Түркістан облысы: Шардара ауданында «Ауыл аманаты» жобасы аясында балық шаруашылығы дамып жатыр

Мемлекет тарапынан акваөсіруді субсидиялау балық шаруашылығын дамытуға оңды ықпалын тигізуде. Облыста жасанды жолмен балық өсіру саласының әлеуеті өте жоғары. Түркістан облысы бойынша тауарлы балық өсірумен 224 кәсіпкерлік субъектісі айналысады.

Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Осы ретте Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқарма басшысының орынбасары Ақжайық Хаметова, басқарма бөлімінің бас маманы Абай Сәдірқожа ауданда жаңадан ашылған балық шаруашылықтарына арнайы барып, шаруаларға мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін түсіндіріп, «Ауыл аманаты» жобасында шаруаларға қандай көмек көрсетілетінін айтып, субсидия алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

2023-2024 жылдарға облыс аумағындағы 110-ға жуық балық өсіру шаруашылықтары ашылып, жұмыстар атқарылуда. Бағдарлама бойынша биыл 7000 тонна тауарлы балық өсіру жоспарланып отыр. Жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 1345 тонна балық өндірілді. Ал акваөсіру бойынша жергілікті бюджеттен 500,0 миллион теңге қаралды. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға республикалық бюджеттен 237,5 миллион теңге қарастырылған. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасының балық шаруашылығын дамыту бағыты бойынша өткен жылы 24 кәсіпкерге 168,9 миллион теңге жеңілдетілген несие берілген болатын. Бүгінгі таңда жасанды балық өсіру шаруашылықтарын құру бойынша қызығушылық танытқан бизнес өкілдері мен жеке тұлғаларға шаруашылық құру алгоритімін түсіндіру жұмыстары жергілікті атқарушы орган және балық шаруашылығы инспекциясымен бірлесіп, тұрақты жүргізілуде, – деді басқарманың бас маманы Абай Сәдірқожаұлы.

Шардара ауданында балық шаруашылығы қарқынды дамуда. Басқарма қызметкерлері мемлекеттік бағдарлама аясында субсидия алып, балық шаруашылығын өркендетуге өз үлестерін қосып жүрген шаруаларға барды.

Соның бірі – Тұрысбеков ауыл округінде орналасқан «Мөлдір» шаруа қожалығы. 10 гектар аумағы бар тоғанды балық өсірумен айналысатын шаруа қожалығы 2023 жылы іске қосылған. Қазіргі таңда 6 жасанды көл жұмыс істеп тұр. Жақында 4 жасанды көл ашылады деп күтілуде. Әрқайсысы 1 гектар аумақты құрайды. Әр гектардан 10 тоннаға дейін балық алуға мүмкіншілік бар. Жылына 100 тонна балық өсіруге қауқарлы. Биыл алғашқы жыл болғандықтан 60 тонна балық өндірілсе, алдағы уақытта 100 тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Мұнда тұқы, ақ амур, сазан секілді балық түрлері өсіріледі. Онда өндірілетін балық өнімдері Шымкент қаласындағы мейрамханаларға жеткізілуде. Шаруа қожалықтың иесі Бекарыстанәлі Сүйінбай өткен жылы бес серіктес бірігіп, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында мемлекеттен 30 миллион теңгеге жуық несие алып, шаруашылықты бастағанын айтып, болашақта Қазақстанның кез келген облысы мен республикасына экспорттауды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Одан соң «Әлібай» балық шаруа қожалығының жұмысымен танысты. 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, жасанды көл қазып, балық шаруашылығын қолға алған. Кәсіп иесінің айтуынша, Шардара ауданында балықты өңдеп, экспорттаумен айналысып келе жатқан «Хамит» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бар. Осы мекеменің қасынан балық шаруашылығын дамыту мақсатында оқыту курсына барып, біліп алып, тәжірибе жинаған.

– Өткен жылы 2,8 гектар жер теліміндегі тоғанға 15 мың дана шабақ жіберілді. Былтыр 17 тоннаға жуық тауырлы балық алсақ, биыл одан да көп балық алуды жоспарлап отырмыз. Бүгінде жасанды көлдердің санын ұлғайту мақсатында жұмыстар атқарылуда. Жалпы 6 гектар аумақта жасанды 3 көлді қазу жұмыстары жүргізілуде. Жылдың соңында жасанды көлдің құрылысы аяқталып, толық іске қосылған соң, жылдық қуаттылықты 100 тоннаға жеткізуді көздеп отырмын, – деді Асан Әлібаев.

Айта кетсек, балық өсірумен айналысқысы келетін азаматтар «Шардара балық мектебінде» тәжірибе алмасып, кооператив өкілдерімен серіктес бола алады. Түркістан облысындағы балық шаруашылығын үйрететін мектепке еліміздің түрлі аймақтарынан келетін кәсіпкерлердің қатары жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, былтыр ауданда орналасқан «Хамит» ауыл өндірістік коперативін 100-ге жуық кәсіпкер тәмамдаған болса, биыл 60 кәсіпкер білім алуда. Жалпы, Шардара ауданы бойынша 33 балық өсіруші кәсіпкер тіркелген. Олар 951,35 тонна балық өсірген.

Айта кетейік, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік 2021-2030 жылдарға арналған» арнайы бағдарламасы бекітілді. Яғни, 2030 жылға дейін, 10 жыл ішінде тауарлық балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға, балық өнімдері экспортының өсімін 2 есеге, яғни, 7 мың тоннаға, қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін 100%-ға дейін көтеру көзделіп отыр.

Еске салайық, Мемлекет басшысы мен Үкіметтің шешімімен Балық шаруашылығы комитеті Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағына берілді. Осыған байланысты балық шаруашылығын одан әрі дамытуға ерекше назар аударылатын болады.

2023 жылы бұл бағытта бірқатар оң нәтижелерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, балық өсіру шаруашылықтарының саны 1,3 есе, акваөсіруді субсидиялау көлемі — 4,5 есе, инвестициялық субсидиялар — 2,5 есе, негізгі капиталға инвестициялар — 2 есе өсті. Балық қорғауды материалдық-техникалық жарақтандыру күшейтілді. Парламент Мәжілісіне «Аквамәдениет туралы» заң жобасы енгізілді.

Сонымен қатар, шешілуі тиіс проблемалық мәселелер де бар.

Балық ресурстарын сақтау бөлігінде балық өнімдерін қадағалаудың ақпараттық жүйесін енгізу, балық инспекторларының штатын 339-дан 637 бірлікке дейін ұлғайту, каспий итбалығының популяциясын сақтау бойынша ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру жоспарлануда.

Акваөсіруді дамыту мақсатында балықтарға арналған жемшөп өндіретін зауыттарды салу үшін инвесторларды тарту мәселесі пысықталуда, балық шаруашылығының ерекшеліктерін ескере отырып, ветеринарлық қызметтерді күшейту, су және жер ресурстарын беру жөніндегі проблемалық мәселелерді шешу жоспарлануда.

Балық ресурстарын молықтыру бөлігінде мемлекеттік балық өсіру кәсіпорындарының өндірістік базаларын жаңғырту, сондай-ақ оларды Қызыл кітаптағы балық түрлерін жасанды өсіруге қайта бағдарлау көзделген.

«Сонымен қатар, бірінші кезектегі міндеттер акваөсіруді субсидиялауды Бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесінің платформасына ауыстыру және Субсидиялау қағидаларын жетілдіру, сондай-ақ балық өсірушілердің жеңілдікті несиелендіруге қолжетімділігін қамтамасыз ету болып табылады. Жалпы проблемалық мәселелерді кешенді шешу үшін саланы дамыту бойынша жүйелі жұмыс жалғасатын болады», — дейді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.

Орайы келгенде атап өтер жайт, Үкіметтің тапсырмасы бойынша Қазақстанның үш өңірінде «Ауыл аманаты» атты электрондық форматта ауыл тұрғындарына несие беру бойынша пилоттық жоба басталды. Бұған дейін ауыл тұрғындарына несиеберу «Қолдау» платформасы арқылы ақылы жүргізілді.

Бұдан басқа, мал шаруашылығын қадағалау бөлігінде БЖДБ базасына 6 қосымша сервис қосылды, бұл мал шаруашылығы саласында «туғаннан союға дейін» толық қадағалауды қамтамасыз етеді.

Осылайша, электронды форматта жануарға жеке нөмір тіркеуге және беруге, профилактикалық шаралар жүргізуге, жануардың қозғалу процесін және карантинде болуын көруге, жануарларды союға жіберуге болады. Қазіргі уақытта ветеринария мен бақылау жұмыстарына көмектесетін қызметтер енгізілуде.

АШМ «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ-да бірыңғай көлік базасын біріктіруге және құруға қол жеткізді. Қазіргі уақытта Алматы облысында пилоттық жоба жүргізілуде, онда ауыл шаруашылығы техникасы бойынша мәмілелер әкімдіктерде емес, «Бірыңғай терезе» шеңберінде арнайы ХҚКО-да жүргізіледі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin