Түркістан облысы: Созақ ауданының әкімі жергілікті тұрғындарды кітап оқуға үндейтін Ақсүмбе ауылдық кітапханасында болды

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков бірқатар ауылдар мен шағын елді мекендерді аралап, атқарылып жатқан жұмыстарды бақылауға алды. Сапар барысын Ақсүмбе елді мекенінен бастап, атқарылу керек жұмыстарды пысықтады.

Күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан Ақсүмбе ауылдық клубы мен кітапханасында болды. Онда қосымша жасалу керек жұмыстарды нақтылап, жауапты мамандарға тапсырма берді. Сондай-ақ ауыл маңында ағын су салдарынан бүлінген жолдарды реттеу үшін де нақты міндеттер жүктеді. Бұған қоса түнгі жарықшамдар орнатылатын көшелер мен ауыл тазалығына тоқталды.

Сонымен қатар Қаратау ауылы мен Сарыжаз елді мекеніндегі облыстық маңызы бар жолдағы су өткізгіш құбырлардың күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, Қарақұр ауылындағы құрылыс нысандарын аралады.

Қарақұр ауылдық округі әкімі аппараты ғимаратының құрылысын жақын уақытта аяқтау көзделсе, ауыл жастары бос уақытын тиімді пайдалануға жағдай жасау мақсатында заман талабына сай жабдықталған жабық футбол алаңының құрылысы басталды.

Аудан басшысы аталған ауылдардан соң аудан орталығында құрылысы жүріп жатқан 200 орындық «Спорттық-сауықтыру» кешенінде болды. Мердігер мекеменің өкілдерімен тілдесіп, құрылыс нысанының жай-жапсарына жан-жақты тоқталды.

Атап өтерлігі, Созақ ауданының ауыл шаруашылығы саласы бойынша өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Шолаққорған, Созақ, Құмкент, Жартытөбе ауылдық округтері қатысқан. Аталған ауылдық округтерден ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылып, жеңілдетілген несиемен қамтылып 88 миллион 850 мың теңгеге ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды.

«Ауыл аманаты» жобасына 277 жоба тапсырылып, 210 жоба 1 миллиард 169 миллион 410 мың теңгеге несие алды. 2024 жылдың 3 айындағы мәліметтерді сөйлетсек, 2024 жылы аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін Қаратау, Қарақұр, Сызған және Шолаққорған ауылдық округтері ұсынылып, қатысқалы отыр.

Негізгі капиталға 678,1 миллион теңге инвестиция тартылып, жылдық жоспар 100% орындалды (жоспар: 677,8 миллион теңге). Тамақ өндірісіне 205,8 миллион теңге инвестиция тартылып, 101,2% орындалды (жоспар: 203,3 миллион). Егістік жер көлемі 14 390 гектарға игеріліп, 100,6% орындалды (жоспар: 14 300 гектар). Жерге тамшылатып суару әдісі 5,2 гектарға енгізіліп, 104% орындалды (жоспар: 5 гектар). 30 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы алынып, жоспар 100%-ға орындалды. Жаңбырлатып суару әдісі 164 гектар жерге ендіріліп, 100%-ға орындалды (жоспар: 164 гектар). 4 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, меже 100%-ға орындалды. Жоғары отбасылық құс фермалары 8 дана 500 бастан ашылып, 33%-ға орындалды (жоспар: 24 ферма).

Сонымен қатар, 2023 жылы 13 127 тонна ет, 16 429 тонна сүт, 2 470 мың дана жұмыртқа өндірілді. Сондай-ақ, жыл қорытындысына сәйкес, ауданда мүйізді ірі қара 36 129 бас, қой 245 338 бас, ешкі 23 540 бас, жылқы 30 115 бас, түйе 15 072 бас, құс 25 037 басты құрады.

Инфрақұрылым бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталсақ. Аудан көлеміндегі 33 елді мекеннің 29 елді мекеніндегі 62 910 адам орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Орталықтандырылған ауыз су құбыры бар 29 елді мекеннің 21 елді мекеніне ауыз су 24 сағат берілсе, қалған 5 елді мекенге (Сызған, Созақ, Қарақұр, Қаратау, Қозмалдық) кестемен берілуде.

«Шолаққорған ауылының Ақшам және Наурыз мөлтекаудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысы» нысанына 2022 жылы бастаып, нысан 2023 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілді.

Қарабұлақ, Балдысу, Басбұлақ, Саржаз және Сызған елді мекендеріне ауыз су құбырын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, аудандық бюджеттен 9 миллион теңге, облыстық бюджеттен Қарабұлақ, Балдысу елді мекендеріне 34 миллион 400 мың теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған. 2024 жылдың 3 айындағы мәліметтерге қарағанда, Қарабұлақ, Балдысу, Басбұлақ, Саржаз елді мекендеріне ауыз су құбырын жүргізу үшін және Сызған елді мекенін тәулік бойы ауыз сумен қамту үшін құрылыс-монтаждау жұмыстары 2023 жылдың қазан айынан басталды. Нысандар осы жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін болады.

Жолдарды жақсарту мақсатында 2023 жылы «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 22,4 шақырымды құрайтын 18 көшеге асфальт жабындысын төсеу  жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.

Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен 11,6 шақырымдық 11 көшеге асфальт жабындысы төселді. 2023 жылы Жартытөбе, Аққолтық, Балдысу және Басбұлақ елді мекендерінің ішкі көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде елді мекеннің жолдары  100% асфальт жолмен қамтылды.

2024 жылдың 3 айындағы мәлеметтерге үңілсек, 2024 жылы «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 16,4 шақырымды құрайтын 17 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін мердігерді анықтауға мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, аудандық бюджеттен 19,7 шақырымдық 17 көшеге асфальт жабындысын төсеу үшін мердігерді анықтауға мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылды.

Табиғи газбен қамту бойынша атқарылған тірліктерге келсек. «Созақ ауданында АГТС бар магистральды газ құбыры-тармағын салу» нысаны бойынша 2019-2022 жылдар аралығында Жаңатас қаласы бұрылысынан Шолаққорған ауылына дейінгі 43,8 шақырым магистральды газ құбыры траншеяға 100% көмілген. Газды қабылдау құрылғысы (УПОУ) орнатылды. АГТС қондырғыларының орындары дайындалып, қоршалған. Электр бағаналары орнатылып, электр желілері жүргізілді. Найзағайдан қорғау прожектор діңгегі (ПМЖ) 5 дана және КТП-10/04кВ дизельдік электростанциясы орнатылды. ВОЛЬС кабельдері жүргізілді.

2024 жылға қосымша шарт түзіліп, ағымдағы жылдың наурыз айында АГТС қондырғыларының 2 данасы жеткізілді.

Осы тұста Шолаққорған ауылы мен Жеткеншек елді мекенін табиғи газбен қамту туралы тілге тиек ете кетсек. Аудан орталығы Шолаққорған ауылы мен Жеткеншек елді мекенін табиғи газбен қамту үшін «Шолаққорған ауылдық округінің газ тарату желісін салу» жұмыс жобасы бойынша 2021-2022 жылдар аралығында 100-ге жуық көшеде орналасқан 3200 абонентке газ құбыры жүргізілді. Шкафты газ реттеу пунктінің орындары дайындалып, 5 дана ШРП орнатылды. 2024 жылы АГТС қондырғылары орнатылып, іске қосылған жағдайда Шолаққорған ауылы мен Жеткеншек елді мекені тұрғындары табиғи газбен қамтылады.

Көшелерді жарықтандыру бойынша. 2023 жылы аудандық бюджет есебінен 10 елді мекеннің (Шолаққорған, Жартытөбе, Созақ, Сызған, Қаратау, Қарақұр, Жуантөбе, Құмкент, Қыземшек, Таукент) көшелері жарықтандырылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. 2024 жылдың 3 айындағы көрсеткіштерге сүйенсек,  2024 жылы жыл басында аудандық бюджет есебінен елді мекендерді жарықтандыруға 10 ауылдық округке (27 көшеге) (Шолаққорған, Жартытөбе, Құмкент, Сызған, Созақ, Қарағұр, Қаратау, Жуантөбе, Шу, Таукент) көше жарықшамдары орнатылды.

Құрылыс саласы бойынша бірқатар атқарылған шаруалар бар. «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Ұлттық қордан Созақ ауылындағы спорт алаңы (2022 жылдан өтпелі) құрылысы басталып, 2023 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, қабылданды.

Сонымен қатар, Созақ ауылындағы спорт алаңы құрылысы (сыртқы инженерлік желілері) 2023 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды.

«Қаратау ауылынан жабық кіші футбол алаңының 2023 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды.

2023 жылы Шолаққорған ауылынан заманауи спорттық-сауықтыру кешені құрылысы басталды.  Нысан 2024 жылға өтпелі болды.

 «Тасты ауылындағы 75 орындық мәдениет үйінің құрылысы» 2023 жылы 4 желтоқсанда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, қабылданды.

Биыл құрылыс жұмыстарын бастауға бірнеше жобаларға қаржы қарастырылды:

«Түркістан облысы Созақ ауданының Құмкент ауыл округі Жылыбұлақ каналын салу» жобасы.

«Қаратау елді мекенінің қатты қалдықтар тастайтын орынының құрылысы» басталды.

 «Қарақұр елді мекенінің қатты қалдықтар тастайтын орынының құрылысы» жобаның құны – 303,2 миллион теңге. 2023 жылға 1,0 миллион теңге қаралып, игерілді. Нысан 2025 жылға өтпелі.

«Жуантөбе елді мекенінің қатты қалдықтар тастайтын орынының құрылысы» нысаны 2025 жылға өтпелі.

 Шолаққорған ауылындағы «Астана» мөлтекауданына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы жобалық-сметалық құжаттамасына түзету енгізуге оң сараптама қорытындысы алынды. Нәтижесінде жер кезегінде тұрған 435 адам тұрғын үйге жер телімдерін беруге мүмкіндік болады.

2024 жылдың 3 айындағы мәліметтерге сүйенсек, Шолаққорған ауылындағы заманауи спорттық сауықтыру кешенінің құрылысын 2024 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

«Қарақұр ауылдық округі аппараты әкімшілік ғимаратының құрылысы» нысаны 2023 жылдан өтпелі болып іске асырылуда. Нысанды биыл аяқтау жоспарлануда және Қарақұр ауылында кіші жабық футбол алаңының құрылысы басталуда. Бұл нысан да биыл аяқталады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin