Бүгін аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінде 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған «Айбыны сенсің –Алаштың, арымдай асқақ Ата-заң!» атты мерекелік шара өтті. Шара барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны әуелете шырқалды.
Салтанатты шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, аудан тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады.
«Құрметті аудан тұрғындары!
Қадірлі жерлестер!
Баршаңызды 30 тамыз –Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақстан Республикасының Конституциясы күні — еліміз үшін тарихи мәні зор, маңызды мерекелердің бірі. Осыдан 29 жыл бұрын ең жоғары заңдық күші бар құжат – Ата Заңымыз қабылданды. Бүгінге дейін республикамыздың тұғырлы қағидаттарына бірнеше рет өзгерістер енгізіліп, өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Қазақстан халықаралық қоғамдастықта лайықты орын алып, биік белестерге көтеріле білді. Ынтымақ, бірлігіміз нығая түсті. Әрбір азаматтың өзін құқықтарын сақтауына берік негіз болды. Ата заңымызға деген ерекше құрмет біздің сеніміміз бен күшіміздің қайнар көзіне айналды.
Қадірлі жерлестер!
Ынтымағы жарасқан еліміздің бағын асырып, мерейін тасытатын үлкен істе баршаларыңызға сәттілік серік болсын! Әрдайым аспанымыз ашық, келешегіміз кемел, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!» — деді ізгі тілегін білдірген Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков.
Қазақстан Республикасының Конституциясы күні — еліміз үшін тарихи мәні зор, маңызды мерекелердің бірі екендігін айрықша атап өтті. Сондай-ақ Ата заңды ардақ тұтып, ауданымыздың өсіп-өркендеуі жолында айрықша үлес қосқан бірқатар сала мамандарын марапаттап, құрмет көрсетті.
Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев шараға жиналған жұртшылыққа ізгі тілегін арнады. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов шараның маңыздылығына тоқталып өтті. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, спорт ардагері Жетілген Сармантайұлын «Ел құрметі қоғамдық қорының «Ардақты ардагер» медалімен марапаттап, жастарға ұлттық құндылықтарымызды насихаттауда және елдің бірлігі мен ынтымағын сақтауда белсенділік танытқан бірқатар ардагерлерге алғыс хат табыстады.
Мемлекеттік мекеме қызметкерлері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Мыңжасар Асқаров бірқатар сала мамандарын «Қызмет» Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері кәсіподағы Түркістан облыстық салалық комитетінің «Еңбек озаты» төсбелгісімен марапаттап, аудандық билер алқасының төрағасы Әбубәкір Сахиұлы өз саласында еселі еңбек еткен сала ардагерлеріне «Әділ билер» Республикалық қоғамдық бірлестігінің «Қазақ билері» медалін табыстады. Сондай-ақ мерекелік құттықтауларын жеткізіп, ізгі тілектерін арнады.
Аудандық “Мыңжылқы” мәдениет үйінің өнерпаздары әсем ән орындап, мерекелік шараның ажарын аша түсті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.