Түркістан облысы: Төлеби ауданында туризм саласындағы инвестиция едәуір артып келеді

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев мәлімдеді.

Оның сөзінше, ауданның биылғы 9 айдағы жалпы өңірлік өнім көлемі 106,4 миллиард теңгені құраған. Сондай-ақ, аймаққа тартылған инвестиция көлемі — 24,6 миллиард теңгеге жеткен.

– Аудан экономикасының негізін ауыл шаруашылығы құрайтыны белгілі. Осы ретте өндірілген өнім көлемі 9 айдың көрсеткіші бойынша 50,3 миллиард теңгеге жетті. Оның 30,1 миллиард теңгесі — мал шаруашылығына, 20,2 миллиард теңгесі егін шаруашылығына тиесілі. Ағымдағы жылы 65 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Бұл салада жүзеге асатын ірі жобалардың бірі — Көксәйек ауылдық округіндегі «ADS AGRO» ЖШС-і. 600 миллион теңге несие алып, 1 800 жылқыны бордақылап отыр. Сондай-ақ, ет өнімін вакуммен орау және мал етінің сүйегінен ұнтақ шығару қондырғыларын орнатты, — деді Төлеген Тұртайұлы.

Ауданда демалушыларға қызмет көрсететін орындар саны 140 бірлікке жеткен. 2023 жылдың 9 айында аймаққа 31 884 демалушы келген. Осы ретте Алатау ауылдық округінде жеке кәсіпкер Еркінбек Бексұлтан жалпы құны 100 миллион теңгеге демалыс аймағын іске қосуда. Сондай-ақ, Нысанбек елді мекенінде құны 800 миллион теңгені құрайтын демалыс орны ашылған. Сонымен қатар, Ақмешіт шатқалында демалыс аймағы құрылды. Ал Зертас ауыл округінде жеке кәсіпкер К.Қожамжарова саумалмен сауықтыру орталығын іске қосқан.

Бұдан бөлек, ауданды инфрақұрылыммен қамту бойынша 55 елді мекеннің 51-і табиғи газға қосылған. Сондай-ақ, 2022 жылы жақсы және орташа жағдайдағы жолдардың үлесі 85 пайыз болса, биыл бұл көрсеткішті 90,3 пайызға жетпек.

Төлеби ауданында тұрғын үйлер саны артуына байланысты соңғы жылдары электр қуатының тапшылығы байқалуда. Бұған қоса, электр жүйелері де жаңартуды талап етеді.

Бүгінде аталған бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осы орайда, биыл облыстық бюджет есебінен 29 елді мекеннің 73 көшесіне электр желісін жүргізуге және трансформатор орнату құрылысын аяқтауға 989 миллион теңге қаржы қарастырылды. Бұл жұмыстар биыл аяқталады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ «Оңтүстік Жарық Транзит» компаниясы инвестициялық бағдарламасының аясында осы жылы 19,6 шақырым электр желісі мен тозығы жеткен 4 трансформатор ауыстырылу үстінде. Алдағы жылдары да аталған жұмыстар жалғасын тауып, ағаш бағаналары темір-бетон бағаналарына ауыстырылып, жаңа трансформаторлар орнатылады. Соның нәтижесінде аудан халқы сапалы электр қуатымен толық қамтамасыз етіледі.

Ал Ленгір қаласындағы электр тапшылығын шешу бағытында жобалық құны 2 123,0 миллион теңгені құрайтын 110 кВ ӘЖ бар ҚС-110/10 кВ электр станциясының құрылысы былтыр басталған еді.

«Алатау» ықшамауданында орналасқан электр станциясының құрылыс жұмыстарының барысы аудан әкімі Төлеген Телғараевтың жіті бақылауында тұр.

Аудан басшысы құрылыс алаңында болып, мердігер мекеме өкіліне құрылыс қарқынына қатысты сын-ескертпелер айтып, оның сапалы және көрсетілген мерзімінде аяқталуын талап еткен-ді. Жоба аясында жалпы 9720 халық сапалы электр қуатымен қамтылуы тиіс құрылыс нысанына қатысты мердігер мекеме мен қадағалаушы мекемеге ескертулер берілді.

Бұдан бөлек Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен үш ауысымды, апатты, ескі мектептер мәселесін шешу бағытында «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленді. Жоба шеңберінде заманауи мектеп ғимаратының құрылысы жүргізіліп, ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайту көзделген.

Аталған жоба аясында Төлеби ауданында жаңадан 4 мектептің құрылысы жоспарлануда. Атап айтқанда, Достықта – 900 орындық, Көксәйекте – 600 орындық, Қосағашта – 300 орындық, Бірінші Мамырда – 900 орындық жаңа мектептердің жобалары ұсынылды. Келесі жылы үш мектеп пайдалануға берілсе, ал 2025 жылы бір мектептің құрылысын аяқтау межеленген.

Аудан басшысы Төлеген Телғараев Киелітас ауылдық округі Достық елді мекенінде құрылысы басталған нысанның жұмысымен танысып, мердігер өкілдеріне сапалы және уақытылы орындалуын міндеттеген-ді. 900 орындықты білім ордасының құрылысын мердігер «Умирзак» ЖШС жүргізіп жатыр. Тапсырыс беруші – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ.

3.0 гектар аумақты құрайтын мектептің құрылыс жұмыстары 2024 жылдың қыркүйек айында аяқталады деп күтіліп отыр.

Қазіргі таңда мектептің құрылысы қарқынды жүруде. Мұнда қажетті оқу жабдықтарымен, түрлі пәндік кабинеттермен, бейнебақылау және дыбыстық хабарлау жүйелерімен, балаларға арналған жеке шкафтармен және т.б. толық жабдықталатын болады. Аудандағы «Жайлы мектеп» жобасы толығымен жүзеге асқан жағдайда жаңа форматтағы мектептегі оқушылардың білім алуына толық мүмкіндік жасалып, білім сапасы артады деп жоспарлануда.

Атап өтерлігі, Төлеби ауданы – Түркістан облысының оңтүстік шығысында, шығысыңда Талас Алатауы, оңтүстік-батыста Өгем, Қаржантау, Қазығұрт тау сілемдерінің бөктерінде орналасқан аймақ. Тәңір шарапатымен құт қонып, қыдыр дарыған, қасиетті өлкенің табиғаты да ерекше. Сондықтан болар, жылдың қай мезгілінде болса, өзінің тамаша табиғатымен тамсандырып тұрады. Тұмса табиғатымен талайларды таңғалдырған Төлеби ауданында туризм саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Таулы аймаққа баратын жолдар жөнделіп, жердің жәннатын көруге келгендер үшін қолайлы жағдайлар қарастырылу үстінде. Саф таза ауасы, табиғатымен ерекше ауданға ішкі туризмді айтпағанда, алыс-жақын шетелдерден қонақтар ағылып келуде. 2023 жылдың 9 айында 31884 демалушыға 691,2 миллион теңгенің қызметі көрсетілді.

Ауданда демалушыларға қызмет көрсететін орындар саны 140 бірлікке жетіп, туризм саласын экономиканың негізгі драйверіне айналдыруы бағытында жобалар жүзеге асып келеді. Ауданда туризм саласын одан әрі дамыту мақсатында жыл басынан құны 3.6 миллиард теңгеге 7 туристік нысан ашылды. Атап айтсақ:

— «ALMA-TAU» демалыс орнындағы спорттық сауықтыру кешенінде қонақ үй мен спорт кешені құрылысы ашылды. Құны 2 миллиард 539 миллион теңгені құрап отыр, 30 адам жұмыспен қамтылды;

— Нысанбек елді мекенінің жоғарғы жағында жеке кәсіпкер Г. Файзиеваның демалыс аймағы ашылды, құны — 240 миллион теңге, 8 адам жұмыспен қамтылды;

— Қасқасу ауыл округінде «Кіші Европа» демалыс аймағы ашылды, құны — 200 миллион теңге, 8 жұмыспен қамтылды;

— Ақмешіт шатқалында К. Ысқақовтың демалыс аймағы бар, құны — 352 миллион теңге, 10 адам жұмыспен қамтылды;

— Зертас ауылдық округінде ЖК К.Қожамжарова саумалымен сауықтыру орталығын іске қосты. Құны 150 миллион теңгені құрайды. 10 жұмыс орны ашылды.

— Алатау ауыл округінде жеке кәсіпкер Х.Назарованың демалыс аймағы іске қосылды, құны — 90 миллион теңге көлемінде, 6 адам жұмыспен қамтылды;

— Қоғалы ауылдық округінде құны 50 миллион теңгеге саумалымен емдеу орталығы іске қосылып, тәулігіне 20 адам ем алуда. 6 адам жұмыспен қамтылды.

Одан өзге жыл аяғына дейін Қасқасу ауыл округінде жеке кәсіпкер М.Күмісовтің құны 150 миллион теңге болатын демалыс аймағын ашу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, 2025 жылға дейін осы салада құны 4,5 миллиард теңге болатын 10 жоба (демалыс аймақтары, қонақ үй мен спорт кешені, оңалту-сауықтыру орталығы) іске қосылып, келуші туристер санын 55 мың адамға жеткізу жоспарланып отыр. 2022 жылы 41488 демалушы келген екен.

Атап өтер жайт, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясында «Тағы бір маңызды мәселе – Үкімет және Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс. Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ, сол жерлерге барып, демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет», — деген болатын.

Президенттің пікірінше, кәсіпкерлер туризмнің болашағы зор екенін көруі керек.

«Сол үшін қажетті жағдайды жасаған жөн. Осы салаға салынған жеке инвестицияның көлемі, іштен және сырттан келген туристердің саны неғұрлым көп болса, жұмыстың нәтижесі де соғұрлым тиімді болмақ», — деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына жолдауында еліміздің туристік әлеуетіне тоқталып, бұл салада жұмыс ақсап тұрғанын сынға алды. «Туризм серпінді жобалар қатарында болуға тиіс»- деген Президент осы маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай жатқанын, еліміз басқа мемлекеттермен салыстырғанда артта қалып келе жатқанына көңілі толмады.

Мемлекет басшысы кемінде 15 ірі жобадан тұратын нақты тізім дайындауды тапсырды.

«Осы салада бұрын болған қателіктерді қайталауға болмайды. Жобаларды тиімді қолдау шараларын және оларды орындау мерзімдерін нақты айқындау керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin