Бүгін «Мыңжылқы» мәдениет үйінде педагогикалық тамыз кеңесі өтті. Дәстүрлі түрде өткізілетін тамыз кеңесіне арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков барша ұстаздарды жаңа оқу жылымен құттықтады.
Ауданда өскелең жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі тың істерге тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ тамыз кеңесі – ұстаздар арасында дәстүр болып қалыптасқан алқалы жиын ғана емес, білім беру ісіндегі кемшіліктерді саралап, алдағы міндеттерді талқылайтын маңызды басқосу екендігін айтып өтті. Білім саласын дамытуда қосқан елеулі үлестері үшін білікті ұстаздарды марапаттап, құрмет көрсетті.
Созақ аудандық білім бөлімінің басшысы Абай Өтебаев хабарлама жасады. Білім саласы бойынша өткен оқу жылында жеткен жетістіктерді баяндап, биылғы оқу жылының ерекшеліктері мен өзекті мәселелерге тоқталды.
Аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беруде нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізген ұстаздарды марапаттады.
Шара аясында ұстаздар қауымына «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгісі мен «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісі, Түркістан облысы әкімінің арнайы «Алғыс хаты», Созақ ауданы әкімінің, Түркістан облыстық мәслихаттың, аудандық мәслихат аппаратының, облыстық білім басқармасының алғыс хаттары және облыстық кәсіподақ комитетінің «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер» төсбелгісі мен «Құрмет грамотасы» табысталды.
Шараға жиналған қонақтар «Мыңжылқы» мәдениет үйінде қойылған кітап көрмесін, жергілікті жастар құрастырған роботтар мен жобаларды тамашалады.
Иә, жаңашылдық білім беру саласының алдында тұрған жаңа міндеттерді сәтті орындаудың негізгі шарттарының бірі болып саналады. Оқушылардың озық білім алуы – басты назарда. Осы мақсатта кеше Түркістан шаһарында өткен облыстық тамыз кеңесінде «Инновациялық жобалардың» көрмесі ұйымдастырылды. Өңір басшысы Дархан Сатыбалдының бастамасымен білім саласына бағытталған бұл жобаның ауқымы кең.
Іс-шара барысында әр аудандық білім бөлім басшылары жоба жасаушылардың жаңа жұмыстарын қорғады. 17 аудан 17 түрлі инновациялық жобаларын таныстырды. Балалардың мультимедиялық форматта білімін жетілдіретін заман талабына сай жаңашылдықтар менеджменттік қабілетті арттырып, мұғалімдердің кәсіби біліктілігіне серпін бермек. Осы арқылы балалардың да сабаққа деген зейіні артады.
Жобалардың басым бөлігі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмысын жетілдіріп, мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыруды көздейді. Оқу-әдістемелік үдерісті оңтайландырып, жаңа әдісті интеграциялау арқылы балаларды қауіпсіз, қызықты тәсілдермен білімге құштар ету қажет. Нәтижесінде Түркістан облысының білім сапасы одан ары артады деген сеніміміз мол.
Өңірдегі білім беру ұйымдарында «Е-асхана», «Е-Кітапхана», «BilimLand», «Face ID» сынды автоматтандырылған жүйелер пилоттық тұрғыда тексеруден өтіп, оңтайлы нәтижесін берді. Жәрмеңкеге «Алақан» жобасы, «Tolem», «MATATALAB» роботы, «IoT board», Codroneробототехникалық құралдары көрсетіліп, түрлі басылымдар мен логикалық Intellectum вертуалды ойындар сынды жаңа технологиялар ұсынылды.
Тамыз кеңесі – білім саласындағы жетістіктермен қатар кемшін тұстарды да таразылайтын дәстүрлі жиын. Кеше Түркістан облысының білім беру саласы қызметкерлерінің «DIGITAL KAZAKHSTAN: Жаңа замандағы білім беру» тақырыбындағы облыстық тамыз педагогикалық кеңесі өтті. Дәстүрлі тамыз кеңесінде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, жаңа оқу жылының басталуына сәттілік тіледі.
– Сіздерді жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құтттықтаймын! Бүгінгі дәстүрлі Тамыз кеңесінің атауы да бекер емес. Себебі әлем цифрландыру кезеңінен жасанды интеллект немесе адамның ойлау қабілетін компьютерлік жүйелермен модельдеу дәуіріне өтуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы алғашқы республикалық педагогтер съезінде білім беру үдерісін цифрландыруда жеделдік керектігіне арнайы тоқталды. Осы маңызды басқосуда облыстың білім саласына бей-жай қарамайтын үлкен академиктер мен эксперттерді және білім саласының үздіктерін, мәртебелі ұстаздарымызды төрімізден көргеніме қуаныштымын. Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт – бүлдіршін кезден бастап көрген тәрбиесімен өнегесі. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болып, еліміздің болашағының жарқын болуы біздің бүгінгі адал еңбегімізге байланысты. Баршаңызды бірлікте күш қосып, бала оқытудан кеш қалмауға шақырамын, – деген облыс әкімі бірқатар ұстаздарды марапатты.
Тамыз саммитінде 10 ұстазға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі табысталып, облыс әкімінің атынан 10 педагог марапатталды. Тамыз кеңесінде облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев модераторлық етті. Плеанарлық отырысқа 1000-ға жуық білім саласының қызметкері келіп, 20 мыңнан астам педагог онлайн тамашалады.
Дәстүрлі тамыз кеңесіне ҚР Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Тұрғанбайқызы, ғалым, педагогика саласының докторы Асқарбек Хусаинов, мемлекет және қоғам қайраткері Жұлдыз Омарбекова, білім-инновация Халықаралық қоғамдық қорының президенті Өте Дархан, Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Тілеп Болат қонақ ретінде келді.
Педагог кадрларды қалыптастыру жайы да маңызды. Өткен жылы облыс ұстаздары шетелдерде және еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында мұғалімдер біліктілігін көтерді. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мектептердің инфрақұрылымын жақсарту, педагог білімін көтеру жөніндегі тапсырмалары орындалуда. Сонымен бірге білім мекемелерін басқаруға іріктелген кадрлық резерв жасақтау бағытында да жұмыс жүргізіледі.
Облыстағы орта білім беру ұйымдарының желісі 1060-қа артты. Оқушылардың болжамды контингенті 530 000, оның ішінде 1-сыныпқа қабылданатын балалар саны – 52 593. Аймақтың білім саласында 65 762 педагог қызмет етеді. Жаңа оқу жылында мемлекеттік 910 мектептегі 220 920 оқушы бірреттік ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Түркістан облысындағы білім беру ұйымдарына жаңа оқу жылы қарсаңында 62 мектепке 265 арнайы пән кабинеттері алынады. 2024-2025 оқу жылында 17 081 оқушы тасымалданады. Оқушыларды тасымалдауға жаңадан алынған 101 автобус қызмет көрсетеді. Қалған 65 мектептегі қызмет түрі келісім-шарт негізде жүргізілуде.
Ерекше назар аударар жайт, еліміздегі әрбір 7-ші оқушы Түркістан облысында тұрады. Мектеп тапшылығын жою бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен және қолдауымен аймақтағы күрделі және ағымдағы жөндеуді қажет ететін білім ұяларының, жаңа мектептер қажет елді мекендердің тізімі әзірленіп, мәселені шешу бойынша нақты шаралар қолға алынған. Биыл өңірде балабақша, мектеп, колледж, лагерь жалпы 300-ден аса білім беру ұйымында жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Бұндай ауқымды жұмыс өңір тарихында болмаған.
Еліміз бойынша білім нысаны ең көп салынып жатқан өңір – Түркістан. Бүгінде жергілікті бюджеттен 20 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 13-і пайдалануға беріледі. 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» жобасы аясында 63 мектеп салу көзделген. Оның ішінде 29-ы биыл тапсырылады деп жоспарланған. Мектеп салу бағытындағы жұмыс жалғасады.
Өңірде тозығы жеткен білім ұялары көп. Талай жыл бойы қордаланған бұл мәселені шешу бағытында жүйелі жоспар жасалған. Білім саласында инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда 22 мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Құрылысқа «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы және облыстық бюджеттен жалпы қаржы қаралған. 11 мектеп 1 қыркүйекте ел игілігіне тапсырылып, оқушыларды қабылдайды деп күтілуде. 200-дей білім ұйымы ағымдағы жөндеуден өтуде. Ғимараттардың құрылыс сапасы қатаң бақылауда. 106 мектептің жылу қазандықтарын газ жүйесіне ауыстыруға да қаржы қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сондықтан да балалар қауіпсіздігі де басты назарда. Мектептерге 7 мыңнан астам бейнекамералар орнатылып, полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылды. Мемлекеттік 938 білім беру мекемелері 100% дабыл батырмасымен қамтылып, жедел басқару орталығына қосылды. Кәсіби күзет қызметімен қамтамасыз етілуі тиіс бала саны 300-ден жоғары 573 білім беру ұйымдары толық лицензияланған күзет қызметіне өтті. Облыстағы 179 білім беру ұйымының 102 шақырым қоршауы жаңғыртылды. Мектеп алды көшелерде жарықтандыру жүйелері мен арнайы жол белгілері орнатылылды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.