Тамыз айының 20-25 күндері Қырғызстан елінің Чолпан-Ата қаласында гір көтеру спортынан кіші жасөспірім, жасөспірім және жастар арасында Әлем чемпионаты өтті. Аталған байрақты бәсекеде Шардара ауданының спортшылары 11 алтын, 11 күміс, 5 қола жүлдені иеленді.
Жеңіс тұғырынан көрінген жерлестерімізді атап айтар болсақ:
Серпе көтеруден
Кіші жасөспірімдер арасында Әлем чемпионы:
- Жансанбай Нұрқанат.
Жастар арасында Әлем чемпиондары:
- Бағжан Байдуллаев.
- Қуаныш Ерасыл.
- Серикбай Нұрбала.
Жұлқа көтеруден
Жасөспірімдер арасында Әлем чемпионы:
- Данышхан Айдар.
Жастар арасында Әлем чемпиондары:
- Бақдәулет Шинтанов.
- Тұрғанбай Нұрбатыр.
Ұзын циклда көтеруден
Жастар арасында Әлем чемпиондары:
- Қуаныш Ерасыл.
- Бақдәулет Шинтанов.
- Ауесбек Медет.
- Серикбай Ажар.
Сонымен қатар шардаралық қолкүресшілер де әлемді тағы мойындатты. Нақтырақ айтсақ, 2024 жылы тамыз айының 15-24 күндері аралығында Молдова елінің Кишинёв қаласында өткен армрестлингтен 45-ші әлем чемпионаты өз мәресіне жетті.
61 мемлекеттен 1500-ден аса спортшылар қатысқан Әлемдік додада жерлестеріміз жас-жеткіншектер, жасөспірімдер және жастар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар және ересектер арасында 20 алтын алқаны қанжығаларына байлап, дүниежізінің алдында Әнұранымызды 20 рет шырқатты.
Жеңіс тұғырынан көрінген жерлестерімізді атап айтар болсақ:
Жас-жеткіншектер арасында Әлем чемпиондары:
- Алдан Нұрсұлтан.
- Қали Текжігіт.
- Анвар Эльдар.
- Серік Ерсұлтан.
- Назым Закирова.
Жасөспірімдер арасында Әлем чемпиондары:
- Есен Мейрамбек.
- Маманияз Жасурбек.
- Мелдебек Болат.
- Ибрагим Әділет.
- Ұлжан Оралбай.
- Аружан Абдулла.
- Оразхан Ырысты.
Жастар арасында Әлем чемпиондары:
- Ердәулет Мухамбетов.
- Қали Қасымжомарт.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында Әлем чемпионы:
- Ұлықбек Құралбаев.
Ересектер арасында Әлем чемпиондары:
- Нұрмахан Ердәулет.
- Зәрубек Санжар.
- Ерсайын Мейрамбек.
- Айдархан Нұрдәулет.
- Медет Құттымұратов.
Бұдан бөлек жерлестеріміз 16 күміс және 4 қола медальға қол жеткізіп, әлемдегі теңдессіз клуб екенін тағы да дәлелдеді. Жалпы есепте Қазақстан құрамасы 52 алтын медальмен 1-орынға жайғасты.
Айта кетсек, Қазақстан Республикасының ерлер құрамасы (ересектер арасында) жеңіп алған 8 алтынның 6 алтын медальін «Шардара Армспорт» клубының спортшылары қанжығасына байлап, ерлер арасында жалпы есепте 1-орынды иеленді.
Таеквондошылар Қытайда өткен халықаралық турнирден олжалы оралды
Бұдан бөлек спорт саласына қатысты тағы бір сүйінші жаңалық! Түркістандық спортшылар 13-19 тамыз күндері Қытайдың Уси қаласында таеквондодан жасөспірімдер арасында (WT) өткен «Grand slam-2024» халықаралық турнирінен жүлделі оралды.
Алғаш рет ұйымдастырылған халықаралық сайыста Нәлібай Жаншуақ 2-орынға (45-61 келі салмақта), Шахризод Акрамова 3-орынға (33-45 келі салмақта) ие болды. Жаттықтырушылары – Абзал Тұраров мен Тұрлыбек Жандарбек.
«Спортқа келгенде таеквондоны өзім таңдадым. 10 жасымнан бастап осы спорт түрімен шұғылданып келемін. Өзіме қатты ұнайды. Болашақта олимпиада чемпионы болғым келеді. Сол үшін де аянбай тер төгуге дайынмынә» – дейді түркістандық жас спортшы Жаншуақ Нәлібай. Сондай-ақ ол спорттағы әр жетістігіне қолдау білдіретін ата-анасы мен жаттықтырушысына алғысын жеткізді.
Айта кетейік, аталған халықаралық спорт сайысына елімізден 34 спортшы қатысқан болатын. 20-дан аса мемлекет қатысқан турнирде Қазақстан құрамасы командалық есепте 1-орынды иеленіп, 7 алтын, 3 күміс, 6 қола медальді қанжығаға байлады.
«TURKESTAN CITY FEST 4» халықаралық байқауы өтті
Жарыс демекші, Түркістан қаласында балалар мен жасөспірімдер арасында «Turkestan City Fest 4» халықаралық көпжанрлы фестиваль-байқауы өтті. Байқаудың басты мақсаты – өскелең ұрпақтың шығармашылық қабілеттерін дамыту, олардың интеллектуалдық, тұлғалық және адамгершілік қасиеттерін шыңдау.
Ашық аспан астында ұйымдастырылған байқауға еліміздің әр өңірінен 4-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Қатысушылардың әртүрлі жанрларда өнер көрсетуі жас ұрпақтың әлеуметтік белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Фестивальде балалар мен жасөспірімдердің хореография, бейнелеу өнері, аспапта орындау бойынша көрсеткен өнерлері көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Бұл шара жастардың өз таланттарын ашып, шығармашылық шеберліктерін шыңдауға үлкен септігін тигізбек.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.