Түркістан облысы: Созақ ауданында Спорт күні мерекесі аталып өтті

Бүгін аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінде Спорт күні мерекесіне орай мерекелік шара өтті. Шара барысында Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны әуелете шырқалып, аудан спортшыларының жеткен жетістіктері баяндалды.

Жиынға арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков спорт ардагерлері мен спортшыларды және спорт саласының қызметкерлерін айтулы мерекемен құттықтады. Ауданда спорт саласы бойынша атқарылып жатқан ауқымды жобаларға тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті. КСРО, Орта Азия жеңімпаздары атанған спорт ардагерлері мен спорт саласындағы білікті бапкерлерді марапаттап, құрмет көрсетті.

Аудан спортшыларын мерейлі мерекелерімен құттықтап, ізгі тілегін арнаған аудандық мәслихаттың төрағасы Ордабек Жәмиев Халықаралық және Республикалық сайыстарда жүлдемен оралып жүрген бірқатар спортшылар мен сала мамандарын арнайы алғыс хатпен марапаттады.

Ардагер спортшы Анарбай Шәдібеков ақ батасын арнап, аудан спортшыларының шеберлігі мен кәсіби деңгейіне айрықша тоқталды. Аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық әндер орындап, мерекенің ажарын аша түсті.

Қазақстанда жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде Спорт күні аталып өтіледі.

Елімізде 4 олимпиадалық даярлық орталығы және 19 олимпиадалық резервті дайындау орталығы бар. Бүгінде 8 миллионнан астам қазақстандық тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Бұл жалпы халықтың 40,4%-ына тең, оның 3 миллионнан астамы — ауыл тұрғындары. 300 мыңға жуық бала мен жасөспірім 780-нен астам балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру клубтарында спортпен айналысады.

Республикада жыл сайын әртүрлі деңгейде 25 мыңнан аса спорттық-бұқаралық іс-шара тұрақты түрде өткізіледі. Оған 1,2 миллион адам тартылады. Ауылдық жерлерде тұратын 500 мың адам да аталған іс-шаралардан сырт қалмайды. Әсіресе, кейінгі жылдары жүгіру, марафон, велошеру мен веломарафон, спорттық фестиваль секілді жарыстар мен отбасылық іс-шаралар халық арасында кең таныла бастады.

Енді Туризм және спорт министрлігі 2024 жылдың бірінші жартыжылдығын қалай қорытындылағанын айта өтсек. «Дене шынықтыру және спорт туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын әзірледі, қазір ол — Мәжілістің қарауында. Заң жобасы спорттың әр түрін басымдықпен қаржыландыруды, спорт түрлері бойынша федерацияларды аккредиттеуді және сабақтар үшін ең төменгі жасты қарастырады. Спортшыларды сапалы даярлау үшін бюджет қаражатын қайта бөлуге мүмкіндік берген олимпиадалық және басым спорт түрлеріне баса назар аударылғанын атап өткен жөн.

2024 жылғы маңызды оқиға Париждегі жазғы Олимпиада ойындары болып саналады, оған Қазақстанда спорттың 25 түрі бойынша 93 лицензия бар.

2024 жылдың бірінші жартыжылдығында қысқы олимпиадалық спорт түрлері бойынша 84 оқу-жаттығу жиыны, 23-і ел аумағында өткізілді.

2024 жылғы 28 тамыз – 8 қыркүйек Париждегі XVII Паралимпиада ойындарына жоспарлы дайындық жүргізілді. Қазақстан атынан 9 спорт түрінен өнер көрсететін 43 спортшы қатысады (пара жеңіл атлетика, парапауэрлифтинг, пара таеквондо, пара үстел теннисі, пара жүзу, пара дзюдо, пара каноэ, пара оқ ату, отырып ойнайтын волейбол).

Биылғы маңызды оқиға – 2024 жылғы 8-13 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары. Ойындарға жалпы саны 2 мыңға жуық адамнан тұратын 100-ге жуық елдің делегациясы қатысады. Ойындарды өткізу үшін жаңа құрылыстар салынбай-ақ қолданыстағы инфрақұрылым пайдаланылатын болады, оған елорданың 7 нысаны тартылған.

Бүгінгі таңда елімізде Ұлттық спорт түрлері бойынша 14 спорт клубы, 13 спорт мектебі жұмыс істейді. Жыл сайын ұлттық спорт түрлері бойынша 1 мыңнан астам түрлі деңгейдегі жарыстар өткізіледі.

2024 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша халықты дене шынықтыру және спортпен қамту көрсеткіші 8 миллион адамнан асады. Жыл сайын республикада 1,2 миллион адамды қамтитын түрлі деңгейдегі 25 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізіледі. 2024 жылы мемлекеттік спорттық тапсырыс шеңберінде 7 мың спорт секциясында 4 жастан 17 жасқа дейінгі 250 мыңнан астам баланы қамту үшін 43,9 миллиард теңге бөлінді.

Үлкен спорттағы жетістік — өз алдына, бұқара халықтың физикалық белсенді болуы, салауатты өмір салтын ұстануы — жөні бөлек әңгіме.

Ресми мәлімет бойынша қазақстандықтардың 40%-ға жуығы, яғни 8 миллион шамасындағы адам дене шынықтырумен айналысады.  Олардың арасына мектепте дене шынықтыру сабағына қатысатын 3,8 миллион бала бар екенін ескерсек, елде 4,2 миллион адам спортпен шұғылданады деуге болады.

Қазақстан халқын үнемі спортпен айналысатын, белсенді деп айтуға келмейтіні айтпаса да көрініп тұр. Алайда, бұқаралық спорт ұлт саулығының кепілі десек, елдегі спорт секцияларының қолжетімділігі мен жабдықталуы назарды өзіне бұрмай қоймайды.

Дегенмен де еліміздің шенеуніктері позитивті қарайды. Олар 2029 жылға қарай халықтың 1000 адамға шаққанда спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі 65 %-ға дейін ұлғаяды деп есептейді. Қазіргі уақытта Қазақстанның барлық спорттық инфрақұрылымының негізгі бөлігі, яғни 58,7%-ы мектептер мен басқа да білім беру мекемелері жанындағы нысандар екен.

Айта кетейік, былтыр Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спорт саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілген. Тұжырымдама бойынша 2029 жылы дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын азаматтардың үлесі 50 %-ға дейін, ал балалар мен жасөспірімдердің саны 45 %-ға дейін ұлғаяды. Ал балалардың және жасөспірімдердің спорт секцияларына тең қол жеткізуі 100% қамту жоспарланған.

Шенеуніктердің болжамы бойынша бұқара халықтың жаппай спортпен айналыспау себебі қалалар мен ауылдарда спорттық инфрақұрылымдардың болмауынан екен.

Спорт секциялары халықтың қалтасына қаншалықты салмақ салады?

Дәл қазіргі уақытта тегін спорт кешендерімен, ауыл-аймақты қоспағанда, ірі қалалар да толық қамтылмағанын ескеріп, біз еліміздің ең ірі екі қаласы Алматы мен Астанадағы фитнес-клубтар мен спорт үйірмелдерінің бағасына көз жүргітіп, қарапайым қазақстандықтың қалтасына қаншалықты салмақ түсіретінін білгіміз келді.

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы бойынша атаулы жалақының орташа мәні 2024 жылғы I тоқсанда ресми 382 279 теңгені құрады.

Байқауымызша спорт секцияларының бағасында айырмашылық өте үлкен. Әсіресе қаланың дамыған ауданында орналасқан жекеменшік мекемелердің бағасы ең жоғары, ал шеткі аудандарда, сондай-ақ мемлекеттік және жартылай мемлекеттік мекемелерде ең арзаны болып шықты.

Алматы мен Астанада фитнес-клубтардың айлық абонементі ересектерге 6 мың теңгеден бастап 90 мың теңгеге дейін барады екен. Олардың орташа бағасы 20-25 мың теңге шамасында. Абонементке топтық жаттығулар мен жаттығу залындағы жабдықтарды пайдалану кіреді. Алайда жаттықтырушымен жеке жұмыс бөлек төленеді. Фитнес-клубтарда балаларға арналған топтық жаттығулардың орташа бағасы 15 мың теңге шамасында екен. Әдетте топтық жаттығуларға йоганың түрлері, емдік гимнастика, аэробика, зумба, бачата, боди-фит сияқты спорт бағыттары кіреді. 

Енді жүзу бассейндеріне тоқталайық. Алматыда жүзуден айлық абонемент шамамен 5 мың теңге мен 40-45 мың теңгенің арасы. Ал Астанада жүзу сабақтарын алғысы келетін адам қанша төлейді? Бір баланың бассейнге баруына айына 8 мың теңге мен 30-45 мың теңге аралығында қаражат шығындайсыз.

Каратэ, тхэквондо, күрес сияқты жекпе-жектің түрлеріне Астанадағы М. Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайында 10 мың теңге төлесеңіз, сол жағалауда біршама қымбаттау екен. Бірақ Алматыдағы оқушылар сарайында аталған үйірмелердің айлық құны 5 мың теңге ғана көрінеді. Ал баскетбол мен волейбол үйірмелері Алматы мен Астананың оқушылар сарайында – 5 мың теңге шамасында.

Тәні сау адам ғана өзіне және өз еліне қызмет етіп, оның дамуына үлес қоса алады. Халқының денсаулығы мықты, күш-қуаты бойында болмаса мемлекеттің тасын кім өрге домалатады?! Бұқаралық спорттың дамуы, халықтың салауатты өмір салтын жаппай ұстануы, спорт мәдениетін бойына сіңіруі — мемлекеттің алдында тұрған үлкен жұмыс және елді алға жетелеу үшін қажетті шара.

Спорт – бұл адамның денсаулығын бекемдеп, жұмысқа қабілеттілігін арттырудың ең қолжетімді тәсілдерінің бірі, сондай-ақ адамдардың әлеуметтік әрекетінің бір саласы. Ол адамдардың әлеуметтік белсенділігін арттырып, қалыптастыруға ықпал етеді. Әлеуметтік, саяси және моральдік құрылымның көріну формаларының бірі ретінде қызмет етеді. Яғни, ол –қоғамның жалпы жағдайын айқындайды. Осының бәрі спорт және дене шынықтыру қоғам мәдениетінің табиғи бөлігі екендігін көрсетеді.

Дене шынықтыру және спортпен шұғылдану – бәрімізге қандай да бір жолмен кездесетін физикалық, моральдік және психикалық стресстермен күресуді жеңілдетеді. Сондай-ақ біздің өмірімізде бұлшықеттерді, қанайналым жүйесін, дененің күшін, төзімділігін жаттықтырады. Демек, иммунитетке, денсаулық жағдайына, жастық пен сұлулыққа оң әсер етеді, ұзақ жылдар бойы еңбек ету мен белсенді өмір салтын сақтау қабілетін сақтайды.

Әлеуметтанушылардың зерттеуіне сәйкес, жүйелі түрде спортпен шұғылданатын адам өмірдің қиыншылықтарына 2-3 есе оңай төзеді. Жұмыста, ұжымның қоғамдық өмірінде 15-20 %-ға белсенді, яғни шығармашыл, көпшіл, өзіне сенімді, жақсы нәтижелерге қол жеткізуге тырысатын адамдар. Ғалымдар тобы дене шынықтыру және спорттың адам өміріне әсерін зерттей отырып, адамдардың дамуы мен тәрбиесіне прогрессивті әсер ететін және адам бойындағы қасиеттерді жетілдіру туралы көптеген маңызды әлеуметтік және биологиялық қорытындылар жасады.

Стресске, экономикалық құлдырауға, уақыттың жетіспеушілігіне, нашар экологияға толы өтпелі өмірде өзіміздің жанымызды тыңдап, денсаулығымызды уақытылы дұрыстап, дені сау, бақытты адам ретінде өмір сүру керек. Жастықты ұзартудың және ұзақ уақыт бойы әдемі болып қалудың жалғыз жолы – бұл спорт және дене шынықтыру. Сондықтан денсаулық, деннің сұлулығы, ішкі энергия, рухани үйлесімділікті дамытуды бала кезден ойлау керек.

В.С. Хагай, И.В. Барсагаева сынды заманауи ғалымдар спортпен жүйелі түрде шұғылданатын студенттер емтиханды сессияны елемейтіндерге қарағанда 5-7 %-ға сәтті тапсыратынын алға тартады. Бұл туралы бұрынғы ғалымдардың да өзіндік пайымы болды, мысалы, спорт тіпті ежелгі дәуірде де оқу бағдарламасына енгізілген (жасөспірімдер мен жастар тек философияны оқып қана қоймай, сонымен қатар белсенді түрде жаттығатын болған). Неміс философы, әлеуметтанушы және саясаткер Карл Маркс: «Білім беруде біз үш нәрсеге назар аударуымыз керек: Бірінші, ақыл-ой тәрбиесіне, екінші, гимнастикалық мектептерде және әскери жаттығуларда берілетін дене тәрбиесіне, үшіншіден, барлық өндірістік процестердің негізгі принциптерін қамтитын және сонымен бірге жасөспірімге барлық салалардың ең қарапайым құралдарын өңдеу дағдыларын үйрететін техникалық дайындыққа», – деді. Яғни, сол кезде де спортқа оқу-ағартумен бірдей көңіл бөлінді. Қазірдің өзінде кез келген колледжерде, ЖОО-ларда дене шынықтыру сағаттары бар.

Қазір тістеріндегі темекі мен қолындағы сыра бөтелкесі «керемет» деп саналатын уақыт қайтымсыз кетіп, көптеген жастар дұрыс тамақтану мен спортпен айналысуды трендке айналдыра бастады. Жастар арасында салауатты өмір салтын ұстану, спортпен шұғылдану феноменге айналды десек те болады.

«Дені саудың – жаны сау» демекші кез келген елдің болашағы халқының денсаулығына байланысты. Ал әрбір елдің басты  міндеті – денсаулығы бекем ұлт қалыптастыру.

Қазақстанда спорт саласы қалай дамып жатыр?

Қазақстанда спорт саласы кең қолдауға ие және әрбір қазақстандықтың күнделікті тұрмысы мен өмірінде ерекше орны бар. Салауатты өмір салтын ұстану, спортты дамыту – ұлт денсаулығы, қылмыстың деңгейі, халықтың әлеуметтік әл-ауқаты, елдің имиджі, ел игілігі үшін маңызды мәселелер кешенінің шешімі екені анық дүние. Сондықтан елімізде спорт саласын дамыту аса маңызды.

Елде спортты одан әрі дамыту, бұқаралық спорт қозғалысын кеңейту, спорттағы жетістіктерді ынталандыру, халық арасында дене шынықтыру-сауықтыру жұмысын жандандыру бойынша жағдайлар жасалып келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне, сондай-ақ балалар үйірмелерінің қызметін қайта бастау және спорт секцияларын ашуға баса назар аудару қажеттігін айтқан болатын.

2021 жылы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында да: «Халықтың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы қажет. Облыс әкімдері спорт инфрақұрылымын біртіндеп салуды қамтамасыз етуге тиіс», – деп атап өткен еді.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2020 жылғы 30 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына түзетулер енгізілді.

Былтыр «2020 жылы Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасының» 1-кезеңін іске асыру мерзімі аяқталды.

Былтыр Қазақстан Республикасы Үкіметінің 28 наурыздағы № 251 қаулысымен «Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды.

Қабылданған тұжырымдамада Ұлттық құрама командалардың, еліміздің спорт резервінің үздіксіз даярлығын қамтамасыз ету мақсатында қазақстандық топтардың құрамы халықаралық аренада жоғары дәрежелі спортшылармен толықтырылып, спорттық дайындықтан өтетін адамдардың спорттық шеберлігінің сапалы деңгейі қамтамасыз етіледі, сондай-ақ балалардың және жасөспірімдердің спорт секцияларына тең қол жеткізуі, ауылдық жерлерді спорт инфрақұрылымдарымен 100% қамту, спортшыларды даярлайтын спорт ұйымдарындағы бағдарламар мен стандарттарды бір сарынға келтіру, дене шынықтыру және спорт саласын толық цифрландыру, жаттықтырушыларға үстемақы беру, әр ұлттық құраманың спорттық дәрігерлермен  қамту (травматолог, реабилитолог, нутрициолог, спорттық медицина бойынша физиотерапевт, спорттық психологтар, массаж жасаушылар және т.б.) қарастырылған.

Сондай-ақ тұжырымдамада халыққа, оның ішінде балалар мен жасөспірімдерге дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуды жаппай насихаттау арқылы дәріптелетіні баяндалған. Қазақстан бойынша 2029 жылға дейін спортты насихаттау және дене белсенділігіне тренд енгізу мақсатында азаматтардың барлық санаттары арасында жыл сайын 20 мыңнан астам спорттық іс-шаралардың өткізілуі жоспарланып отыр. Оның ішінде мемлекеттік қызметшілер, медицина қызметкерлері, БАҚ, қаржы құрылымдары сияқты ұжымдардың арасында спартакиадалар ұйымдастырылады.

Көзделген шараларды іске асырудың арқасында дене шынықтыру мен спортпен жүйелі түрде айналысатын балалар мен жасөспірімдердің үлесі 2029 жылы 45 %-ға дейін, жалпы азаматтардың үлесі 73 %-ға дейін (оның ішінде спортпен шұғылдануға қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдардың үлесі 23 %-ға дейін), сондай-ақ ұлттық спорт түрлерімен айналысатын азаматтардың үлесі 9,6 %-ға дейін өседі, ал халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі 2023 жылғы көрсеткіш бойынша 52 % болса, 2029 жылға дейін 1000 адамға шаққанда 65%-ға ұлғайтылады деп көрсетілген.

Жалпы тұжырымдамада баяндалған негізгі тәсілдер – дене шынықтыруды, бұқаралық спортты, спорттық инфрақұрылымды арттыруға, спорттық резервті қалыптастыруға бағытталған. Мұндай тәсілді тиімді іске асырудың міндетті шарттары: дене белсенділігіне тренд енгізу, ел азаматтарын салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен жүйелі түрде айналысуға шақыру, дамыған спорттық инфрақұрылымға қол жеткізу, сондай-ақ қазақстандық спорттың әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретін қолайлы жағдай жасау.

Қорыта айтқанда, Созақ ауданы тұрғындарының спортпен тұрақты түрде шұғылдануына ықпал жасау мақсатында ауданда 148 спорттық нысан жұмыс істейді.

Ағымдағы жылдың есепті кезеңінің қорытындысына сәйкес 3 спорт нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Атап айтар болсақ, Шолаққорған ауылынан «Катко» БК демеушілігімен шағын футбол және балалар ойын алаңшасы, Шаға елді мекенінде сол ауылдан шыққан кәсіпкердің демеушілігімен шағын футбол алаңшасы салынды.

Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен Қарақұр елді мекенінен төбесі жабық үлгідегі шағын футбол алаңшасы салынып пайдалануға берілді және «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы бойынша Шолаққорған ауылының Түркістан бағытына қарай тас жол бойынан республикалық бюджет есебінен заманауи үлгідегі спорт кешенінің құрылысы басталып, 2025 жылы құрылысы аяқталады деп күтілуде.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin