Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 700 шақырымды құрайды. Ағымдағы жыл қорытындысына сәйкес жақсы және қанағатты жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың үлесін 93,7 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл бағытта биыл автомобиль жолдары саласын дамытуға бюджеттен 41,4 миллиард теңге бөлінген. Құрылыс-жөндеу жұмыстарының нәтижесінде 1061,3 шақырым жол жөндеуден өтсе, жыл қорытындысы нәтижесінде 560 шақырым жол пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. Бұл туралы Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев мәлімдеді.
– Жолдардың құрылыс сапасы – басты назарда. Жол құрылысын қолға алған мердігерлер мен сапасын қадағалаушы мекемелер тиісті жұмыстарды қолға алуы тиіс. Жолды салу да, жөндеу де бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуі керек. Тұрақты қадағаланады, – дейді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаевтың айтуынша, облыстық маңызы бар жолдарға тиісті қаржы бөлініп, 379,5 шақырым жол құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Жыл қорытындысына сәйкес 207,6 шақырым жол, 4 көпір, 4 құбыр, 2 жарықтандыру жобасын пайдалануға беру көзделген. Қазіргі таңда, 11 нысан толықтай пайдалануға берілсе (5 жол, 1 көпір, 4 құбыр, 1 жарықшам), қалған 9 нысанда жұмыстар жалғасуда. Осы орайда, биыл басқарманың тапсырысымен іске асырылып жатқан нысандарда «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК ТОФ тарапынан 642 сынама алынып, 96 сынама сәйкес келмеді. Соған сәйкес, кемшіліктерге жол берген мердігер, техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелерге 120-ға жуық ескерту хаттар беріліп, 7,3 миллион теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ сапасыз салынған 8100 шаршы метр асфальт жабыны қайта төселді.
Биыл аудандық маңызы бар жолдарға 2,6 миллиард теңге бөлініп, 97,3 шақырым жол күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Атап айтсақ, елді мекен көшелері бойынша 197 жоба немесе 584,4 шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Оның ішінде, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 98 елді мекенде жалпы 131 нысан немесе 482,5 шақырым көше жөндеуден өткізілуде. Жыл қорытындысына сәйкес 104 нысан (365 көше) немесе 325,2 шақырымы пайдалануға беріліп, индикатор көрсеткіші 70%-дан 74%-ға жетеді.
«2024 жылы жалпы 248 нысан, яғни 1 061,3 шақырым жол мен көшелерге құрылыс-жөндеу жұмыстары жүрді. Жыл қорытындысына сәйкес 159 нысан немесе 559,6 шақырым жол пайдалануға беріледі деп көзделіп отыр. Нысандардағы жұмыстар мен қолданылып жатқан материалдардың сапасы — автор, техникалық қадағалаушы мекемелерден бөлек, «Ұлттық сапа орталығы» мекемесінің тұрақты бақылауында. Бүгінгі таңға дейін 492 рет бақылау жүргізіліп, 1 229 дана сынама алынған. Нәтижесінде 559 сынама құрылыс нормаларына сәйкес келсе, 321-і кемшілік нормадан ауытқыған. Кемшіліктерді жою бойынша жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, көлік қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында 15 708 шаршы метр шұңқырлар жамалып, 19,6 шақырым жолға жарықтандыру шамдары орнатылды. Сондай-ақ, жалпы ұзындығы 10 шақырым аяқжолдар салынды. Бұдан бөлек, 650 дана жаяу жүргіншілер жолағы сызылып, 2 785,6 шақырым жол таңбаланды. Облыс аумағындағы жолдар бойына 2 042 дана жаңа жол белгісі орнатылды», — дейді басқарма басшысы.
Орайы келгенде атап өтерлігі, «Түркістан – Шәуілдір» автомобиль жолының ІІІ учаскесінде (ПК291 +00 – ПК465 +00) асфальт жабындысын салу жұмыстары толық аяқталды. Жолдың жиектеріне шағалы тас төсеу жұмыстары, жол белгілерін орнату жұмыстары жүргізілді. Биыл қайта құру жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр. Жол құрылысының сапасы облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей бақылауында тұр.
Одан бөлек, аталған жолдың I учаскісінде (11,4 шақырым) қайта құру жұмыстарын бастауға биыл 300,0 миллион теңге қаржы қаралған. Жобаға сәйкес 9 жерде айналма жол ұйымдастарылып, су өткізгіш құбырларын ауыстыру жұмыстары мердігер мекеме «Алем Транс Жол» ЖШС-і тарапынан жүргізілуде. Нысанның қайта құру жұмыстары 2025 жылға өтпелі.
Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен тұрақты түрде сапаны бақылау жұмыстары жүргізіліп келеді.
Бұдан бөлек Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен Мақтаарал ауданындағы облыстық маңызы бар жол жөндеуден өтпек. Нақтырақ айтқанда, жобалаушы мекеме «Жетісу жол» ЖШС тарапынан КХ-76 «Атакент – Береке – М-39» автомобиль жолының 0-17,4 шақырымын күрделі жөндеуден өткізуге жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.
Нысанның жөндеу жұмыстарын іске асыру 2025-2026 жылдарға жоспарланып отыр. Жобаға сәйкес, жол бойындағы елді мекендер ішіне жарықтандыру шамдары, аялдамалар орнатылып, аяқжолдар салынбақ.
Айта кетейік, биыл аудандық маңызы бар жолдар бойынша 19 нысан немесе 97,3 шақырым жол күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылады.
Жолаушылар көлігі саласы бойынша тоқтала кетсек, өңірде 5 автовокзал, 20 автобекет және 18 жолаушыларға қызмет көрсету пункті жұмыс істейді. 2024 жылдың 7 айында облыста 81 қоғамдық көлік жаңартылды. Оның ішінде, Түркістан қаласы бойынша тасымалдаушылар есебінен 46 жаңа автобус алынды.
Айтпақшы, екі күн бұрын Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның Басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің қатысуымен 2024 жылғы жол-құрылысы маусымының қорытындысы тақырыбында брифинг өтті.
Оның айтуынша, 2024 жылғы жол-құрылыс маусымында 8700 шақырым республикалық маңызы бар автожолда түрлі жөндеу жұмыстары жүрді. 3100 шақырым жолға қайта жаңарту және құрылыс жобалары жасалды. 600 шақырым жол күрделі жөндеуден, 5000 шақырым жол орташа жөндеуден өтті.
Спикердің сөзінше, биылғы жол-құрылыс маусымына 9100 арнайы техника, 13500 маман, 91 асфальтбетон зауыты, 83 ұсақтап іріктеу құрылғылары жұмылдырылып, 1 миллион 280 мың тонна битум (оның 950 мың тоннасы отандық өндірушілерден, 330 мың тонна Ресейден алынды) жұмсалды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында қайта жаңарту және құрылыс жобаларымен 3100 шақырым жол қамтылды, оның 2000-ға жуық шақырымында негізгі жұмыстар аяқталып, жол пайдалануға берілді.
Брифинг барысында Дархан Иманашев «Қарағанды-Балқаш-Алматы», «Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы (Астраханға), «Ақтөбе-Қандыағаш» және «Талдықорған-Өскемен» республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының қайта жаңарту жұмыстары аяқталғаны туралы хабарлады.
«885 шақырымды құрайтын «Қарағанды-Балқаш-Алматы» республикалық маңызы бар автомобиль жолының қайта жаңарту жұмыстары аяқталып, толықтай қолданысқа берілді. Қарағандыдан Алматы қаласына дейін бірінші техникалық санаттағы жол салынып, төрт жолақты қауіпсіз қозғалыс қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, «Атырау-Ресей Федерациясының шекарасы (Астраханға)» автожолының 272 шақырымы қайта жаңартылып, жол үшінші техникалық санаттан екінші санатқа ауыстырылды. 96 шақырымды құрайтын «Ақтөбе-Қандыағаш» автожолын қайта жаңартуға 691 мың тонна асфальтбетон қоспасы жұмсалып, 10 көпір, 5 өтпежол және 3 жол айрығы салынды. 8 демалыс алаңы мен 18 аялдама аббаттандырылды. «Талдықорған-Өскемен» автожолын қайта жаңарту жұмыстары аясында жол бірінші және екінші техникалық санатқа ауыстырылып, Абай, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстары арасында көлік қозғалысы қамтамасыз етілді», — деді ұлттық компания басшысы.
2024 жылы күрделі жөндеуден республикалық маңызы бар автомобиль жолдардың 29 нысаны өтті. Олардың жалпы ұзындығы 600 шақырымды құрайды. Орташа жөндеумен республикалық автожолдардың 217 нысаны қамтылды. Олардың жалпы ұзындығы — 5023 шақырым, оның 32 нысаны өтпелі және 185-і — жаңа нысандар. Биыл орташа жөндеу жұмыстары аясында 1217 шақырым жол немесе 68 нысан аяқталып, қолданысқа берілді. Ал ағымдағы жөндеу жұмыстарымен 1143 мың шаршы метр қамтылды.
«Қыс басталғалы республикалық автожолдарды күтіп-ұстау бойынша жұмыстарды күшейтіп жатырмыз. Республикалық маңызы бар автожолдар желісінің жалпы ұзындығы 25 мың шақырымды құрайды, оның 21,5 мың шақырымы күтіп-ұстау жұмыстарымен қамтылған», — деді Д.Иманашев.
Биыл қауіпсіз көлік қозғалысын қамтамасыз ету үшін 63 мың тонна техникалық тұз, 104 мың текше метр құм, 172 мың текше метр қиыршық тас қалдығы, 1,2 мың тонна химиялық реагент дайындалды. Былтырғы жылмен салыстырғанда, биыл көктайғаққа қарсы материалдың көлемін 3 есе артты.
«Жол пайдаланушыларға тәулік бойы 1403 байланыс орталығы қызмет көрсетеді. Байланыс орталығына жыл басынан бері 470 мың өтінім келіп түсті. Байланыс орталығының мамандары жолдағы ауа райы жағдайы, ақылы жолдар туралы ақпарат беріп, көліктері бұзылған жүргізушілерге көмек көрсетіледі», — деді спикер.
Еліміздегі ақылы жолдардың желісі — 3221 шақырым, ол 17 ақылы учаскеден тұрады. Соңғы 11 айда ақылы жолдардан 48,4 миллиард теңге түскен. Бұл қаражаттың барлығы осы жолдарды күтіп-ұстауға және жаңа техника алуға жұмсалады.
«Республикалық автожолдар желісінде 1500-ға жуық жол бойындағы қызмет көрсету нысандары бар. Биыл 1299 жол бойындағы нысанды Ұлттық стандарт талаптарына сәйкес 90%-ға жеткіздік. Алдағы 2-3 жылда оны 100%-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз», — деп хабарлады басқарма төрағасы.
2024 жылы республикалық автожолдардың бойында жеке инвесторлардың есебінен 38 жаңа жол бойындағы нысан салынды, оның ішінде 22 жанармай стансасы, 14 кафе және 2 қызмет көрсететін кешен.
Ұлттық компания басшысының айтуы бойынша, жол пайдаланушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында 2024 жылы 47 жаңа санитарлық-гигиеналық торап салынған. Қазіргі таңда олардың саны 141-ге жеткен.
Жолдың сапасын қадағалау мақсатында 2024 жылы мердігерлер салған жобалардан 2900 ақау анықталып, оның 2700 ақауы жойылған. Жүзеге асырып жатқан 255 жол-құрылыс нысандарының сапасын тексеруге 42 техникалық бақылау компаниялардың 489 маманы жұмылдырылды.
«2024 жылы жұмыстарды сапалы орындамағаны үшін техникалық бақылау қызметтеріне 136,3 миллион теңге көлемінде айыппұл салынып, 10 маман жұмыстан шығарылды», — деді спикер.
Сөз соңында спикер келесі жылға жоспарланған жобалармен бөлісті. Оның айтуынша, 2025 жылы түрлі жол-құрылыс жұмыстармен 8254 шақырым жол қамтылады. Оның ішінде 994 шақырым қайта жаңарту, күрделі жөндеумен 390 шақырым және орташа жөндеумен 6900 шақырым қамтылмақ.
Сондай-ақ, «Жезқазған-Қарағанды», «Сарыағаш қаласының айналма жолы», «Рудный қаласының айналма жолы», «Ақтөбе-Ұлғайсын», «Қызылорда қаласының айналма жолы», «Түркістан қаласының айналма жолы», «Бейнеу-Бозой-Шалқар», «Қызылорда-Сексеуіл» және «Петропавл қаласының айналма жолы» республикалық автожолдарды қайта жаңарту жұмыстары басталмақ.
Естеріңізде болса, Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің көлік-логистика саласын дамыту мәселелері қаралған-ды. Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров инфрақұрылым жағдайы жөнінде және келешегі бар жобалар туралы баяндама жасаған.
Оның сөзіне сүйенсек, бүгінде Қазақстан тиімді транзиттік трансконтиненталді бағыттар желісін қалыптастырған. Ел аумағы арқылы 5 теміржол және 8 автокөлік, жалпы халықаралық 13 көлік дәлізі өтеді.
Мемлекет басшысы қойған Еуразияның толыққанды көлік-логистикалық хабын құру міндетіне жету үшін үлкен жобалар жүзеге асырылып жатыр. 2027 жылға дейін 1,3 мың шақырым жаңа теміржол желілерінің құрылысы жоспарланған. «Достық – Мойынты» теміржолының екінші жолын, «Дарбаза – Мақтаарал» және «Бақты-Аягөз» жаңа теміржол желілерін төсеу жұмыстары басталып кетті. Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде «Достық» станциясының өткізу қабілетін жылына 35 миллион тоннаға дейін арттырады. Алматы станциясы арқылы жүк тасымалының уақыты қысқарады. «Сарыағаш» станциясын жеңілдетіп, Қытай бағытына өткізу қабілетін жылына 20 миллион тоннаға дейін арттырады. Сонымен қатар үздіксіз тасымал мен магистралды теміржол қуатын арттыру мақсатында 2029 жылға дейін 11 мың шақырым теміржол учаскелеріне жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Бүгінде оның 2,8 мың шақырымнан астам жолы жөнделді.
Бүгінде автомобиль жолдарын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Рекордтық қамтуы 12 мың шақырымды құрайтын жолдар салу және реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде, оның 7 мыңы биыл аяқталады. Автокөлік тасымалдарының тиімділігін арттыру үшін 2029 жылға дейін ЕАЭО ішкі шекарасындағы 36 өткізу бекетін жаңғырту жоспарланып отыр. Бірінші кезеңге 6 тармақ кіреді, оның құрылысы 2025 жылы басталады.
Көлік министрлігінің мәліметінше, қабылданып жатқан шаралар нәтижесінде темір жол тасымалы бойынша экспорт 130 миллион тоннаға дейін жеткізіледі, импорт пен транзит көлемі тиісінше 60% және 65%-ға артады. Автокөлік тасымалдары бойынша экспорт пен импорт 2 есеге, транзит 6 есеге артады деп күтілуде.
Премьер-министр Олжас Бектенов Көлік министрлігіне жоспарланған барлық жобаның уақтылы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Жол бойында орналасқан санитарлық-гигиеналық тораптар да жаңартылып, талапқа келтіріледі
Сонымен қатар Түркістан облысында республикалық маңызы бар жол бойында орналасқан санитарлық-гигиеналық тораптар да жаңартылып, талапқа келтіріледі. Бұл мәселе облыс әкімі Дархан Сатыбалдының назарында тұр.
– Туризмді дамыту үшін жол бойындағы санитарлық-гигиеналық нысандар талапқа сай болуы тиіс. Толық зерделеп, нақты ұсыныс беріңіздер. Жолаушыларға да, туристерге де жол бойында сапалы қызмет көрсету керек, – деген облыс әкімі жауаптыларға тиісті тапсырмалар берген болатын.
Өңір басшысының тапсырмасымен облыстағы республикалық маңызы бар жол бойында орналасқан санитарлық-гигиеналық тораптардың жағдайына мониторинг жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, «Түркістан – Шымкент», «Шымкент – Жамбыл облысы», «Шымкент – «Жібек жолы» бекеті бағыттары тексерілген. Қазіргі таңда, аталған бағыттағы автомобиль жолдарында жалпы саны 102 санитарлық-гигиеналық торап жұмыс атқаруда. Оның ішінде: 52 әжетхана жанар-жағар май құю бекеттерінде, 28 әжетхана жол бойындағы сервис нысандарында, 22 әжетхана жеке орналасқан.
Әжетханалардың басым бөлігінің санитарлық жағдайы төмен екендігі анықталып отыр. Басты мәселелері – тазалық жұмыстарының уақтылы жүргізілмеуі және күтіп-ұстау жұмыстарының тиісті деңгейде болмауы. Кейбір әжетханалар мүлдем қараусыз қалған.
Жиында 11 орында әжетханаларды бұзып, орнына жаңа әрі санитарлық талаптарға сай нысан орнату туралы ұсыныс берілді. Туризм басқармасы тарапынан ақпараттық дүңгіршік пен әжетханамен қамтылған 3 модульдік нысан орнату туралы да ұсыныс қаралды. Сонымен бірге облысқа кіреберіс жолдар бойында аймақтың туристік әлеуеті бойынша ақпарат беретін үлкен ақпараттық стендтер орнату идеясы айтылды. Ақпараттық стендте облыстың туристік орындары көрсетілген карта және туристік нысандар бойынша мәлімет үш тілде жазылады деп көзделген.
Қорыта айтқанда, биыл облыс бойынша 202 нысан немесе 1068,4 шақырым жол мен көшелер жөнделуде. Жыл қорытындысына сәйкес 135 нысан немесе 611,7 шақырым пайдалануға беріледі. Сондай-ақ облыста 5 автовокзал, 20 автобекет және 18 жолаушыларға қызмет көрсету пункті жұмыс істейді.
Қазіргі уакытта әуежай 3 халықаралық және 6 республикаішілік рейстерге қызмет көрсетуде.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.