Түркістан облысы: Төлебилік оқушылар университет грантын жеңіп алды

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті Шымкент қаласы мен Түркістан облысының мектеп бітірушілеріне арналған пән олимпиадасын және «Жас талант» конкурсын ұйымдастырды.

Аталмыш конкурста Төлеби ауданындағы Көксәйек шағын жинақты жалпы білім беретін мектебінің 11-сынып оқушысы Ерман Төлеген І орынды жеңіп алып, алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдерін даярлау білім беру бағдарламасы бойынша аталған университет грантын иеленді. Ал, Төлеби ауданындағы Т.Тоғысбаев атындағы жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбында оқитын Ұласбек Орал конкурстың ІІІ орын иегері атанды. Осы мектептің тағы бір 11-сынып оқушысы Динара Шегебайқызы олимпиада қорытындысы бойынша ІІІ орыннан көрінді. Ұласбек дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығы, ал Динара Ұлттық бірыңғай тестілеудің шет тілі-дүниежүзі тарихы бейімдік пәндер комбинациясындағы мамандық бойынша университетте оқу ақысын төлеуде жеңілдікке ие болды.

Сондай-ақ, олимпиада мен конкурста алдыңғы қатардан көрінген төлебилік оқушыларға жетекшілік еткен ұстаздар Қымбат Сүйкімбаева, Гүлнар Ормановаға және мектеп директорлары Бақытжан Кемелов пен Нұрмахан Мұшатовқа университеттің Алғыс хаты табыс етілді.

Атап өтерлігі, дәстүрлі түрде өтетін олимпиадаға қатысушылардың саны жылдан-жылға артып келеді. Өткен жылы 2 мың оқушы қатысса, биыл олимпиадаға тіркелгендердің саны 3 мыңға жетіпті. 20 ақпан — 1 наурыз аралығында өткен сайыс Ұлттық бірыңғай тестілеудің бейіндік пәндер комбинациясы бойынша өткізілген.

– Олимпиаданың мақсаты – жалпы білім беретін пәндер бойынша мектеп бітіруші оқушылардың білімін бағалау нәтижесінде дарынды озат оқушыларды анықтау. Бұл өз кезегінде оқушылардың жоғары оқу орындарында дұрыс мамандық таңдауға жол көрсетеді. Сондай-ақ, оқуға түсу бойынша мейлінше ақпаратының көп болуына көмегі тиеді, — дейді ұйымдастыру комитетінің төрағасы Қ.Нұрманбетов.

Атап өтейік, Олимпиаданың нәтижесі бойынша жеңімпаздарға оқуға түскенде оқу ақысына I – орынға 100%, II – орынға 75%, III – орынға 50% жеңілдіктер қарастырылған.

Орайы келгенде тілге тиек еткен артық болмас, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің тарихы тереңде жатыр. Сонау сұрапыл соғыстың нағыз қайнап тұрған кезінде, 1943 жылдың 19 маусымында КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің №679 қаулысымен Құрылыс материалдары технологиялық институтын ұйымдастыру туралы шешім қабылдады. Осы жылдың 29 маусымында КСРО Халкомы жанындағы жоғары мектеп істері жөніндегі Бүкілодақтық Комитет пен КСРО құрылыс материалдары өнеркәсібі комисарының «Қазақ КСР-і Шымкент қаласында Құрылыс материалдары технологиялық институтын ұйымдастыру туралы» білескен бұйрығы шықты. Бұл ел басына күн туған сол бір ауыр кезде ертеңгі жеңіске деген нық сенімнің көрінісі еді. Қирап қалған мыңдаған қалалар мен елді мекендерді қалпына келтіру үшін құрылыс ісінің инженер мамандарын даярлау қажеттігін ел басшылары күні бұрын ойластырған болатын.

Ал 1958 жылы оқу орнынның басшылығына Қ. Біләлов келді. Ол басшылық еткен аз уақыт ішінде институтта республика экономикасының дамуына аса қажетті салалар бойынша мамандар даярлауға ерекше көңіл бөлініп, Қазақ технология институты болып қайта құрылған институт еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының біріне айналды. Институттың материалдық-техникалық базасын нығайтуға мол еңбек сіңіріп, оқу ғимараттар кешенін салу үшін қаржы бөлуге көп ықпал етті.

КСРО Жоғары білім министірлігінің бұйрығымен 1958 жылы Жамбыл қаласында Қазақ технологиялық институтының кешкі филиалы ашылып, ол 1959 жылы күндізгі факультет құрылды. Осының негізінде кейінірек Жамбыл жеңіл және тамақ өндірісі технологиялық институты ашылды.

1963 жылы Қазақ КСР Жоғары және орта арнаулы білім министірлігінің бұйрығымен Семей қаласында Қазақ технологиялық институтының филиалы ашылып, соңынан Тамақ өнеркәсібі технологиялық институтына айналды. Осылайша Шымкенттегі Қазақ технологиялық институты екі дербес жоғары оқу орнына өмірге жолдама берді, олар кейінірек ірі білім ошақтарына айналды.

1993 жылы Қазақ химия-технология институты Оңтүстік Қазақстан Техникалық университеті болып қайта құрылып, оқу орны еліміздегі жетекші техникалық оқу орнының бірі болды.

1996 жылы ҚР Үкіметінің №573 қаулысымен оқу орны Қазақ химия-технологиялық университеті болып аталды, ал 1998 жылы Үкіметтің №256 қаулысымен Оңтүстік Қазақстан техникалық университеті мен Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университетінің бірігуі негізінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті болып қайта құрылды. Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университеті Шымкент педагогикалық мәдениет институты мен Шымкент дене тәрбиесі институтының қосылуы нәтижесінде пайда болған еді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin