Түркістан облысы: Созақ ауданындағы көпбалалы отбасыға баспана сыйлады

Қайырымдылық — жүректен шыққан ізгілік. Осы ұстанымды ұран еткен «Харекет» қайырымдылық қоры елге сүйінші жаңалық жеткізді. Қор аудандағы көпбалалы отбасыға 1373-ші баспанасын табыстап, үлкен қуаныш сыйлады.

Баспана табыстау рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов арнайы қатысып, ізгі тілектерін арнады. Қор жұмысына жоғары бағасын беріп, қоғамдағы бірлік пен жанашырлықтың маңызын атап өтті.

Табыс етілген үй заманауи тұрмысқа қажетті жабдықтармен жасақталған. Су, жылу сияқты негізгі коммуналдық жүйелері толық жүргізілген. Үйдің айналасы қоршалып, жайлы орта қалыптасқан. Сонымен қатар, отбасының өз кәсібін дамытуына мүмкіндік беру үшін арнайы қосымша жай да қарастырылған.

Үй иесі — көпбалалы отбасының анасы қуаныштан көзіне жас алып, жомарт жандарға шын жүректен алғыс айтты. «Баспаналы болғанымды естігенде қатты қуандым. Қиын күндер артта қалып, балаларымызға жарқын болашаққа жол ашылғандай болды», — деді.

«Харекет» қоры 2017 жылдан бері еліміздің түкпір-түкпірінде баспанаға мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетіп келеді. Бүгінге дейін мыңдаған отбасының баспаналы болуына себепкер болды.

 «ANYQ.KZ»ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You