Қырғызстан елінің Ыстықкөл облысы, Ыстықкөл ауданы, Чолпан-Ата қаласында 21-25 тамыз аралығында гір көтеру спортынан жастар мен жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтті.
Сайысқа 18 мемлекеттен 500-ге тарта спортшы жиналып, гір тасын көтеру спорты бойынша өзара сынға түсті. Байрақты бәсекеде ел намысын қорғаған созақтық спортшылар жеңіс тұғырынан көрінді. Жарыс нәтижесі бойынша, жастар арасында серпе көтеруден 68 келі салмақта Баби Орынбасар мен жасөспірімдер арасында 58 келі салмақта Тілеген Өскен оза шауып, әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ Ергешбай Еркебұлан 58 келі салмақта жұлқа көтеруден жүлделі ІІ орынға тұрақтап, еліміздің мерейін үстем етті.
Жеңімпаз саңлақтарды спорт өнеріне баулып келе жатқан Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Мұрат Серікбаев Түркістан облысы бойынша тұңғыш Халықаралық дәрежедегі төреші атағын алып, бұған дейінгі жеткен жетістіктерін еселей түсті.
Гір көтеру – халық арасында кең тараған спорт түрі. Шойыннан құйылған кірді бір қолмен көтеру арқылы орындалады. Атақты Балуан Шолақ, Қажымұқан гір көтеру өнерін көрсеткен. Гірлер 16, 24, 32 келілік салмақтарға жіктеледі.
Гір көтеру спортының тарихы тым тереңде жатқанымен, дәстүрлі спорт ретінде тек 1985 жылы ғана мойындалып, ресми бекітілді. Ауыр атлетика спортының бір түріне жататын гір тасын көтеруді Шығыс Еуропа халықтары ойлап тапқан. Ал бұл спорт түрі қазақ жеріне XIX, ХХ ғасырларда келгенін әйгілі Қажымұқан, Балуан Шолақ балуандарымыздың жәрмеңкелерде гір тасын көтерудің жарқын үлгісін көрсеткенінен білеміз.
Гір көтеру 1985 жылы ресми спорт түрі болып бекітілгенімен, оны ешбір спорт түрі өз құрамына енгізген жоқ. Сөйтіп, 2007 жылы Шығыс Еуропаның бес мемлекеті – Эстония, Литва, Ресей, Украина және Беларусь бас қосып, Халықаралық гір спорты одағын құрды. Сөйтіп, әлемнің 63 елін өз мүшелігіне қабылдаған аталған ұйым 2010 жылдан бастап гір көтеруден әлем чемпионатын ұйымдастыра бастады. Жыл сайын тұрақты түрде өткізілетін әлемдік доданың 2016 жылғы бәсекесі Қазақстанның Ақтөбе қаласында ұйымдастырылғанын да айта кетейік.
Жалпы, спорттың қай түрін алып қарасаңыз да бәрінің мақсаты саламатты өмір салтын ұстану, әуесқой және кәсіби деңгейде жетістікке жету, түрлі жарыстарға қатысу екені белгілі. Дегенмен тәуір нәтижеге қол жеткізіп, чемпионаттарда топ жару кез келген спортшыға бұйыра бермейді. Мұндай жетістікке тек қажырлы еңбек етіп, спортты шексіз сүйіп, кез келген қиындыққа мойымай, тек алға қарай ұмтылатын жандар ғана жетеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.