Түркістан облысы: Төлеби ауданында құсбегіліктен республикалық чемпионат басталды

Төлеби ауданындағы Тасарық ауылында құсбегіліктен жасөспірімдер мен жастар арасындағы Қазақстан Республикасының XVI чемпионаты басталды. Сайысқа еліміздің 8 облысы мен 2 қаласынан 100-ден астам спортшы қатысуда. Бұл жарыс қазіргі таңда құсбегілік өнеріне деген қызығушылықтың артуына айғақ болып, жастар мен жасөспірімдер арасында мықты құсбегілер көп екенін көрсетіп отыр.

Айтулы жарысқа Түркістан облысынан 14 спортшы қатысып жатыр. Бұл жарыста құсбегілер (қаршыға, ителгі, бүркіт) құстарын ұшыру арқылы шеберлігін көрсетіп, жеңімпаздары анықталады. Жарыстың бас төрешісі Жомарт Кеуеновтың айтуынша, бірінші күні жасөспірімдер арасында шеберліктерін байқаса, екінші күні жастар арасындағы бәсекеге көшеді.

Төлеби топырағында жалауы көтерілген құсбегілік жарысының салтанатты ашылуында Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алмасбек Нақыпбеков, ҚР құсбегілік федерациясының вице-президенті Бағдат Мүптекеқызы, құсбегіліктен мемлекеттік жаттықтырушы Күнтуған Базарбек және Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Бағдат Жанғазиев құттықтау сөз сөйлеп, ұлттық құндылығымыз құсбегілік өнерімен айналысып келе жатқан жастарға сәттілік тілеп, «мықтылар жеңіске жете берсін» деген тілектерін жолдады.

Бұл жарыс – тек спорттық бәсеке ғана емес, сонымен қатар ұлттық дәстүрлер мен мәдениеттің келешек ұрпаққа жетуіне де үлкен ықпал ететін іс-шара екені даусыз.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin