Төлеби ауданында жыл бойы туристік қызмет көрсететін халықаралық деңгейдегі тау шаңғы курортының құрылысы жүргізіліп жатыр. «Қасқасу туристік-рекреациялық кешенінің» аумағында бірнеше қонақ үйлер, мейрамханалар, арқан жолы мен бассейн салу жоспарланған.
Жоба бойынша шаңғы трассасының биіктігі 1880 мен 3155 метр аралығын құрап, жалпы ұзындығы 33,4 шақырым болмақ. Кешен толық іске қосылған жағдайда жылына 120 000-ға жуық демалушы қабылданып, 2 000-нан астам адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Жалпы, Төлеби ауданында демалушыларға қызмет көрсететін орындардың саны 194-ке жеткен. Сондай-ақ, ауданда жыл басынан бері құны 1,2 миллиард теңгені құрайтын төрт туристік нысан ашылған. Бүгінде туризм саласын дамытып, инвестиция тарту үшін Біркөлік, Ақмешіт, Қасқасу елді мекендеріндегі туристік рекреациялық аймақтарының даму жоспары әзірлену үстінде.
Айта кетейік, ауданда 2024–2030 жылдары туризмді дамыту мақсатында жалпы құны 78,1 миллиард теңге болатын ірі жобаларды іске асыру жоспарлануда.
Естеріңізде болса, қазанның 30-ында облыс әкімдігінде Төлеби ауданының 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын бекіту мәселесі қаралды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ауданның мүмкіндігі толық пайдаланылмай отырғанын айтып, аталған құжатты жетілдіре түсуді тапсырды.
– Төлеби ауданы туризм саласы бойынша бірінші орында тұруы керек. Оған барлық жағдай бар деуге болады. Сұлу табиғаты мен таза ауасы бар, көрікті орындары жеткілікті. Осы бағыттағы жұмысты күшейтіңіздер. Аудан мегектарполиске жақын орналасқан. Өндірісті, сауданы дамытуға да қолайлы. Жұмысты жүйелеңіздер. Кәсіпкерлікті дамытып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қажет, – деді Дархан Сатыбалды.
Жиында Төлеби ауданы әкімінің міндетін атқарушы Сержан Дүйсебаев даму жоспарын таныстырды. Жалпы өңірлік өнімнің көлемі былтыр 145 миллиард теңге болса, биыл 149,8 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланған. Тиісті жұмыстар арқылы 2030 жылға қарай жалпы өңірлік өнім 369 миллиард теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр. Яғни, өнеркәсіп өнім көлемін 49 миллиард теңгеден 115 миллиард теңгеге дейін, құрылыстың көлемін 10 миллиард теңгеден 15 миллиард теңгеге, сауда көлемін 28 миллиард теңгеден 84 миллиард теңгеге, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 62 миллиард теңгеден 154 миллиард теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. 2030 жылға дейін өнеркәсіп 2,3 есеге, ауыл шаруашылығы 2,5 есеге, құрылыс 1,5 есеге, сауда 2,9 есеге, туризм саласындағы көрсеткіштер 3,7 есеге артпақ.
2025-2030 жылдар аралығында құны 144 миллиард теңге болатын 73 жобаны іске асырып, 1193 адамды жұмыспен қамтамасыз ету межесі қойылған. Инвестициялық жобалар негізінен өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм, сауда салаларында жүзеге асырылады. Өнеркәсіп саласында құны 38,2 миллиард теңге болатын 12 жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 392 адам жұмыспен қамтылмақ. Ауыл шаруашылығы саласында құны 22,3 миллиард теңге болатын 20 жобаны іске асырып, 268 адамды жұмыспен қамту межеленген. 2030 жылға қарай ауыл шаруашылығының өнім көлемі 154 миллиард теңгеге немесе 2,5 есеге артады. Сүт фермалары, мал бордақылау алаңдары ашылып, балық шаруашылығы, жылыжай, бау-бақша, тамшылатып, жаңбырлатып суару, өнім сақтау қоймасы, ет өңдейтін цехтар, құс шаруашылығы және жеміс-жидек өсіру цехы жобаларын жүзеге асыру көзделген. 2024 — 2030 жылдары туризмді дамыту мақсатында жалпы құны 78,1 миллиард теңге болатын 23 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Жаңа туристік және демалыс орындары ашылады. Жобалар іске асқан жағдайда туристік аймақтың әлеуеті артып, туристер саны 3,7 есеге артады деп болжанып отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.