Түркістан облысы: Созақтық спортшылар волейболдан кезекті рет облыстың чемпиондары атанды

11-13 қыркүйек аралығында Мақтаарал ауданында Түркістан облысының құрылғанына 6 жыл толуына орай ересектер арасында волейболдан Түркістан облысының VI Спартакиадасы болып өтті.

Аталған сайыста Созақ ауданының құрама командасы кезекті рет қарсылас командалардан басым түсіп, Түркістан облысының чемпионы атанды. Созақтық спортшылар бұған дейін 6 жылдың ішінде 4 рет чемпион атанса, оның үшеуі сонғы үш жылда қайталанып отыр.

Сайыс нәтижесі бойынша екінші орынға Түлкібас ауданы тұрақтап, жүлделі үшінші орынды Жетісай ауданы місе тұтты.

Спорт демекші, Астана қаласында өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында отандық 450 шебер рекорд орнатты. Олар «Гауһартас», «Сынық мүйіз» және «Аламан» құрақ техникалары бойынша 11 200 шаршы метр көрпеше құрап, «Кинэс» Қазақстан рекордтар кітабына енді.

Ел абыройын асырған шеберлер қатарында Созақ ауданы, Шоқан Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі Ақбілек Байтемірқызы да бар. Айта кетейік, 8-14 қыркүйек аралығында өтіп жатқан айтулы шараға әлемнің 85 елінен 4 000-ға жуық спортшы қатысуда. Спорт жарысынан бөлек бұл шараның мақсаты — отандық туризм мен этномәдениетті дамыту.

Сонымен қатар Елорда төрінде өтіп жатқан байрақты бәсеке V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында спорттың асық ату түрінен Қазақстан ерлер құрамасы жеңімпаз атанды.

Осы ретте, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, көптеген байрақты бәсекелерде көк туымызда көкке көтеріп, қазақ елінің мақтанышына айналған жерлесіміз Амандос Айтқұлов Ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, асығы алшысынан түсті.

Ұлттық құрама «А» тобында алғашқы орынмен ақтық сынға шықты. «Алау» мұз айдынында Қырғызстан Республикасының құрама командасымен алтынды сарапқа салып, еліміздің мерейін үстем етті.

Айта кетейік, Амандос Айтқұлов бұған дейін асық атудан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанып, ҚР- ның бірнеше дүркін және Азия чемпионы, “Ақбидай” ауыл спартакиадасы облыстық кезеңнің жеңімпазы атанып, республикалық кезеңінің “Алтын тұғыр” иегері атанған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin