Түркістан облысы: Созақ ауданында ерекше балаларға арналған «Сен, ерекшесің» атты фотожоба ұйымдастырылды

Бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің қолдауымен аудандағы 15-ке жуық ерекше балаға табиғат аясындағы демалыс пен фотожоба ұйымдастырылды. Таң сәріден бастау алған жоба аясында балалар өлкенің таңғажайып табиғатын қызыға тамашалады.

Аудан орталығындағы Сұлтанбек Қожанов атындағы тарихи-өлкетану музейі мен көрікті орындарда аса тәжірибелі фотографтар түсірілім жасады. Әртүрлі бағыттағы киім үлгісімен ерекшеленген балалар әсем суреттерге куә болып, ерекше әсерге бөленді.

Табиғат аясында өткен игі шараға арнайы барған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ерекше балалармен бірге естелік суреттерге түсіп, қуанышты сәттерін бөлісті. Онда келген барша ата-аналар мен белсенділік танытқан балаларға алғысын білдірді. Баланың бір күндік қуанышы қоғамда өздерін еркін сезінуіне серпін беретінін айтып өтті.

Шара аясында тек түсірілім жасалып қана қоймай, ата-аналар мен балалар ақ дастарқан басында бас қосты. Осындай шараның ұйымдастырылуына атсалысқан азаматтарға ата-аналар тарапынан алғыстар айтылды.

Айта кетейік, «Сен, ерекшесің» фотосессиясы — мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған тең қоғамды дәріптейтін медиажоба. Фотожобаның авторы — Әсел Бимырзаева. Алдағы уақытта аталған жобаның қорытындысы аудан орталығында өтіп, түсірілген фотолардан көрме ұйымдастырылады.

Жалпы, республикада мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасыларға қандай көмек көрсетіледі? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Инклюзия бойынша департамент директоры Динара Жұбанова былай дейді: «Былтыр қабылданған Әлеуметтік Кодекс шеңберінде 2023 жылғы 1 шілдеден бастап мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар мен арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері ұлғайтылған болатын.

Биыл мүгедектігі бойынша әлеуметтік жәрдемақыны 547 мың 146 адам, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға арналған мемлекеттік жәрдемақыны 106 мың 753 адам, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны 188 мың 174 адам алады деп жоспарлап отырмыз.

Ал Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемге 2024 жылға 34,1 млрд теңге көзделген. 2024 жылғы 4 айда төлемді 62 мыңға жуық адам алушы болып саналады.

Халықты әлеуметтік қорғау саласында мүгедектігі бар балаларға (психоневрологиялық патологиялары және тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар) туындаған әлеуметтік проблемаларды еңсеру және қоғам өміріне тең жағдайларда қатысу мүмкіндіктерін қалыптастыру мақсатында арнаулы әлеуметтік қызметтер (әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық қызметтер) стационар, жартылай стационар және үйде күтім жасау жағдайларында ұсынылады.

Қазіргі уақытта әлеуметтік қорғау жүйесінде 90-ға жуық баланы қамти отырып, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған стационарлық үлгідегі 4 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, 1,4 мыңнан астам баланы қамтитын психоневрологиялық патологиясы бар балаларға арналған стационарлық үлгідегі 17 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы бар. Бүгінде жартылай стационарлық және үйде әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесі стационарлық ұйымдардың қолданыстағы желісіне балама болып саналады және баланы отбасында сақтауға бағытталған.

78 күндізгі ұйымда 4 мыңға жуық бала қызмет алады. Сондай-ақ, 1,8 мыңға жуық балаға 23 оңалту орталығы жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіліп жатыр. Бүгінгі таңда елімізде барлығы 151 үйде әлеуметтік көмек бөлімшесі жұмыс істейді, онда 11 мыңнан астам бала қызмет алып жатыр.

Жартылай стационарлық және үйде қызмет көрсетудің мемлекеттік ұйымдарымен қатар арнаулы әлеуметтік қызметтерді 10 мыңнан астам адамға, оның ішінде 5 мыңнан астам мүгедектігі бар балаларға арналған 182 үкіметтік емес ұйым ұсынады. Атап өтсек, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде 50 баланы қамтитын 1 ұйым (жартылай стационар жағдайында) жұмыс істейді.

Бұдан басқа, мүгедектігі бар адамдарды оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету мақсатында Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 2021-2025 жылдар аралығында еліміздің 12 өңірінде (Ақмола, Ақтөбе, Жетісу, Атырау, Абай, Жамбыл, Павлодар, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарында, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында (200 орынға) 150 орындық оңалту орталықтарын салуды жоспарлады», – дейді маман.

Елімізде 725 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам тіркелген. Оның ішінде бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар – 76,4 мың адам, екінші топтағы – 270,7 мың адам, үшінші топтағы – 268,4 мың адам, 0-ден 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалар – 109,5 мың адам.

Соңғы 5 жылдағы статистика

Сонымен қатар, 5 жыл ішінде мүгедектігі бар адамдардың үлес салмағы 3,7%-3,6% деңгейінде салыстырмалы түрде тұрақты болып қалғанын атап өткен жөн.

Мүгедектікке шыққандардың негізгі диагноздары

Мүмкіндігі шектеулі ересектердің жалпы санынан (615,5 мың адам):

  • психикалық және мінез-құлықтық бұзылулары бар – 111,0 мың адам (18,0%);
  • қан айналымы жүйесінің аурулары бар – 106,0 мың адам (17,2%);
  • жарақаттары бар – 80,6 мың адам (13,1%) жетекші нозологиялар болып саналады.

Мүмкіндігі шектеулі балалардың жалпы санының (109,5 мың адам) ішінде:

  • жүйке жүйесінің аурулары бар – 29,7 мың адам (27,1%);
  • туа біткен ауытқулары бар – 27,9 мың адам (25,5%);
  • психикалық және мінез-құлықтық бұзылулары бар – 23,3 мың адам (21,3%) жетекші нозологиялар болып саналады.

Елімізде мүмкіндігі шектеулі адамдар қандай негізгі әлеуметтік көмек және жеңілдік түрлерімен қамтылған? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау 725 мың мүгедектігі бар адамның құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған. Оның ішінде 420,3 мың адам еңбекке қабілетті жаста (58,0%), 195,2 мыңы зейнеткерлік жаста (26,9%), 109,5 мыңы – 18 жасқа дейінгі балалар (15,1%).

«Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар іске асырылып жатыр. Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен міндеттері Қазақстанның Әлеуметтік кодексімен регламенттеледі. Министрлік жанынан Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесі жұмыс істейді», – деп толықтырды ведомство.

2023 жылғы 15 желтоқсаннан бастап «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлесіп, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған 4 өңірде (Абай, Павлодар, Қызылорда облыстары, Шымкент қаласы) пилоттық жоба іске қосылды. Жобаның негізгі мақсаты – үздіксіз оңалту және оңалтудың инновациялық техникалық құралдарын жеке таңдау арқылы тірек-қимыл аппараты бұзылған балалардың өмір сүру сапасын жақсарту.

Бұдан басқа, Қазақстанның Әлеуметтік кодексіне сәйкес мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен әзірленген абилитациялау және оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде келесі техникалық оңалту құралдары мен қызметтер көрсетіледі:

  • протездік-ортопедиялық көмек;
  • тифлотехникалық құралдар;
  • сурдотехникалық құралдар;
  • арнаулы жүріп-тұру құралдары;
  • міндетті гигиеналық құралдар;
  • санаторийлік-курорттық емдеу қызметтері;
  • жеке көмекші қызметтері;
  • ымдау тілі маманының қызметтері.

Қазақстан Әлеуметтік кодексінің 170-бабы 3-тармағына сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың, жұмыс берушілердің және өзге де ұйымдардың шешімі бойынша мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік көмектің қосымша шаралары берілуі мүмкін.

«Жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша мүгедектігі бар адамдарға қосымша әлеуметтік көмек қарастырылған», – дейді мекеме жауаптылары.

Бүгінгі таңда www.bilet.railways.kz сайтында мүмкіндігі шектеулі жандарға мүгедектік мәртебесін растай отырып, теміржолда жол жүру құжаты (билет) құнынан 50% жеңілдікпен билеттерді онлайн сатып алудың жаңа мүмкіндігі іске асырылды. Осыған байланысты мүгедектігі бар адам теміржол кассасы арқылы және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының жолаушылар порталы арқылы жеке куәлік бойынша жеңілдетілген теміржол билетін ресімдей алады.

«Қазір Қазақстанның заңнамасында әуе көлігі саласында мүгедектігі бар адамдар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету тәртібі регламенттелмеген. Қазақстанның әуе кеңістігін пайдалану мен азаматтық және эксперименттік авиация қызметін пайдалану саласындағы саясатты іске асыру, орындау үшін міндетті құқықтық актілерді қабылдау, сондай-ақ өз құзыреті шегінде мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асыруды қамтамасыз ету шаралары Қазақстанның Көлік министрлігінің құзыретіне жатады», – деп түйіндеді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Инклюзия бойынша департаменті.

Мүгедектігі бар адамдар топтарына байланысты қандай мөлшерде жәрдемақы алады? Қосымша төлемдер қарастырылған ба?  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Инклюзия бойынша департамент директоры Динара Жұбанова бұл жөнінде: «Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамтамасыз етудің үш деңгейлі жүйесі қалыптасты:

бірінші деңгей (базалық) – мемлекеттік бюджеттен мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар.

Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар Қазақстан азаматтарының конституциялық кепілдіктерінің бірі болып саналады. Жәрдемақылар мүгедектігі бар адамның еңбек өтілі бар ма, жоқ па, жәрдемақы алу үшін жұмыс тоқтатылғанына немесе жалғасқанына қарамастан төленеді.

Жәрдемақы мөлшері мүгедектіктің тобына және себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болады. Күнкөріс деңгейінің жоғарылауына байланысты олардың мөлшері жыл сайын инфляция деңгейіне арттыруға кепілдік беріледі.

Кейбір жылдары Мемлекет басшысының тапсырмалары негізінде олар екі рет артады. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 7%-ға ұлғайтылды.

Мысалы, жалпы аурудан мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы мөлшері өткен жылмен салыстырғанда:

  • 1 топ — 89 248 теңгеден 95 496 теңгеге дейін;
  • 2 топ — 71 398 теңгеден 76 397 теңгеге дейін;
  • 3 топ — 48 681 теңгеден 52 089 теңгеге дейін артты.

Өсу нәтижесінде мүгедектік бойынша орташа жәрдемақы 2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 541,8 алушыға 74 мың теңгені құрайды.

Соңғы 6 жылда мүгедектік бойынша жәрдемақының орташа мөлшері 2,3 еседен астам өсті (2018 жылы 32 392 теңгеден 2024 жылы 73 953 теңгеге дейін).

2024 жылға арналған мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге бюджеттен 487,4 млрд теңге қарастырылған.

екінші деңгей (міндетті) – егер жұмыс беруші зардап шеккен қызметкер үшін МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар аударған болса, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – Қор) төленетін әлеуметтік төлемдер.

Әлеуметтік төлемдердің мөлшері қызметкердің табысына, жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесіне және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне тікелей байланысты.

Қазақстан Үкіметінің шешімдеріне сәйкес әлеуметтік төлемдердің мөлшері жыл сайын инфляция деңгейіне көтеріледі.

Бұдан басқа, іске асыру үшін 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайларға әлеуметтік төлемді тағайындау параметрлері қайта қаралды. Бұл төлемдер мөлшерінің орта есеппен 50%-дан кем емес өсуін қамтамасыз етті.

Биыл еңбек ету қабілетінен айырылу жағдайларында төленетін әлеуметтік төлемдердің мөлшері 7%-ға артқанын атап өткен жөн.

үшінші деңгей — сақтандыру ұйымынан сақтандыру төлемдері, егер еңбек ету қабілетінен айырылу еңбек мертігуімен немесе кәсіптік аурумен байланысты болса және зардап шеккен қызметкердің пайдасына қызметкерді «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан заңында көзделген жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарты жасалған жағдайда төленеді.

Осылайша, қазір Қазақстанда әлемдік тәжірибені ескеріп, халықаралық стандарттарға жауап беретін көп деңгейлі әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі құрылды. Өйткені ол мемлекеттің, қызметкердің және жұмыс берушінің ортақ жауапкершілігіне негізделген», – деп түйіндеп отыр.

«Мүмкіндігі шектеулі ересектер мен балаларға шипажай, лагерь және тағы басқа қосымша ем-дом түрлері қарастырылған ба?» дегенге келсек, «Қазақстанның Әлеуметтік кодексіне сәйкес, мүгедектігі бар ересектер мен балалар абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес санаторийлік-курорттық емдеу қызметімен қамтамасыз етіледі», – дейді маман.

«Сонымен қатар, мүгедектігі бар баланы санаторийлік-курорттық емдеуге алып жүретін заңды өкілдердің бірінің санаторийлік-курорттық ұйымда болу құнын уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын, санаторийлік-курорттық емдеу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдік берілген соманың 70% мөлшерінде жергілікті атқарушы органдардан өтетіп алуға құқығы бар, – деп толықтырды ол.

Елімізде мүгедектігі бар адамдардың білім алуы мен еңбек етуіне қандай жеңілдіктер қарастырылған? «Кәсіп таңдау және білімге қол жеткізу мүгедектігі бар адамдарды қоғамда табысты интеграциялауда шешуші рөл атқарады. Бұл ретте, инклюзивті қоғам құру барлық азамат үшін, олардың физикалық, психологиялық немесе зияткерлік ерекшеліктеріне қарамастан, білім алуға, кәсіптік даярлыққа және жұмыспен қамтуға қолжетімділікті қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды талап етеді.

Қазіргі уақытта мүмкіндіктері шектеулі балалардың мемлекеттік білім беру бағдарламалары шегінде мемлекеттік білім беру ұйымдарында тегін, конкурстық негізде, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім алуға құқығы бар.

Ерекше білім беру қажеттіліктері (бұдан әрі – ЕБҚ) бар адамдар үшін білім беру бағдарламаларының мазмұнын жетілдіру мақсатында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 26 маусымдағы № 56-VII Қазақстан заңымен білім берудің барлық деңгейінде ЕБҚ бар балаларды оқыту үшін арнайы жағдайлар жасау бойынша мемлекеттік кепілдіктер регламенттелген, білім беру қажеттіліктерін бағалауды жүргізу және психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу, оқу жоспарларының, бағдарламаларының, білім алушының даму ерекшеліктеріне қарай оның жетістіктерін бағалау жүйесінің өзгергіштігін, икемділігін қамтамасыз ету бойынша нормалар енгізілген.

Өз кезегінде, академиялық дербестік шеңберінде колледждер жеке мүмкіндіктер мен ерекше білім беру қажеттіліктерін ескеріп, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім бойынша білім беру бағдарламаларын әзірлейді.

Бүгінгі таңда еліміздің колледждерінде 9,1 мыңнан астам мүгедектігі бар адам оқиды. Инклюзивті білім беру ортасының қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 70% (541) ТжКБ ұйымдарында инклюзивті білім беру үшін жағдайлар жасалған (кедергісіз қолжетімділіктің болуы, оқу-әдістемелік қамтамасыз ету, арнайы кадр құрамы).

Аталған бағыттағы жұмыс Қазақстанда мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде жалғасуда және тұрақты бақылауда тұр.

ЕБҚ бар білім алушылардың психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу деңгейін арттыру мақсатында Оқу-ағарту министрлігі ТжКБ ұйымдарының үлгілік штаттарына педагог-ассистент лауазымын енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл ретте, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің мамандықтары мен біліктіліктерінің сыныптауышына колледждер базасында педагог-ассистенттерді даярлау, интеллекті бұзылған балаларға арналған мамандықтарды енгізу бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.

Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруға келетін болсақ, бүгінгі таңда осы санаттағы адамдарды жұмыспен қамту практикасы жұмыспен қамту органдары арқылы бос орындарға жұмысқа орналастыру бойынша делдалдық қызметтер көрсетуді, жұмыс орындарын квоталауды, мүгедектігі бар адамдар үшін арнайы жұмыс орындарын құруды, еңбек нарығында талап етілетін дағдылар бойынша қысқа мерзімді оқытуды, қайтарымсыз гранттар беруді, жастарға шағын кредит беруді, сондай-ақ субсидияланған жұмыс орындарына жолдама алуды қамтиды.

Бұдан басқа, еңбек ресурстарын дамытуда бүкіл халыққа арналған оқытудың цифрлық нысандарына баса назар аударылды. Бүгінгі таңда еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды онлайн режимде Қысқа мерзімді оқытудың бірыңғай порталы жұмыс істейді (https://skills.enbek.kz), ол мүгедектігі бар адамдарға (нашар еститін және нашар көретін) бейімделген.

Қазақстанның 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын іске асыру шеңберінде мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарын квоталау жөніндегі шараларды жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр (жұмыс берушілердің оларды орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілігін күшейтіп, заңнамалық нормаларды орындау міндеттілігін бекіту, сондай-ақ квотаны орындамайтын жұмыс берушілердің өтемақы жарналарын төлеу туралы нормалар енгізу көзделеді).

Мүгедектігі бар адамдардың белсенді еңбек қызметін арттыру үшін қосымша шаралар Қазақстандағы 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасы шеңберінде көзделеді.

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында ЕБҚ бар балалар үшін жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі енгізілді. Бұл ретте жылына бір білім алушыға білім беру процесінің шығыстар нормасы екі есеге ұлғайтылды.

I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға және мүгедектігі бар балаларға техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде мынадай жеңілдіктер көзделген:

  • білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде қабылдау квотасы;
  • мемлекеттік гранттарды бюджеттік қаржыландыру арқылы тегін мемлекеттік білім алуға арналған конкурсқа қатысқан кезде көрсеткіштері бірдей болған жағдайда I және II топтағы мүгедектігі бар адамдардың, бала кезінен мүгедектігі бар адамдардың, медициналық-әлеуметтік сараптаманың қорытындысына сәйкес тиісті білім беру ұйымдарында оқуға қарсы көрсетілмеген мүгедектігі бар балалардың басым құқығы болады;
  • мемлекеттік тапсырыс немесе грант бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарында оқитын мүгедектігі бар адамдарды стипендиялық қамтамасыз ету бойынша жеңілдіктер.

Биыл Оқу-ағарту министрлігі мүгедектігі бар адамдар үшін техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына қабылдау квотасын ұлғайту бөлігінде тиісті құқықтық актілерге өзгерістер енгізеді» — дейді сала жауаптылары.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin