Созақ ауданының орталығы «Даңқ» саябағы алдында «Алтын күз-2023» ауыл шаруашылығы саласын қорытындылаған жиын өтті. Жиын аясында арзан бағада азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ ауыл шаруашылық және жаңбырлатып суғару технологиясының көрмесі өткізіліп, асыл тұқымды мал басының түрлері тұрғындарға көрсетілді.
Мерекелік шарада барша еңбек адамдарын аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков құттықтады.
— Ауыл шаруашылығы — ауданымыздағы негізгі салалардың бірі. Ауылда өскендіктен бұл саланың ерекшелігін, қиындығын жақсы білемін. Біздің алдымызда өнім көлемін арттыру, асыл тұқымды мал басын көбейту міндеті тұр. Сіздердің еселі еңбектеріңіздің арқасында ауданымыздың агроөнеркәсіп кешені тұрақты дамып келеді. Жоғарғы кәсіби шеберлікпен еңбек етіп, ата- бабадан келе жатқан бұл саланы табысты қорытындылап отырсыздар, — деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.
Ауыл шаруашылығы бойынша жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, мол өнім алған үздік ауыл, кент округ әкімдерін марапаттады. Барлық көрсеткіш бойынша үздік шыққан Шолаққорған ауыл округ әкімдігі 1 орын, Жартытөбе ауыл округ әкімдігі 2 орын, Созақ және Құмкент ауылдық округ әкімдігі 3 орын алды. Жәрмеңкеге тауар әкелуді ұйымдастырған үздік ауыл номинациясымен Тасты ауылдық округ әкімдігі марапатталады.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы бойынша жоғары көрсеткіштер көрсеткені үшін озат шаруалар «Бірлік» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Мырзахан Назаров, «Жаңабай» шаруа қожалығының төрағасы Спандияр Жүнісов, «Алманат» шаруа қожалығының төрағасы Омар Іргебай, «Шегебай» шаруа қожалығының төрағасы Қайырбек Оспанов, «Қайдауыл» шаруа қожалығының төрағасы Бекдауыл Төлепбаев, Таукент кент округінен жеке кәсіпкер Қаншайым Есенгелдіқызы, Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ақберген Аманәліұлы, «Созақ үні» газетінің журналисті Данияр Бек, «Ырыс» Микроқаржы ұйымы ЖШС-нің өкілі Ғалым Сембекұлына аудан әкімі салтанатты түрде алғыс хат табыстады.
Сондай-ақ, аудандық мәслихаттың төрағасы Ордабек Жәмиев, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Таңатар Жақыпбекев шаруаларды құттықтап, марапаттады.
Жиын соңы аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйі өнерпаздарының қойған концерттік бағдарламасына ұласты.
Айта кетейік, ағымдағы жылы теріскейлік шаруалар мол табысқа қол жеткізіп отыр. 8 ай қорытындысына сәйкес, ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 12 260,5 миллион теңгені құрап отыр. Осы жылы 14 393 гектар егіс егілді. Оның ішінде: 310 гектар бидай, 1049 гектар арпа, 769 гектар жүгері, 1265 гектар мақсары, 494 гектар картоп, 482 гектар көкөніс, 482 гектар бақша, 1996 гектар жаңа жоңышқа, 7516 гектар өткен жылдардағы жоңышқа орналастырылды.
Аудан шаруалары тамшылатып суару әдісін де тиімді пайдаланып, оны толыққанды меңгеріп келеді. 5,2 гектар жерге тамшылатып суару әдісі енгізілді. Шолаққорған ауыл округінен «Дәмен» шаруа қожалығы 40 гектар жерге жаңбырлатып суару қондырғысын орнатса, бүгінгі күнге «Атамекен» шаруа қожалығында 141 гектар жерге жаңбырлатып суару қондырғысын орнату мақсатында бассейн қазу жұмыстарын жүргізуде.
Жыл басынан бері 20 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алынды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша Созақ, Құмкент, Шолаққорған және Жартытөбе ауылдық округтері ұсынылды. Аталған ауылдық округтерінен кооперативтер құрылды. Қазіргі таңда 194 азамат құжат тапсырды. Оның ішінде 153 азаматтың құжаты 805,160 миллион теңгеге мақұлданып, 91 азамат 447,860 миллион теңге жеңілдетілген несие алды.
Ауданда төрт түлік мал басы да көбейіп келеді. 47 777 бас мүйізді ірі қара, 286 364 бас қой, 38 478 бас ешкі, 32 440 бас жылқы, 16 027 бас түйе, 38 637 бас құс өсірілуде.
Естеріңізде болса, «Алдағы үш жыл ауылдық аймақтарды барынша дамытуға арналады. Ауылдағы тұрмыстың қаладағы сияқты жайлы болуына күш саламыз. Игерілмей бос жатқан жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтару жұмыстарын тың қарқынмен жалғастырамыз. Ауылдық жерлерді дамытудың кешенді тұжырымдамасы қабылданады. Бүкіл елімізде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылады. Жеке қосалқы шаруашылықтардың тең жартысы соның құрамына кіреді. Ауыл шаруашылығы саласында 350 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады. Жалпы, кооперативтерді дамыту үшін бюджеттен 1 триллион теңгеден астам қаражат жұмсалады» — деген еді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.
Жылдың басында іске қосылған «Ауыл аманаты» жобасы туралы естігенде қуанбаған ауыл тұрғыны кемде-кем.
Түнеугүні Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың басшылығымен «Халықтың табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасын» жүзеге асыру барысын және «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын» бақылау мақсатында «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесін құру жөнінде кеңес өтті. Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова барлық өңірде «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесін құруды тапсырды. Оған агроөнеркәсіптік кешен немесе экономика салаларына жетекшілік ететін облыс әкімдерінің орынбасарлары басшылық жасайды.
«Облыстық жобалау кеңсесіне өңірдегі «Ауыл аманаты» жобасының жұмысын үйлестіруді, даму бағытын белгілеуді, сондай-ақ скрининг нәтижелеріне және өңірдегі ауылдық округтердің бейіміне қарай 2024 жылға арналған несиелеу көлемін айқындауды бекіту керек. Сондай-ақ, мәслихат депутаттарының, «Атамекен» ҰКП өкілдерінің, «AMANAT» партиясы өңірлік кеңестері мүшелерінің және сарапшылардың ауылдық округтерге шығу кестесін әзірлей отырып, ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысын ұйымдастыру қажет», – деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Осындай жобалық кеңселер еліміздің әрбір ауданында және ауылдық округінде ашылады. Жеңілдікпен берілген несиенің өз мақсатында жұмсалуын қадағалау, сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасының жүйелі жүзеге асырылуына жалпы мониторинг жүргізу үшін бірыңғай цифрлық платформа құрылады.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша ауқымды «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылуда. Президенттің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» Сайлауалды бағдарламасы аясында бұл мақсатқа 1 трлн теңге, оның ішінде биыл 100 млрд теңге бөлінеді.
Биылғы 31 тамыздағы жағдай бойынша, 29 млрд. теңге сомасына 5,3 мың микрокредит беріліп, соның есебінен 4,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды.
Өз кезегінде, «AMANAT» партиясының Хатшысы Эльдар Жұмағазиев өндірілетін ет және сүт өнімдері көлемінің дерегін салыстыру үшін ауылдық округтерде сауалнама жүргізу қажет екенін атап өтті. Бұған қоса, қымбатшылықты ескере отырып, аграрлық техниканы сатып алуға да қаражат қарастыру қажет.
Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты.
Президент оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керектігіне тоқталып өтті.
«Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуға тиіс. Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал», — деді Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы қазір жаһандық бәсеке күшейіп тұр, тауар нарығында өзгеріс бар екенін алға тартып, мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керектігін айтты.
«Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн», — деді Президент.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.