Түркістан облысы: Созақ ауданында мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша қоғамдық қабылдау өтті

Мемлекеттік органдардың ашықтығын көрсету мен халық қажеттіліктерін қанағаттандыру, заң шеңберінде тиісті уәкілетті органдар арқылы мәселелерді шешу және жүгінген азаматтарға құқықтық көмек ұсыну мақсатында Созақ аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының ғимаратында аудан тұрғындарына мемлекеттік көрсетілетін қызмет саласы бойынша қоғамдық қабылдау өтті.

Аталған шараға Созақ ауданы әкімдігінің мемлекеттік қызмет көрсету саласына жауапты дербес бөлім қызметкерлері қатыстырылды.

Қабылдау барысында аудан тұрғындарының мемлекеттен «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы аясында көтерме жәрдемақы алу, тұрғын үй алу, жер құжаттарын заңдастыру, ауыл шаруашылығы техникаларын алу және әлеуметтік көмектерді алу сияқты өзекті сұрақтарына тиісті сала мамандарымен жауаптар берілді.

Осы тұста назар аударар жайт, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығына сәйкес 2023 жылғы 1 сәуірден бастап «Дипломмен — ауылға» жобасының сенімді агенті болып Отбасы банк тағайындалды.

Жоба тұрғын үй сатып алуға немесе салуға кредит беруді және көтерме жәрдемақы төлеуді көздейді.

Енді азаматтардың уақытын үнемдеу және оларға осы мемлекеттік қолдауды алу процесін жеделдету үшін «Дипломмен ауылға» жобасы цифрлық форматқа ауыстырылды. Қазақстандықтардан жаңа өтінімдер otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталында онлайн режимде қабылданатын болады.

«Дипломмен ауылға» жобасына қатысуға өтінім беру үшін қатысушы otbasybank.kz порталында тіркелуі және ЭЦҚ көмегімен өтінімге қол қоюы қажет.

Бағдарламаға ауылдық жерлерге енді ғана келген немесе бұрыннан тұрып жатқан және онда бірқатар кәсіптер бойынша жұмыс істейтін кез келген жастағы қазақстандықтар қатыса алады. Бұл денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен мамандары, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері (әкімдер мен әкімдердің орынбасарларын қоспағанда).

Аудандық әкімдіктер мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктері жыл сайын өз елді мекенінде жоғарыда аталған мамандықтар бойынша талап етілетін қызметкерлердің тізбесін қалыптастыратынын атап өткен маңызды. Дәл осы тізім аясында жеңілдетілген кредиттер беріледі.

Қарыздың ең жоғары сомасы 1500 АЕК-ке дейін, кредит бойынша мөлшерлеме 0,01%-ға тең (ЖТСМ – жылдық 0,01%-дан басталады)

Қарыз маман жұмыс істейтін елді мекенде тұрғын үй сатып алуға немесе салуға беріледі. Кредиттің ең көп мерзімі – 15 жыл. Негізгі талап – жобаға қатысушы ауылдық жерде мамандығы бойынша 3 жыл жұмыс істеуі керек.

Енді «Дипломмен ауылға!» жобасы шеңберіндегі қарыздарға Отбасы банкте қызмет көрсетіледі. Сондықтан кредиттері бар қазақстандық азаматтар банктің клиенттері болуы тиіс. Бұл төлемдерді уақтылы өтеу үшін және болашақта мерзімді өткізіп алмау немесе өсімпұл есептелмеу үшін жасалатын шара.

Банктің клиенттері бола отырып, олар кредит талаптарын өзгертпестен оны төлеуді жалғастырады.

Банктің клиенті болудың мынадай бірнеше тәсілі бар:

— Otbasy bank мобильді қолданбасын жүктеп, оның көмегімен ағымдағы шотты және депозитті ашу;
— ұялы телефоннан 300 нөміріне тегін қоңырау шалу;
— жақын жердегі банк бөлімшесіне немесе кеңес беру орталығына хабарласу.

«Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде қазақстандықтар 100 АЕК мөлшерінде көтерме жәрдемақы алуға үміткер бола алады. Мемлекеттік қолдаудың бұл түріне де otbasybank.kz платформасы арқылы өтініш беруге болады.

Жәрдемақы мен бюджеттік кредит алуға өтінішті бір мезгілде беруге болады.

«Елімізде «Дипломмен – ауылға» жобасы өз жұмысын бастағалы бері 38 мың қазақстандық бюджеттік несие алған екен. Біз бұл клиенттік базаны бағдарламаның бұрынғы операторынан алдық. Заң бойынша, осы несиелерге қызмет көрсетуді жалғастыру үшін қарыз алушылар Отбасы банкінен ағымдағы шот ашулары қажет. Клиенттерді хабардар етпей, олардың келісімінсіз біз оны өз бетімізше ашуға құқығымыз жоқ. Сондықтан, «Дипломмен ауылға» жобасының барлық қатысушыларын 2023 жылдың 1 мамырына дейін жеделдетіп, ағымдағы шот ашып, банк клиенті атанып үлгерулерін сұраймыз. Сонда кез келген екінші деңгейлі банктен клиент осы ағымдағы шотты толықтырып, сол арқылы несиесін өтей алады», — деп түсіндірген болатын «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшанов.

2010 жылдан бері күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан «Дипломмен ауылға» бағдарламасының жұмыссыз жастарға тигізген пайдасы орасан. Жоба мақсаты — ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге келген жастарға жағдай жасап, оларға көмек беру болатын. Бағдарлама аясында дипломын енді ғана қолына алған жас мамандарға мемлекет тарапынан біржолғы жәрдемақы мен қажеттілігіне қарай тұрғын үй сатып алуы үшін төмендетілген пайызбен несие ұсынылды.

Түркістан облысында аталған бағдарламамен қазіргі таңға дейін 13 182 маманға 2 миллиард 563,4 миллион теңге көлемінде көтерме жәрдемақы берілген. Сондай-ақ, 4 032 маман 13 миллиард 742,5 миллион теңгеге тұрғын үйлі болған.

Бағдарлама биыл да өз жұмысын тоқтатқан жоқ. 2023 жылғы жоспарға сәйкес, 1 537 маманға 530,6 миллион теңге көлемінде қаржы үлестіру көзделген. Биылғы жылдың 9 айында 383 маманға 132,1 миллион теңге берілген. Сонымен қатар, жыл басынан бері 391 маман бюджеттік несиемен баспаналы болған.

Бүгінде Түркістан облысындағы халық саны — 2,1 миллионнан асты. Соның ішіндегі 14-35 жас аралығындағы жастар саны — 654 353., яғни халық санының 30%-ын жастар құрап отыр. Тағы бір айта кетерлігі, өңір жастарының басым бөлігі ауылды жерде тұрады. Сондықтан да елді мекендерде жастарды тұрақты жұмыспен қамту аса маңызды.

 Түркістан облысында 2023 жылы жастарға арналған 12 мемлекеттік бағдарлама бекітілген. Атап айтсақ, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Бастау-Бизнес», «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы, «Дипломмен ауылға», «Серпін-2050 мәңгілік ел жастары — индустрияға», Әлеуметтік жұмыс орны, Студенттік құрылыс отряды мен орта арнаулы оқу орындарында білім алуға бөлінген мемлекеттік гранттар. Сонымен бірге 2021-2025 жылдары кәсіпкерлікті қолдауға арналған Ұлттық жобасы» шеңберінде жастарға арналған жеңілдетілген шағын 2,5 пайыздық несие. Бұл бойынша өңірде 594 жасты қамту жоспарланған.   

     «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin