Түркістан облысы білім басқармасына қарасты мекемелер «Таза өлке» экологиялық тазалық жұмыстарын жүргізді

Түркістан облысы білім басқармасы «Облыстық жас туристер станциясы» КММ-ге қарасты Түркістан, Кентау, Арыс қалалық, Төлеби, Сайрам, Түлкібас, Отырар, Қазығұрт, Келес, Созақ аудандық бөлімдері «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының жоспарына сәйкес, «Таза өлке» экологиялық тазалық жұмыстарын жүргізді.

Мақсаты: экологиялық мәдениетті қалыптастыру, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасы негізінде отансүйгіштік, табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға деген жанашырлық құндылықтарын дәріптеу;

— оқушылардың қоршаған ортаға, табиғатқа деген экологиялық мәдениетін қалыптастыру;

— қоршаған ортаны сақтау;

— жыл сайын тазарту акцияларын өткізу;

— табиғат байлықтарына жанашырлық танытуға оқушыларды тәрбиелеу.

Естеріңізде болса, мемлекет басшысы «Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бір реттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Қазақстанымыз таза болуы қажет. Лас елге қонақ ретінде, инвестор ретінде ешкім келмейді. Бірақ, ең алдымен, Қазақстанның таза, көрікті болғаны біз үшін, яғни халық үшін керек. Бұл күнделікті өмір салтына айналуы қажет. Сондай-ақ бұл жұмыс елорда және ірі қалаларда ғана емес, шағын қалаларда, аудандар мен ауылдарда да ұдайы ұйымдастырылады. Бүкіл Қазақстанды таза ұстау өзімізге, жастарға байланысты. Мен жастарға сенемін. Сондықтан жастарға зор үмітпен қараймын», – деген болатын.

Президент заң мен тәртіп үстемдігі бәріне қатысты екенін айтып, вандализммен батыл түрде күресу қажет екеніне назар аударғаны да — есте.

«Біз өз елімізді мақтан тұтуға тиіспіз. Мейлі ол көше, аула немесе үйлердің кіреберісі болсын, бәріне ұқыпты қарауымыз қажет. Вандалдармен табанды түрде күресу керек. Сондай-ақ олардың заң жүзінде қатаң жазаланатынын айттым. Әр нәрсенің шегі бар. Әйтпесе, бәрін бүлдіріп алып, кейіннен кешірім сұрайды. Елімізде тәртіп болуы керек. Заңды сақтау қажет», – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жалпы, Түркістан облысында «Таза Қазақстан» республикалық акциясының «Таза өлке» апталығы аясында өңірде 56 іс-шара өткізіліп, оларға 20 мыңнан астам адам қатысты. Аталған шараға мемлекеттік және жеке ұйымдардың қызметкерлері, еріктілер мен облыс тұрғындары қатысты.

Мәселен, Созақ ауданында өткен «Таза өлке» апталығына 1000-ға тарта тұрғын жұмылдырылған. Ал Сайрам ауданында арық-атыздарды тазартуға жалпы саны 500-ге жуық адам қатысса, Түлкібас ауданында өткен экологиялық акцияға 450 адам атсалысқан. Сонымен қатар, Түркістан қаласындағы «Түркі бағы» және «Жеңіс» саябақтарындағы өткен сенбілікке жалпы 200-ге жуық жас белсенділік танытқан. Сондай-ақ, Кентау қаласында өткен тазалық жұмыстарына 200 жас қатысып, саябақтағы ескерткіштер мен тақтайшаларды шаңнан тазартты. Бұдан бөлек, Шардара қаласындағы суқойма жағалауында жүргізілген тазалық жұмыстарына 100-ге жуық адам жұмылдырылса, Жетісай қаласында орналасқан Орталық саябақта тазалау жұмыстары жүргізіліп, жалпы 120 азамат белсенділік танытты.

Айта кетейік, еліміз бойынша ұйымдастырылып жатқан тазалық науқаны 5 аптаға созылады. «Таза өлке» апталығы 6-13 сәуір аралығында өткізілсе, 13-20 сәуір аралығында – «Киелі мекен», 20-27 сәуір аралығында – «Жасыл аймақ», 27 сәуірден 4 мамырға дейін — «Өнегелі ұрпақ» апталығы, 4 мамырдан 11 мамырға дейін — «Мөлдір бұлақ» апталығы өтпек.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin