Түркістан облысы: Төлеби ауданында кәсіпкер спорт және өнер кешенін ашты

Бүгін Төлеби ауданының Қасқасу ауылдық округінде дүбірлі той. Керегетас елді мекенінің тумасы, жеке кәсіпкер Талғат Үсенұлы Сейітов өз қаражаты есебінен спорт және өнер кешенінің құрылысын аяқтап, ел игілігіне пайдалануға берді.

«Сейітұлы Үсен» атындағы спорт кешенінде спорт залы, жабық футбол алаңы, шешінетін бөлмелер мен душ бөлмелері және үйірмелерге арнайы бөлмелер қарастырылған. Жастар ғана емес, ауыл тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға шақыратын ғимарат елді мекен тұрғындарына қажетті әлеуметтік нысандардың бірі болып табылады.

Мемлекет басшысының атқарушы билікке бұқаралық спортты дамыту бағытында берген тапсырмасын жүзеге асыруға кәсіпкерлер де өз үлесін қосуда. Кешен ауа райына қарамастан жыл бойы жұмыс істейтін болады. Орталық анкерлік жүйенің көмегімен негізге бекітілген екі қабатты ауа өткізбейтін мембранамен жабылған. Бұл дизайн қыс мезгілінде жылуды, ал жаздың аптап ыстығында салқындықты сақтауға мүмкіндік береді.

Елді мекен тұрғындарын қуанышымен аудан әкімінің орынбасары Лесбек Әуезханұлы, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Хамзаұлы, облыстық мәслихат депутаты Дулат Назарбекұлы құттықтап, ауыл жастарын дене шынықтыруға баулып, салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік туғызған азаматтарға аудан әкімінің «Алғыс хаты» мен аудандық мәслихаттың Грамотасын табыс етіп, нысаннан спорт саңлақтары тәрбиеленіп шығуын тіледі.

Тұрғындарды салауатты өмір салтына шақыру, бос уақытын тиімді өткізу бағытында жүзеге асып жатқан жобалар мемлекет тарапынан қолдауға ие. Салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау жұмысын жандандыру бағытында Төлеби ауданында көптеген игі істер атқарылуда. Бүгінде ауданда спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән беріліп келеді. Осы мақсатта биыл 6 кіші футбол алаңшалары салынды. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Бірінші Мамыр елді мекеніндегі спорт кешенінің құрылысы аяқталды.

Сондай-ақ Көксәйек елді мекенінде заманауи спорт кешені салынып жатыр. Жалпы аудан аумағында 400 спорттық нысан жұмыс істейді. Оның ішінде: 68 спорт зал, 294 спорттық алаң, 1 стадион, 2 жүзу бассейні бар. 2023 жылдың 10 айында спортпен шұғылданушылар саны 50950 адамға жетіп отыр. Яғни жалпы халықтың 41,9 пайызын құрауда. Жалпы аудан бойынша балалар мен жасөспірімдерге 116 кәсіби жаттықтырушы-маман 3496 оқушыға жаттығу сабақтарынан білім береді.

Төлеби ауданынан Түркістан облысының чемпионаттары және ашық біріншіліктерге қатысқан 266 жас жүлделі орыннан көрінсе, республикалық жарыстарда 132 азамат жүлдегер атанған. Халықаралық жарыстарда — 33, Азия біріншіліктері мен кубогінде — 9, әлем біріншілігінде 1 саңлақ чемпион атанған.

Ауыл халқы ел үшін еңбек еткен Талғат Үсенұлына Сейітовке алғыстарын жеткізіп, иығына шапан жауып, ат мінгізді. Спорт және өнер ғимаратынан тоғызқұмалақ, шахмат, домбыра үйірмелері де іске қосылып, жастарды спортқа ғана емес, өнерге де баулу жоспарланып отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin