
Ауданда жылдағы дәстүрге сай шегіртке зиянкестеріне қарсы күрес жұмыстары басталды.
Бүгінде Жартытөбе ауылдық округіне қарасты «Таскөмірсай» маңындағы егістік алқабында 150 гектар, Құмкент ауылдық округіне қарасты Сарысу ауданымен шекаралас 100 гектар аумақта залалсыздандыру шаралары жүргізілді. Жалпы көлемі 850 гектар жерге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Аталған шараларға қажетті 8 техника жұмылдырылды.
Осы ретте бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков зиянкестермен күрес жұмыстары жүріп жатқан аумақтарға арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстарды бақылауға алды. Жауаптыларға залалсыздандыру жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Айта кетейік, аталған аумақтарда өткен жылы саяқ шегіртке түрі тіркеліп, 930 гектар жер залалсыздандырылған болатын. Ал биыл алғаш рет Сарысу ауданымен шекаралас аумақта итальяндық шегіртке түрі анықталып отыр. Қазіргі таңда болжам орталығы мамандары зиянкестердің дернәсілдері анықталған аумақтарды тұрақты бақылауға алып, күрес шараларын жүргізіп жатыр.
«ANYQ.KZ»—ақпарат.