Түркістан облысы: Тәушен Әбуованың туғанына 90 жыл толуына орай «Айтыстың ақберені» атты сыр-сұхбат кездесу кеші өтті

Биыл киелі Отырардың от ауызды, орақ тілді суырып салма ақыны, барша қазақ қадір тұтқан ана Тәушен Әбуованың туғанына 90 жыл толып отыр. Сүбелі сөз бен ұшқыр ойдың иесі Тәушен Жорабекқызы өскен жерін, туған елін, қасиетті халқын, оның болашағын жырлап өткен отырарлық ақындардың ұстазы десек қателеспеген болар едік. Қазақтың қара өлеңімен талай қазақтың құлақ құрышын қандырып, тауып айтқан ұтымды ойлары мен мағыналы жырларымен елін сүйсінткен Тәушен ақынды халқы сағынады, әлі де іздейді. Осының бір дәлелі, шырайлы Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Асылдың көзі…» жобасы аясында ақынның артында қалған ұрпақтарымен, ізбасарларымен және көзін көрген замандастарымен «Айтыстың ақберені» атты сыр-сұхбат кездесу кеші өтті.

Кешке ақын апамыздың ұл-қыздары, айтыстағы жолын жалғаушы айтыскерлер қауымы, замандастары, Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов, Отырар аудандық «Әдебиет және Өнер» бірлестігінің төрағасы, жазушы Сағындық Қыдыр, әнді жанына серік еткен Нышан Төлегенов ағаларымыз келіп, арнайы қатысты.

Кеш шымылдығы ақын Мейіржан Жақыповтың арнау өлеңімен түріліп, одан әрі алғашқы сөз кезегі аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханұлына берілді. Ол өз сөзінде: «Алмас қылыш қап түбінде жатпайды деген. Елуден асқанда Тәушен апамыз осы сөздің тегін айтылмағанын дәлелдеп кетті. Ұзақ уақыт булығып қалған талант көкке көтерілді. Ақынның алғашқы қадамын қуаттап, қол ұшын созған оның адал жары Серікбай мен ақын Көпбай Омаров еді. Айтыста Тәушен Әбуова екпінімен ешкімді қарсы келтірмеген. Ақынның тауып айтқан сөздері, әдемі қалжыңы – әлі күнге елдің көкейінде», — дей келе, ақынның 90 жылдығы аясында ұйымдастырылған кештің өтуіне ұйытқы болған айтыскер ақын Анар Жаппарқұловаға шынайы ризашылығын айтып, аудан әкімі Сәкен Сұлтанхановтың алғыс хатын табыстады.

Жас айтыскерлер арасындағы «Күміс домбыра» иегері Даниал Болысбек пен облыстық оқушылар айтысының жеңімпазы Сұлтан Сәуірхан сахна төрінде айтыс жасап, көпшілік көрерменнің көңілінен шықты.

Айтыскер ақындардан ҚР Мәдениет саласының үздігі Карима Оралова, Қазақстан және Өзбекстан мемлекеттерінің жазушылар одағының мүшесі Бөрібай Оразымбет, Бекмұрат Анарбаев, Жандос Мырзабек, Нұрлан Есенқұлов және Нұрғали Әнәпия кештің қадірлі қонағы болды.

Еске салайық, Тәушен Әбуова 1932 жылы Отырар ауданының Балтакөл ауылында туған. Аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі болып қызмет атқарды. Айтыс өнеріне кештеу араласса да, оны дамытуға, халық арасында насихаттауға сүбелі үлес қосты. Ол айтыстарында өскен жерін, туған елін, қасиетті халқын, оның болашағын жырлады. 1985 – 1990 жылдары Тәушен Әбуова бірнеше айтыстарға қатысты. Халық ақындары қызылордалық Манап Көкеновпен, көкшетаулық Көкен Шәкеевпен, Қырғызстанның халық ақыны Әмірәлі Айтаевпен, тағы басқа суырып салма ақындармен сөз сайысына түсіп, облыстық, республикалық, халықаралық айтыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, жүлдегері болды, республикалық телесайыстың бас жүлдесін жеңіп алды. Ол Мәдениет министірлігінің 1-ші дәрежелі екі дипломымен марапатталған, «Достық» орденінің иегері. Айтыскер ақын туралы екі деректі фильм түсірілді, екі кітап шығарылды. Айтыскер ақын 2004 жылы 15 тамызда Шымкент қаласы өмірден озды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.