Түркістан облысы: Созақ ауданында «Ашық әкімдіктегі ашық кітапхана» жобасы іске қосылды

Созақ аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде «Ашық әкімдіктегі ашық кітапхана» жобасы іске қосылды. Жылжымалы кітап пункті аудан әкімдігі мен Шолаққорған ауылдық округінің әкімшілік ғимаратында, «Белсенді ұзақ өмір және Тең қоғам» әлеуметтік орталығында ашылды.

«Ашық әкімдіктегі ашық кітапхана» жобасына аудан әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов арнайы қатысып, жобаның оқырмандар үшін пайдасы мен тиімді тұстары жақсы екенін тарқата айтып өтті.

Сонымен қатар, аудандық мәслихат депутаты Рабиға Шамақызы және аудан әкімдігінің мәдениет тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мерей Ниязәліұлы кітапхана ұжымының жаңа бастамаларына сәттілік тілеп, жаңа жобаның лентасы қиылды.

Аталған жобаның мақсаты билік пен халық арасындағы байланысқа руханият арқылы дәнекер болу, халықтың кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, мемлекеттік қызметшілердің кітапхана қорындағы кітаптарға қолжетімділігін арттыру болып отыр.

Ашық әкімдікте орналасқан кітап пунктіне кітапхана қорынан тарихи және көркем әдебиет бағытындағы кітаптар, сондай-ақ мерзімді басылымдар, соңғы кезде сұранысқа ие болып жатқан мотивациялық кітаптар қойылып, оқырмандардың сұраныстарын толықтыру үшін арнайы кітапханашылар жауапты болып орналастырылды. Оқырмандардың сұранысы бойынша сөредегі кітаптар жаңартылып отырады.

Естеріңізде болса, Түркістан облысы әкімдігінде де «Ашық әкімдіктегі ашық кітапхана» жобасы аясында жылжымалы кітап пункті ашылған-ды. Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, мемлекеттік қызметшілер мен кітапханашылар қатысты.

– «Ашық әкімдікке» көптеген адам келіп, өз мәселесі мен өтінішін айтады. Тек қызметтік емес, мәдени-рухани бағыттағы жұмыстарды жүргізуге де лайықталған орын болады деп ойлаймын. Бастаманы жүзеге асырған «Фараб» кітапханасы ұжымына алғысымды білдіремін. Мұнда мемлекеттік қызметшілер, «Ашық әкімдікке» өтініш айтып келушілер мен сол аумақтағы тұрғындарға қызмет көрсетіледі. Азаматтар тұрақты түрде қалаған кітабын оқиды. Сондай-ақ қандай кітап қажет екенін жазып, қалдыра алады. Облыс басшысы Дархан Амангелдіұлы бұл бастаманы қолдап, мемлекеттік қызметшілерге жігер, тәжірибе беретін, іскерлікті арттырып, мемлекеттік басқару ісінде білім жетілдіретін кітап тізімін жасауды тапсырды. Ол бағытта арнайы қаражат қаралуда. Осындай кітап бұрыштары аудан, қала әкімдіктерінде де ашылғаны жөн. Ғаламтор әрине жақсы, бірақ дәстүрлі кітап оқу үрдісін сақтап, жайлы орта қалыптастыруымыз қажет. Бастама өміршең болсын, сәттілік тілеймін, – дейді облыс әкімінің орынбасары.

Жылжымалы кітап пункті екі бөлімнен тұрады. Бірінші бағыт «Ашық қор» деп аталады. Ал соның жанындағы «Негізгі қор» бөлмесінде оқырманның кітап оқуы үшін оқу жағдай жасалған. Сондай-ақ кітапханаға келушілер үшін ақылы негізде сусын мен кофе ішетін орын да қарастырылған. «Ашық әкімдік» кеңсесінің ішінен ашылған кітап сөресінде қазіргі таңда 1000-ға жуық кітап қоры жасақталды. Оның ішінде әр түрлі бағытта, атап айтқанда мотивациялық, көркем әдебиет, психологиялық, тарих, дінтану тақырыбындағы кітаптар және мерзімді басылымдар бар. Жергілікті шебер Жанболат Сүйімбайдың қолынан шыққан, ешкінің терісінен жасалған бұйымда Абайдың «Қара сөздері» жазылған.

Сондай-ақ кітапхана қызметкерлері пергамент қағазынан әзірлеген «Диуани хикметтің» көшірмесі ұсынылған. Көне Күлтегін жазбасының да үлгісін осы жерден көруге болады. Қауырсын үлгісіндегі кітап стеллажы да көз тартады. Сонымен қатар оқырман сұранысына қарай қажетті кітаптарды облыстық кітапханадан қысқа мерзімде жеткізу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл туралы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова баяндады.

Жалпы, облыстағы 396 кітапханаға биыл жыл басынан бері 40 мыңға жуық кітап алынған. Әлі де қажетті кітаптармен толықтыру жоспарлануда. Аталған жоба мақсаты билік пен халық арасындағы байланысқа руханият арқылы дәнекер болу, халықтың кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, мемлекеттік қызметшілердің кітапхана қорындағы кітаптарға қолжетімділігін арттыру болып отыр.

     «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin