Түркістан облысы: Шардара ауданында тамшылатып суғару әдісімен күнбағыс өсіріліп жатыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында аймақтарға ауыл шаруашылығының егіс алқаптарында суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, мейлінше құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбейту, су үнемдейтін технологияны көптеп енгізу және суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыру жөнінде тапсырма берген болатын.

Осы бағытта аудан әкім Арман Қарсыбаев ауданда тамшылатып суғару әдісімен 370 гектар күнбағыс өсіріп жатқан «ИІРЖАРАГРО» ЖШС шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Диқандардың өтініштерін тыңдады. Сондай-ақ мемлекет тарапынан жасалатын қолдауларды түсіндіріп, аудандағы ауыл шаруашылығы саласын заманауи түрде дамыту керектігін жеткізді.

Жаушықұм ауылындағы «ИІРЖАРАГРО» ЖШС шаруа қожалығы түркиялық инвесторлармен бірге 500 гектар егістік алқабын игеріп отыр. Биыл 370 гектарына күнбағыс егіп, оны тамшылатып суғару әдісімен өсіруде. Бұдан бөлек, шаруа қожалығының басшылығы 100 гектардан астам аумаққа картоп егуді жоспарлап отыр.

Шаруа қожалығы 11 адамды тұрақты жұмыспен қамтыса, жұмыс ауқымына байланысты 20-30 адамға қосымша жұмыс беріп отыр. Мұнда 23 ауыл шаруашылығы техникасы жұмыс істейді. Күнбағыс өнімін ҚХР, Түркия, Әзірбайжан елдері мен ішкі нарыққа өткізуді жоспарлаған.

«Алдағы уақытта мемлекеттің қолдауы аясында шаруа қожалығын дамытып, зауыт ашуға да ниеттіміз. Бұл тамшылатып суғару дүние жүзі бойынша су тапшылығының алдын алатын және өнімділікті көбейтетін әдіс деп білемін», — дейді шаруа қожалығының өкілі Оразалы Шыршықбаев.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin