Түркістан облысы бойынша алғашқы жартыжылдықта 60 мыңнан астам адам жұмыспен қамту шараларына тартылды

Бүгін Түркістанда халықты жұмыспен қамту және жұмыс орындарын құру, аз қамтылған отбасылар санын азайтып, кәсіпке баулу мәселелері талқыланған мәжіліс өтті. Жиынға жұмыспен қамту басқармасының басшылығы мен қызметкерлері қатысты.

Баяндамалар мен есептер тыңдалды. Халықты жұмыспен қамту саласындағы өзекті мәселелер мен кедейлік көрсеткішін төмендету шаралары кеңінен талқыланған жиналыста облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де ширата түсу керектігін ескертті.

– Биыл бекітілген индикатордың толық орындалуын қамтамасыз ету қажет. Аудан, қала әкімдігіндегі жауаптыларға «Өңірлік жұмыспен қамту картасында» көрсетілген межелерге қол жеткізуді тапсырамын. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтудағы және мемлекеттік бағдарламаларды орындау барысында анықталған кемшіліктер жойылсын. Кедейлікті төмендету шаралары жүйелі түрде жүргізілсін. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың ішіндегі еңбекке жарамды азаматтардың табысын арттыру мақсатында жұмыспен қамту шараларының белсенді түрлеріне тартып, тұрақты жұмысқа шынайы орналасуын қадағалаңыздар. Аталған көмекті тағайындаудың заңдылығына зерделеу жұмыстарын жүргізу керек. Жұмысты ширатыңыздар. Баяндамада айтылған мәселелерді шешу бойынша тиісті жұмыс жүргізілсін. Кейбір аудандарда жұмыспен қамту деңгейі төмен. Аудандарда жұмыспен қамту бағытында насихат-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мәліметтер ұсынылсын, – деді Бейсенбай Тәжібаев.

Мәжілісте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Т.Құдайбергенов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары К. Мирова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Н.Нұрашов өздеріне бекітілген салалар бойынша баяндама жасады.

Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың тарапынан халықты жұмыспен қамту, жастарды шағын несиелеу жұмыстарын ұйымдастыру, аз қамтамасыз етілген азаматтарға әлеуметтік жағынан қолдау көрсету, мүгедектігі бар адамдардың арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылуын реттеу және де саладағы өзге де мәселелерді шешу жөнінде тапсырмалар берілді. Сондай-ақ баяндамада айтылған көрсеткіштері төмен аудандарға ескерту беріліп, жұмысты жандандыру жөнінде тапсырмалар берілді.

Айта кетейік, Түркістан облысында биыл 118,9 мың жұмыс орнын ашу бойынша облыс басшысының бастамасымен «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бекітілді. Оның ішінде 108 мың адамды тұрақты және уақтыша жұмыс орындарына, 3,7 мың адамды ұлттық жобалар мен бағдарламаларда ашылатын жұмыс орындарына жолдау және 7,2 мың адамға грант пен шағын несие беру көзделген.

Биылғы бірінші жартыжылдық жоспарына сәйкес 69,6 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланып, нақты 60,4 мың адам жұмыспен қамту шараларына жолданды. Тиісінше, алғашқы жартыжылдық жоспар 86,8% орындалды. Одан бөлек, аз қамтылған азаматтардың табыстарын арттыру арқылы кедейлікті төмендету бойынша жұмыстар да жалғасып жатыр. Биыл 116,2 мың адамды атаулы әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етуге бюджеттен 12,2 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ кедейлік деңгейін төмендету жөнінде аудан, қала әкімдерімен меморандумдар түзіліп, атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің 2024 жылға жоспары бекітілді. 1 шілдедегі жағдайы бойынша 13,569 мың отбасыға немесе 81,2 мың адамға 3,8 миллиард теңгеге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, аз қамтылған азаматтардың үлесі облыс халық санының 3,8%-ын құрап отыр.

Түркістан облысында 99,2 мыңнан астам мүгедектігі бар азамат есепте тұр. Биыл облыста мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету үшін барлық деңгейдегі бюджеттер есебінен 12,3 миллиард теңге бөлінген.

Атап өтер жайт, ҚР Үкіметі Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Онда ұсынылған шараларды іске асыру сапалы жұмыс орындарының санын 3,6 миллионға дейін ұлғайтуға және жұмыспен қамту құрылымын жақсартуға септігін тигізетін көрінеді.

Тұжырымдама ұлттық басымдықтар мен мақсаттарды, сондай-ақ еңбек және жұмыспен қамту саласындағы халықаралық міндеттемелер мен стандарттарды ескере отырып әзірленген. Бұл — 2030 жылға дейінгі кезеңге еңбек нарығын дамыту жөніндегі негізгі бағыттарды, іс-шараларды, индикаторларды және жауапты орындаушыларды айқындайтын стратегиялық сипаттағы құжат.

Дүниежүзілік банк өкілдерімен бірлесіп, жұмыс орындарын құру динамикасы мен құрылымын ескере отырып, еңбек нарығын шолу, экономика секторларын талдау, өндірістік тізбекті оқшаулаудың қолда бар алғышарттары және т. б. бойынша талдау жүргізілді.

Кешенді және жүйелі түрде шешуді талап ететін еңбек нарығының негізгі проблемалық мәселелері:

— еңбек өнімділігінің төмендігі және табиғи ресурстарды өндіру мен экспортқа тәуелді экономиканы әртараптандырудың жеткіліксіздігі;

— жұмыскерлердің біліктілігі мен дағдыларының еңбек нарығының талаптарына сәйкес келмеуі, сондай-ақ кәсіптік білім беру мен оқыту жүйесінің жеткіліксіз дамуы;

— формалды емес жұмыспен қамтудың жоғары үлесі, әсіресе ауылдық жерлерде, сондай-ақ жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаудың төмен деңгейі;

— әйелдер, жастар, мүгедектігі бар азаматтар, этникалық азшылықтар және басқалар сияқты халықтың әртүрлі топтары арасындағы жұмыс орындарына қолжетімдік пен табыстың теңсіздігі.

2000 жылдардағы демографиялық өсімнің арқасында Қазақстанда 2029 жылға қарай еңбек нарығына қосылатын жастар саны жыл сайын 300 мыңнан астам адамды құрайды. Еңбек нарығын толықтыратын азаматтардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету жаңа сапалы жұмыс орындарын құру жөнінде шаралар қабылдауды талап етеді.

Тұжырымдамаға сәйкес сапалы жұмыс орнының негізгі сипаттамалары: тұрақты жұмыспен қамту (жылына кемінде 6 ай), еңбекақының лайықты деңгейі (өңірдегі орташа жалақыдан төмен емес), қауіпсіз еңбек жағдайлары, кәсіби даму және мансаптық өсу үшін мүмкіндіктер, еңбек құқықтары мен әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.

Сапалы жұмыспен қамтудың өсу драйвері болуы керек:

— өнеркәсіп (тау-кен өндіру, өңдеу, энергетика, сумен жабдықтау), құрылыс, көлік саласы, сауда және қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы, IT-сала, өнер және туризм, сондай-ақ қорғаныс қызметі сияқты экономиканың негізгі нақты секторларын индустрияландыру;

— жаңа технологияларды енгізу және ілгерілету;

— жұмыс уақытының икемділігіне негізделген жұмыспен қамтудың жаңа түрлерін құру.

Тұжырымдамада елдің оңтүстік өңірлерінде бастапқы индустрияландыру, орталық және шығыс облыстарда қайта индустрияландыру, республиканың солтүстігінде агробизнесті кластерлеу және батыс өңірлерде офтейк-келісімшарттарды дамыту жөніндегі шаралар көзделген.

Еңбек нарығындағы негізгі сұраныс орта білікті мамандарға тиесілі екенін ескере отырып, алдағы жылдары техникалық және кәсіптік білім адами капиталды дамытудың драйвері болады. Алынған білім мен дағдылардың жұмыс берушілердің талаптарына сәйкестігін кәсіптік стандарттар негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлеу және білім мен дағдыларды тәуелсіз бағалау арқылы ұлттық біліктілік жүйесін дамыту есебінен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Сондай-ақ, Тұжырымдамада платформалық қызметкерлерді ресімдеудің жаңа тәсілдеріне көп көңіл бөлінді, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда шамамен 1 миллион адам платформалық жұмыспен айналысады. Платформалық жұмыспен қамтудың басты артықшылықтары: жұмыс уақытының икемділігі, негізгі қызметпен ұштастыру мүмкіндігі, мансап пен жеке өмірдің тепе-теңдігі. Сондықтан платформалық жұмыспен қамту спектрі жыл сайын ауқымын кеңейтіп, қызмет көрсету, туризм, IT, сауда, құрылыс, жылжымайтын мүлік және т.б. салаларға енетін болады. Мемлекеттің негізгі міндеті – платформалық жұмыспен айналысатын жұмыскерлер үшін еңбек құқықтарын қорғауды және әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету.

Еңбек нарығының инфрақұрылымын дамыту жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және әлеуметтік қорғау саласында мемлекет көрсететін барлық қызметтерді жаппай цифрландыру арқылы жүзеге асырылатын болады. Негізгі критерийлер ашықтық және барлығына қолжетімділікті арттыру.

Автоматтандыру және цифрландыру нақты уақыт режимінде еңбек нарығындағы жағдайды бақылауға және талдауға, кадрларға деген қажеттілікті анықтауға, білім беру бағдарламаларын экономиканың нақты қажеттіліктеріне қарай түзетуге және өзектендіруге, сондай-ақ экономикалық ынталандыру шараларының тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.

Ұсынылған шараларды іске асыру сапалы жұмыс орындарының санын ұлғайтуға және жұмыспен қамту құрылымын жақсартуға әкеледі. Ел экономикасында 2029 жылға қарай 3,6 миллион сапалы жұмыс орнын қамтамасыз ету жоспарлануда, бұл жұмыспен қамтудың жалпы құрылымында 45%-ды құрайды. Жыл сайын табысы медианалық табыстан асатын адамдардың саны орта есеппен 250 мыңға артады.

Естеріңізде болса, биыл 25 маусымда Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында елімізде тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар талқыланды. Мемлекет басшысының биыл 1 миллионға жуық қазақстандықты жұмысқа орналастыру жөніндегі міндетінің орындалуы туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова баяндады.

Бекітілген Өңірлік жұмыспен қамту карталарына сәйкес 2024 жылы 948 мың қазақстандықты жұмысқа орналастыру көзделген. Бүгінгі таңда 353 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды, бұл жалпы көрсеткіштің 37%-ын құрайды. Оның ішінде 148 мыңы – жастар. Осылайша, жыл басынан бері мемлекет субсидиялайтын орындарға 137 мың жұмыссыз адам жұмысқа орналастырылды. 97 мыңнан астам азамат Мемлекет басшысының «Әрбір 10 мың адамға шаққанда 100 жаңа жұмыс орны» бастамасы аясында 103 мыңнан астам адам жұмыс берушілер тарапынан ұсынылған бос жұмыс орындарына, ал 16 мыңға жуығы ұлттық жобалар аясында іске асырылып жатқан бағдарламаларға жіберілуде.

Өңірлер бөлінісінде Абай (53%), СҚО (47%), Қызылорда (45%) және Жамбыл (45%) облыстарында оң динамика байқалады. Көзделген жоспарларды орындаудың ең төмен көрсеткіштері Ақтөбе облысында (30%) және Алматы қаласында (30%) тіркелген. Премьер-Министр Олжас Бектенов өңірлер әкімдіктерінің осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.

Үкімет басшысы өзекті проблемаларды шешу мақсатында өткен жылы «Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілгенін атап өтті. Қабылданған құжат шеңберінде, әсіресе, жас мамандар үшін тұрақты жұмыс орындарын көбірек құру көзделген. Бүгінгі таңда техникалық және кәсіптік оқу орындарын бітірген түлектердің 25%-ға жуығы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Жаңа жұмыс күші қажет барлық жобаларды қадағалай отырып, жұмыс берушілермен жұмыспен қамтудың цифрлық мониторингі арқылы өзара іс-қимылды жолға қою маңызды. 

Отырыс барысында қазақстандықтарды шетелде жұмысқа орналастыру және азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды.

«Оларға жалақы төлемеу, медициналық қызмет көрсетпеу, келісімшарттар өрескел бұзылған фактілер бізге белгілі. Сондықтан қазір тиісті үкіметаралық келісімдерді бекіту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазірдің өзінде шет елдерде біздің азаматтарды жұмысқа орналастыратын жеке агенттіктердің қызметін бір жүйеге келтіру қажет. Қазақстандықтар келісімшарт бойынша сенімді кепілдік алуға тиіс», — деді Премьер-Министр.

Аталған жұмыс шеңберінде Шығыс Қазақстан, Түркістан және Алматы облыстарында Кәсіптік және тілдік даярлау орталықтарын ашу жоспарланған. Өңірлердің тәжірибесі алдағы уақытта сапалы жұмыспен қамтуға және халықтың табысын арттыруға ықпал ететін болады. Жалпы, халықты жұмыспен қамту жөніндегі шараларды іске асыру 2029 жылға қарай 3,8 миллион сапалы жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin