқарып, ауданның дамуы, көркеюі жолында аянбай еңбек етіп келеді. Жастардың бойынан тың идеяларын тыңдап, оларға әрдайым қолдау көрсетуге әзірмін. Сондықтан қоғамда «Жастар — қоғамның қозғаушы күші» екенін айтқым келеді. Ауданның Жастар ресурстық орталығының белсенді жастары қашанда игілікті істің басы қасынан табылып, ауданның өркендеуіне атсалысады деп сенім білдіремін”, — деді Мақсат Асылбекұлы.

Сонымен бірге, Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы Ернар Бектаев, аудандық мәслихат депутаты Хуршид Шарапов құттықтау сөз сөйлеп, жастарды алғыс хаттармен марапаттады. Мерекелік шараның көркін «Достық» ансамблінің концерттік бағдарламасы көптің көңілін бір серпілтіп тастады.

Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы — білімді де білгір жастардың қолында. Жастар алдыңғы буын ағалардың жолын лайықты жалғастыруда. Жастар ресурстық орталығы жастармен тығыз жұмыс жүргізіп келеді. Орталық аудан жастарын көптеп тарта отырып, оларды патриоттық рухқа тәрбиелеу, имандылыққа баулу бағытында бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруда. Соның арқасында жастарды отансүйгіштікке, имандылыққа баулу, олардың рухани мәдениеттерін арттыру сияқты мұратты істерде бірқатар жетістіктерге жетіп келеді.

Орайы келгенде атап өтейік, бұдан бөлек бүгін Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Халық пен билік арасындағы байланысты нығайту мақсатында келуші азаматтардың өтініштерін жеке-жеке тыңдады.

Қабылдау барысында аудан тұрғындары өздерін мазалаған мәселелерді тікелей әкімге жеткізіп, шешімдерін табуға мүмкіндік алды. Онда түрлі әлеуметтік, инфрақұрылымдық және коммуналдық мәселелер айтылды. Оның ішінде тұрғын үй құжаттарын рәсімдеу, тұрақты жұмыс сынды мәселелер көтерілді. Әкім тұрғындарды мұқият тыңдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын назарға алды. Кейбір мәселелер сол сәтте шешімін тауып, тиісті мекемелерге тапсырмалар берілді.

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жеке қабылдау барысында әрбір тұрғынның мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қарайтынын атап өтті. Барлық өтініштерді сараптай, саралай келе заң аясында толықтай жауабын берді. Жиын барысында тұрғындардың бірқатары аудан әкімінің алдағы жұмысына сәттілік тілеп, бастамаларынан зор үміт күтетіндіктерін жеткізді.

Сонымен қатар бүгін Сауран ауданының орталығы Шорнақ ауылдық округінде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен бос жұмыс орындарына жәрмеңке болып өтті.

Аталған шараға аудан әкімі аппаратының персоналды басқару бөлімінің басшысы Нұрбек Әшіров, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Санжар Тұрметов қатысып, жұмыссыз жүрген азаматтарға тұрақты жұмысқа орналасып кетуілеріне сәттілік тіледі.

Жәрмеңкеде 112 мекемеден 327 тұрақты және уақытша бос жұмыс орындары ұсынылған, жыл басынан бері 1368 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. 2024 жылы аудан бойынша 2122 азаматты тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған болса, жыл соңына дейін халықты жұмыспен қамту жұмыстары тұрақты түрде жүргізілетін болады.

“Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған” тұжырымдамасы аясында 2024 жылдың маусымға дейін, жобадағы бағдарламар бойынша 6368 азамат өтініш білдіріп, оның ішінде 3557 адам әлеуметтік шаралармен қамтылған, орындалу пайызы 56% құрап отыр. Оның ішінде, санаттары бойынша бөлінісі: жұмыссыздар — 1011, өзін өзі қамтығындар — 1017, жұмыс іздеушілер — 970, 160 азамат композиттік қызметке тіркелді (композиттік қызмет жоспары — 220).

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin