
Шардара ауданының 60 жылдық мерейтойына арналған мерекелік шара өтті. Алдымен аудан әкімі Арман Қарсыбаев және зиялы қауым өкілдері мен жергілікті тұрғындар Абай алаңындағы «Шежіре» ауылын аралап, ретрокөліктер мен тарихи жәдігер бұйымдарының көрмесін тамашалады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа техникалардың көрмесі ұйымдастырылды.
Мерекелік жиынға аудан, қалалардан жиналып, бірдей ұлттық үлгіде киінген 60 келін мерекеге келген ел ағаларына бірдей иіліп сәлем салып, ізет көрсетті. Сонымен бірге «Қасиет» орталығының ақ жаулықты әжелер қауымы 60 құрақ көрпе тігіп, қолөнерлері мен мерейтойға арнайы жасаған таба нандары көпке үлгі бола білді.
Мерекелік жиын Абай алаңында жалғасып, мектеп оқушылары флешмоб ұйымдастырса, аудандық мәдениет сарайында Шардара тарихынан сыр шертетін ретро көрмелер қойылды. Ретро үлгідегі көліктерден бөлек, ретро дүкен, бөлме, мектеп үстелдері мен тарихи бұйымдар көреремен назарына ұсынылды. Бүгінгі таңда Шардара ауданының бренды саналатын Шардара СЭС-ның, «Хамит» АӨК балық зауыты мен «Шардара Армспорт» клубының көрмесі ұйымдастырылды.
Аудан әкімінің ыстық лебізінен соң «Шардара: 60 жыл-60 белес» мерейтойлық кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Жаңа кітаптың салтанатты түрде лентасы қиылып, туынды авторы Сабит Лаханов келген қонақтарға кітаптың шығуымен таныстырды.
Аудан басшысы Шардараның өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлестерін қосқан еңбек ардагерлері мен еңбек сіңіріп жүрген бірқатар тұлғаларға, мерекелік «Шардара ауданына 60 жыл» төсбелгісімен марапаттады.
«Алты алаш» алаңында кешкі «Шаттыққа бөленген-Шардара» гала-концерті өтті. Мерекелік кеште ел қайраткерлері «МузАрт» тобы әуезді ән шырқап, тұрғындардың қуанышына ортақтасты. Сондай-ақ, Мөлдір Бақытжанқызы, Асқар Жайлаубаев, Азамат Қалыбаев, Бақберген Омаров, Айзада Асылхан, Ахмет Молдағұлов, Ербол Таңжар және өзге де ауданның өнерпаздары әсем әннен шашу шашып, алаң қызылды-жасылды отшашулармен көмкерілді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.