Бүгін Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесі қарсаңында Қарақұр ауылында жабық футбол алаңы мен округ әкімдігінің жаңа ғимараты ашылып, тұрғындар қос бірдей қуаныштың куәсі болды.
Соңғы үлгідегі талаптарға сай жабдықталған жаңа нысандардың ашылуына аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады.
— Бүгін ынтамағы артып, береке-бірлігі жарасқан Қарақұр ауылында сұраныстарыңызға орай салынған қос бірдей нысанның құрылысы аяқталып отыр. Жаңа нысандар ауылдың ажарын аша түскені анық байқалады. Біз ауыл жастарының кез келген мезгілде спортпен шұғылдануға мүмкіндік беретін жабық үлгідегі спорттық нысанның құрылысын өткен жылы Қаратау ауылынан бастап, ел игілігіне ұсындық. Бүгінде бұл жұмыстар Қарақұр ауылында жалғасын тауып отыр. Ендігі кезекте дәл осындай нысанды Сызған және Жуантөбе ауылдық округтерінен салу үшін тиісті құжаттары әзірленуде. Осы секілді спорттық нысандар барлық округтерде кезең-кезеңімен жалғасын тауып, бой көтеретін болады, — деген аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы аудан көлемінде іске асып жатқан өзге де жобаларға тоқталып, жоспарларымен бөлісті.
Атап өтерлігі, аудан тұрғындарының спортпен тұрақты түрде шұғылдануына ықпал жасау мақсатында ауданда 148 спорттық нысан жұмыс істейді.
Ағымдағы жылдың есепті кезеңінің қорытындысына сәйкес 3 спорт нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Атап айтар болсақ, Шолаққорған ауылынан «Катко» БК демеушілігімен шағын футбол және балалар ойын алаңшасы, Шаға елді мекенінде сол ауылдан шыққан кәсіпкердің демеушілігімен шағын футбол алаңшасы салынды.
Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен Қарақұр елді мекенінен төбесі жабық үлгідегі шағын футбол алаңшасы салынып пайдалануға берілді және «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы бойынша Шолаққорған ауылының Түркістан бағытына қарай тас жол бойынан республикалық бюджет есебінен заманауи үлгідегі спорт кешенінің құрылысы басталып, 2025 жылы құрылысы аяқталады деп күтілуде.
«Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Ұлттық қордан Созақ ауылындағы спорт алаңы құрылысы жобасына 231,8 миллион теңге (2022 жылдан өтпелі) бөлініп, 2023 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, қабылданды.
Сонымен қатар, Созақ ауылындағы спорт алаңы құрылысы (сыртқы инженерлік желілері) жобасына 227,6 миллион теңге бөлініп, 2023 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды.
«Қаратау ауылынан жабық кіші футбол алаңының құрылысы» жобасына 97,5 миллион теңге бөлініп, 2023 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды.
2023 жылы Шолаққорған ауылынан заманауи спорттық сауықтыру кешенінің құрылысы басталды (жобаның құны: 1 миллиард 924 миллион теңге) 2023 жылға Ұлттық қордан 300 миллион теңге қаралып, игерілді. Нысан 2025 жылға өтпелі.
«Тасты ауылындағы 75 орындық мәдениет үйінің құрылысы» жобасына 176,6 миллион теңге бөлініп, 2023 жылы 4 желтоқсанда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, қабылданды.
Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев тұрғындарды құттықтап, жаңа ғимаратта округ әкімі аппаратының ұжымы елдің әлеуетін арттыру бағытында жігерлі жұмыс істейтініне сенім білдірді. Сондай-ақ жаңа спорт алаңына жиналған жастар спортты жанына серік етіп, салауатты өмір салтын ұстануға үлкен мүмкіндік екендігін айтып өтті. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Лесбек Момбеков игі іске ұйытқы болған азаматтарға алғыс айтып, ақ батасын арнады.
Айта кетейік, құрылыс аумағы 1085,6 шаршы метрді құрайтын кіші футболға арнап ашылған жабық үлгідегі ойын алаңы талаптарға сай жабдықталып, онда командалардың киім ауыстыруына арналған арнайы бөлмелер қоса қамтылған.
Сондай-ақ құрылыс алаңы 292,2 шаршы метрді құрайтын әкімідік ғимаратының құрылыс жұмыстары өткен жылы аудандық бюджет есебінен қаржыландырылып, құрылыс жұмыстарын «Vek-Stroy-Com» ЖШС жүргізді. Нысанның сыртқы фасады дауыл мен жауынға төзімді етіп қапталған. Аумағы арнайы темір шарбақтармен қоршалып, көгалдандыруға мүмкіндік беретін орындар қарастырылған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.