Түркістан облысы: Шардара ауданына 2030 жылға дейін тартылған инвестиция көлемі 3,2 есе өседі

Таяуда облыс әкімдігінде Шардара ауданының 2030 жылға дейінгі даму жоспары талқыланған болатын. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Шардараның географиялық ерекшеліктерін, су қойманы, суармалы алқаптарын тиімді пайдалану керектігін ескертті.

– Шардара ауданында суармалы жер көп. Өсімдік шаруашылығын дамыту, егістікті әртараптандыру бойынша мүмкіндік өте жоғары. Соны дұрыс пайдаланған жөн. Инвестиция тарту жұмыстарын күшейту қажет. Біз бұл даму жоспарын не үшін әзірлеп отырмыз? Нақты индикатор қойып, әр жылға бөліп, бекітіп алмасақ, жұмыс жүйелі болмайды. Идея табылса, қаржы тапшы, қаржы табылса, жобалар болмай қалмауы үшін 6 жылға жоспар жасадық. Осыны жүзеге асыру үшін барлық басқарма өздері жауапты сала бойынша жұмыс істейді, инфрақұрылым тарту және тағы басқа мәселелерді шешеді. Сонда ғана жобалар іске асып, аймақтың экономикасы көтеріледі, – дей келе, Дархан Сатыбалды жауаптыларға тиісті тапсырмалар жүктеді.

Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаевтың айтуынша, ауданды дамытуда 4 бағыт таңдалған. Олар: туризм, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және балық шаруашылығы. 2024-2030 жылдар аралығында 154 инвестициялық жоба жүзеге асып, 4 мыңға жуық жұмыс орны құрылады. Жобалардың жалпы құны 210 миллиард теңгеден асады. Өнеркәсіп және саудада — 49 жоба, туризм – 16, балық шаруашылығы – 75 және ауыл шаруашылығында 14 жоба жоспарланған. Нәтижесінде 2030 жылға дейін ауданға тартылған инвестиция көлемі 3,2 есе өседі. Өнеркәсіп саласында 27 жоба жүзеге асып, зауыттар мен өндіріс орындары көбейеді. 2300-ге жуық адам жұмыспен қамтылмақ. Осылайша, өнеркәсіп өнімін 100 миллиард теңгеге жақындатып, 4 есе өсіру көзделіп отыр. Ауданда егістікті әртараптандыру, көкөністі, дәнді дақылдарды терең өңдеу салалары бойынша да жұмыстар атқарылады.

Мәжілісте кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және өзге де басқарма басшыларының ұсыныс-пікірлері тыңдалып, жоспарға енгізілді.

Ауыл шаруашылығы дегеннен шығады, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған Жолдауында Үкіметке ауыл шаруашылығында су үнемдейтін технологияны көптеп енгізу, суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыру және егіс алқаптарында суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, мейлінше құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбейту жөнінде міндеттерді жүктеп отыр.

Бұл бағытта Түркістан облысының Шардара ауданындағы Жаушықұм ауылына қарасты «Иіржар Агро» ЖШС Түркияның технологиясымен және су үнемдеу әдісін пайдалана отырып, 525 гектарға күнбағыс дақылын егіп, жиын-терім жұмыстарын атқарып алды. Күнбағыс дақылының әр гектарынан орташа түсім 20 — 21 центнерді құрайды.

Қазіргі таңда серіктестік 11 адамды тұрақты, ал 25 адамды маусымдық жұмыспен қамтамасыз етіп отырған жайы бар. «Иіржар Агро» ЖШС күнбағыс өнімін Қытай Халық Республикасы, Түркия, Әзірбайжан елдері мен ішкі нарыққа өткізуді жоспарлап отыр. Сонымен бірге алдағы уақытта мемлекеттің қолдауы аясында өсімдік майын өндіру зауытын ашуға ниетті.

Орайы келгенде айта өтейік, Түркістан облысының Сайрам ауданында да күнбағыс майын шығаратын зауыт бар. Өндіріс орны жоғарғы сортты өнім әзірлейді. Тауарға қажетті шикізат Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарынан жеткізіледі. Бүгінде кәсіпорын тауары Түркістан облысынан бөлек, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай нарығына экспортталып жатыр.

«Түркістан» май зауытының қоймасында 200 тоннаға жуық пісте жатыр. Мамандар 100 тоннаға жуық пістені өндіріп, одан 45 тоннаға жуық арнайы май алады. Ал майға қажетті өнім пістенің «Пионер» сортынан жасалады.
«Пионер» сұрпындағы бұл күнбағыс кәсіпорын үшін «қара алтынға» парапар.
Зауыттың артықшылығы — мұнда мүлдем қалдық қалмайды. Күнбағыс дәнегінен бөлек оның тіпті қабығынан да май алынады. Қала берді, сырты тағы өңделіп, мал азығына айналады. Осылайша бір айда 3 мың тонна шикізаттан 1 200 тонна пісте май, 1 800 тонна мал азығы жасалады.
Өндіріс орны 4 цехтан құралған. 60-қа жуық адамды жұмыспен қамтыған зауыт тауарының 70% ішкі нарыққа сатылса, 30%-ы шетелге экспортталады.

Бұдан бөлек Төлеби ауданы мақсары өндіруден озат аудан атанып жүр. Мұнда жеке кәсіпкер Ифтикар Қошқаров мақсарыдан жеке қаражаты есебінен май өңдеу цехын іске қосқанын білеміз. Дайындалған өнімді еліміздің барлық аймақтары мен Қытай, Өзбекстан және Ауғанстан елдерін сұйытылған маймен қамтып отыр. Көксәйек ауылдық округінде орналасқан шағын цех тәулігіне 4 тонна мақсары және мақта майын шығарады. Жоба құны – 250 миллион теңге. Мұнда 16 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мақта майы республика аумағына «Алтын» брендімен танымал.

Жә, Шардара ауданына қайта оралайық, Шардара ауданындағы «Шардара» индустриалды аймағында жүгері дақылын терең өңдеу зауытының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.

Жуырда ғана Шардара ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков «Шардара» индустриалды аймағында болып, жүгері дақылын терең өңдеу зауытының құрылыс барысымен танысты. 35 гектарға орналасатын өндірістің І кезеңінде «Казкрахмал» ЖШС дәнді кептіру және сақтау кешенінің қабырғасын қалап, іске қосқан. Қазіргі таңда ІІ кезеңнің жоспарына сәйкес, зауыт ғимаратының құрылысы жүргізілуде. 500 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын өндіріс кешені 2025 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр.

Облыс әкімінің орынбасарының іссапары балық өсірумен айналысатын «Хамит» шаруашылығының тоғанында жалғасты. Нұрбол Тұрашбеков шаруалармен кездесіп, өзекті мәселелерді саралады. Шаруалардың су тұтынуына қатысты туындаған сұрақтарына жауап беріп, мәселені шешу үшін заң аясында тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.

Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының мақта шаруашылығын дамыту, мақта талшығының сапасын арттыру, жаңа инновациялық әдістерді пайдалануды тапсырған болатын. Тапсырмалардың орындалу барысын бақылау мақсатында облыс әкімінің орынбасары «Шардара мақта» ЖШС-ның мақта қабылдау бекетінде болып, диқандармен кездесті. Кәсіп иелеріне мақтаны қабылдау кезінде сапасына аса мән беруді, сұрыптаудан өткізуді тапсырып, мақта бағасы оның сапасына да қатысты екенін айтып өтті. Мұнда 10 адам жұмыс істейді. Мақта қабылдау пункті өткен жылы мақтаның жиын-терім науқанында 3 мың тонна көлемінде мақта қабылдаған. Биыл 2 мың тонна мақта қабылдау жоспарланып отыр. Мақта өлшеу таразысы арнайы мекемемен аккредиттеліп, тексеруден өткен.

Бүгінде Шардара ауданы бойынша 40 мақта қабылдау пункті бар. Биыл 36 мың тоннадан астам өнім жиналды.

Айта кетейік, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру аясында мақта дақылы облыста 106 мың гектарға орналастырылды. Шамамен 300 мың тоннадан астам өнім жиналды. Жалпы, өсімдік шаруашылығын мемлекеттік қолдау аясында, қаржылардың басым бөлігі мақта шаруашылығын дамытуға бағытталуда. «Тұқым шаруашылығын қолдау» бағдарламасы бойынша облыс әкімдігінің ұсыныстары негізінде, Қағидаға өзгерістер енгізіліп, мақта шитінің нормативтері 1,5 — 2,0 есеге дейін ұлғайды. Тұқым шаруашылығын қолдауға биыл 600 миллион теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі күнге бағдарлама бойынша 414,1 миллион теңгеге өтінім қабылданып, мақта шаруашылықтарына 277,2 миллион теңге қаржы бөлінді. Бұл жалпы қаржының 67 %-ын құрайды.

Биыл Өзбекстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы «Тұқым шаруашылығын дамыту орталығы» мекемесімен келіссөздер жүргізіліп, сапалы (1,9 мың тонна) шитті импорттау келісіліп, 891 тоннасы сатып алынды. «Минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау» бағдарламасы бойынша, биылдан бастап аванстық төлем жүйесі ендіріліп, отандық тыңайтқыштар 60% (ҚҚС есептемегенде) субсидияланған. Облыстық бюджеттен 7 миллиард теңге қаржы бөлінді. Қаржының 69%-ы мақта шаруашылықтарына төленіп, 62 мың тонна тыңайтқыш енгізілді. Облыс тауар өндірушілері «Кең дала» және «Кең дала 2» несие бағдарламалары бойынша 18,8 миллиард теңгеге қаржыландырылды. Оның ішінде жоғарыда аталған салаға қатысты шаруалар 8,9 миллиард теңгеге несиелендірілген (47 %). Биыл мақта шаруашылықтарына 4 бюджеттік бағдарлама бойынша (9 685 агроқұрылымға) 5,1 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұл жалпы облыстың өсімдік шаруашылығына бөлінген қаржының 61%-ын құрайды. Өңірде мақта кластерін дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасын табуда.

Мақта демекші, қай күні Түркістан облысына ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жұмыс сапарымен келіп, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдымен бірге аудандарды аралап, шаруалармен кездесті. Министрге Ордабасы, Арыс және Шардара аудандарында жүзеге асып жатқан ірі жобалар таныстырылды. Облыс әкімі өңірде жүзеге асырылып жатқан жобаларды таныстырып, су үнемдеу технологиясын енгізу, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге басымдық беріліп жатқанын жеткізді.

Өңірде алдағы 5 жылда су үнемдеу технологияларын 216 мың гектарға жеткізіп, суармалы алқаптардың 40 пайызына ендіру жоспарланған. Бүгінде су үнемдеу технологиялары 50 мың гектарға ендірілді. Суару технологиялардың қолжетімділігін арттыру үшін, «BNK Group», «Тұран су» секілді 3 жергілікті кәсіпорын іске қосылды. Нәтижесінде, осы кәсіпорындар арқылы су үнемдеу технологияларымен облыс және көршілес өңірлер толық қамтамасыз етіледі.

Түркістан облысында жыл сайын облыста 100 мың гектарға мақта дақылы егіліп, 300 мың тоннадан астам өнім жиналады. Облыста «ақ алтынның» элиталық сорттарын өсіруді және шикізатты терең өңдеуді қамтитын мақта- тоқыма кластерін құру қолға алынды. Жобаны іске асыру 141 миллиард теңге инвестиция тартуға және мақта өнімділігін 2,5 есе артуына мүмкіндік береді. 4 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Биыл тәжірибе негізінде жаңа әдіспен 2 мың гектарға егілген мақта дақылы (суды, энергияны, еңбек ресурстарын және минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып) 60 центоннаерден өнім алуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл өңірдің орташа көрсеткішінен 2,5 есеге жоғары. Жалпы өңірде мақта шаруашылығын дамыту бойынша 2027 жылға дейін 9 мақта кластерін құру көзделуде. Жобаны толық іске асыру нәтижесінде мақта бағасына тәуелділік толығымен жойылады.

ҚР Ауыл шаурашылығы министрі мен облыс әкімі Арыс қаласында болып, шаруалармен пікір алмасты. Арыста мақта шаруашылығын дамыту ісі басталды. «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС биыл қолға алған жобаға 4,3 миллиард теңге инвестиция тартылған. 1600 гектар жерде жүзеге асатын жоба арқылы 9000 тонна өнім алынады деп күтілуде. 40 адам тұрақты жұмыспен, 120 тұрғын маусымдық жұмыспен қамтылған. Мұнда заманауи тамшылатып суару технологиялары қолданылып, жоғары сұрыпты мақта өсіріледі.

Сонымен, жұмыс сапары Шардара ауданында жалғасын тапты. Бүгінде Алатау ауылдық округінде орналасқан «International company of Cotton» ЖШС-інде мақта талшығы шығарылады. Аталған жобаға 5475,0 миллион тенге инвестиция тартылған. Жылына 60 мың тонна өнім шығаратын зауытта 200 адам жұмыспен қамтылған. Өнімдерінің басым бөлігі Қытай Халық Республикасына экспортталады.

Шаруалармен кездесу барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров су үнемдеу технологияларына көшу маңызды екенін айтты. Шаруаларға осы бағытта жұмыс жүргізу жөнінде ұсынысын жеткізді. Мемлекеттік қолдауларды түсіндірді. Аймақтың мақта кластері, ауыл шаруашылығын дамытуда мүмкіндігі жоғары екенін айтып, бастамаларға оң бағасын берді. Шаруалардың барлық сұрақтарына жауап беріп, келесі жылы ауыл шаруашылығын жеңілдетілген қаржыландыру көлемін 900 миллиард теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отырғанын, оның алғашқы 100 миллиард теңгесі биылғы желтоқсан айында дайын болатынын айтты. Ауыл шаруашылығы техникасын жылына 8-10%-ға дейін жаңарту мақсатына қол жеткізу үшін ауыл шаруашылығы техникасының лизингіге кемінде 200 миллиард теңге бөлу жоспарлануда.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды каналдарды тазалау, мақта кластерін дамытуға қолдау көрсетіліп жатқанын, шаруалар да өз міндеттерін сапалы орындауы тиіс екеніне тоқталды. Су үнемдеу технологиясын енгізу арқылы ғана су тапшылығы мәселесі шешілетінін атап өтті. Салық мәдениетін көтеру, аймақтың тазалығына мән беру мәселесі де назарда болуы тиістігін айтты. Кездесуде шаруалар тарапынан да ұсыныстар айтылып, олар бақылауға алынды.

Жұмыс сапары аясында министрге сондай-ақ Ордабасы ауданындағы «Аделя» шаруа қожалығының жетістіктері таныстырылды. Еліміздегі үлкен жылыжайлардың бірі жылына 6 мың тонна көкөніс шығарады. Жер аумағы – 16 гектар. Министр жылыжай шаруашылығында Түркістан өңірінің әлеуеті жоғары екенін айтып, осы бағыттағы жұмысты жандандыра түсу керектігін жеткізді.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі аймақтағы жобалармен танысып, өзекті мәселелерінен де құлағдар болды. Түркістан облысында ауыл шаруашылығын дамыту, жаңа технологияларды ендіру жұмыстары жалғасады.

Айта кетейік, биылғы үш тоқсандықтың қорытындысы бойынша Түркістан облысында ауыл шаруашылығында 747,3 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада көш бастап тұр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin