Түркістан облысы ет экспорты бойынша бірінші орында тұр

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы қарқынды даму үстінде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аймақта жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті артып келеді. ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды осы саладағы жұмыстарға тоқталды.

Облыста мал басы және өнімділігі орташа есеппен 4%-ға өсіп келеді. Ет экспорты бойынша Түркістан облысы республикада бірінші орында тұр. Ірі қара мал етінің үлесі – 85%, ұсақ мал 60% құрайды. Биылғы 5 айда 5 мың тонна ірі қара мал еті, 3 мың тоннаға жуық қой еті экспортқа жөнелтілді.

Ет экспорты дегеннен шығады, таяуда ғана ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мал шаруашылығын одан әрі дамыту шаралары қаралды. Мәселе бойынша ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды және Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов баяндама жасаған болатын.

Министр Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, ауыл шаруашылығы – еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің негізгі салаларының бірі. Оның үлесіне ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің шамамен 40%-ы тиесілі. Жалпы саланың тұрақты қарқынмен дамып келе жатқанын талдау көрсетіп отыр. Малдың барлық түрінің саны тұрақты өсуде. Өткен 2022 жылдың өзінде ірі қара мал саны 4,2%-ға, қой 4,8%-ға, жылқы 10,5%-ға, түйе 6,5%-ға, құс 4%-ға өсті.

Сонымен қатар мал шаруашылығын дамытудың сапалық көрсеткіштері де өсуде. Атап айтқанда, сауылатын сүт орта есеппен 4,7%-ға ұлғайды, сондай-ақ сойылған ет салмағы 8,6%-ға, тауықтардың жұмыртқа әкелу көрсеткіші 17,2%-ға өскен. 2022 жылдың қорытындысы бойынша мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 0,9%-ға ұлғайды, ал осы жылдың 5 айында өсім 3,6%-құрады.

Айта кету керек, пандемияға дейін 2019 жылы аусыл бойынша мәртебе жақсы болған кезеңде ет экспорты 9,7 мың тоннаны құрады, оның ішінде Қытайға 3,6 мың тонна, Ресейге 2,1 мың тонна және Иранға 2,3 мың тонна ет экспортталды.

«2022 жылдың қорытындысы бойынша солтүстік-батыс өңірлерде аусыл бойынша саламатты мәртебенің болмағанына қарамастан, біз Өзбекстанға, Біріккен Араб Әмірліктеріне және Қырғызстанға экспортты қайта бағдарлай алдық және экспорт көлемін 2,9 есеге арттырдық. Нәтижесінде өткен жылы ет экспорты 28,7 мың тоннаны құрады. Бұл соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Бұл үрдіс биыл да сақталып отыр», — деді Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Бұл ретте Өзбекстанға шығарылған ет экспорты 134 есе, ал Біріккен Араб Әмірліктеріне шығарылған ет экспорты 8 есе өсті.

Қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары мал шаруашылығы саласына инвестицияның тартылуын сақтауға мүмкіндік берді. Өткен жылы мал шаруашылығына тартылған инвестиция көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 67%-ға артып, 117,5 млрд теңгеге жетті. Барлығы 102 инвестициялық жоба іске асырылды. Бұл ретте инвестициялардың ең үлкен көлемі тауарлы-сүт фермаларының құрылысына тиесілі. 2022 жылы қуаты 52,4 мың тонна сүт болатын 36 тауарлы-сүт фермасы енгізілді. Сондай-ақ жылына 41,9 мың тонна құс етін өндіретін құс фабрикаларын салу бойынша 7 инвестициялық жоба пайдалануға берілді.

Министрдің айтуынша, биыл Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға республикалық бюджеттен өндірістік қуаты жылына 373 мың тонна сүтті құрайтын 65 тауарлы-сүт фермасын құруға 100 млрд теңге бөлінді, бұл елдің импортқа тәуелділігін 39%-дан 11%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

«Соңғы 10 жылда мал шаруашылығының генетикалық әлеуеті артты. Мемлекеттік қолдау шараларын күшейту есебінен малдың барлық түрі бойынша асыл тұқымды малдың үлес салмағы өсті. Мысалы, асыл тұқымды ірі қара малдың үлес салмағы жалпы ірі қара мал басына шаққанда 7%-дан 13,5%-ға дейін өсті», — деді Ербол Қарашөкеев.

Сондай-ақ селекциялық және асыл тұқым бойынша жұмыс процесіне және тұқымдық түрлендіруге тартылған фермерлік шаруашылықтардың саны 2022 жылы 6 мыңнан 22 мыңға дейін артты.

Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында мал шаруашылығын субсидиялау тетігін одан әрі жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілді. Бақылаушы органдардың ескертулерін назарға ала отырып, субсидиялау қағидаларынан сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар нормалар алып тасталды. Қабылданған шаралар нәтижесінде елдегі эпизоотиялық ахуал тұрақтандырылды. Өткен жылы жұқпалы аурулар бойынша саламатсыз пункттер саны 13,5%-ға, ал осы жылдың 5 айында 2 еседен астам қысқарды.

«Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында ветеринария жүйесін реформалау жұмыстары жүргізілуде. Тәжірибелік ветеринариялық қызметкерлердің жалақысы орта есеппен 35%-ға өсті, жалақыға қосымша ақы төлеу және сауықтыруға жәрдемақы беру есебінен оларды әлеуметтік қорғау шаралары күшейтілді», — деді министр.

Ветеринариялық заңнамаға орталық және жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметтері арасындағы функциялардың қайталануын болдырмауға бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстар дайындалды. Ветеринария жүйесін цифрландыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Мал шаруашылығы өнімдерін импорттаушы елдердің тізіліміне отандық кәсіпорындарды енгізу бойынша жұмыстар жалғасуда. 2020 жылдан бері олардың саны 2 484-тен 3 357-ге дейін 35%-ға өсті.

Елдің биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және отандық биологиялық өнеркәсіпті дамыту жөніндегі іс-шаралар шеңберінде әлемдік көшбасшы – «Берингер Ингельхайммен» жаңа OTARBIOPHARM зауытында аусылға қарсы отандық вакцина өндіру бойынша технологиялар трансферті бойынша жұмыс жүргізілуде, өндірісті 2024 жылы іске қосу жоспарланып отыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығын мынадай бағыттарда дамыту бойынша жұмыс жүргізуде:

  1. Мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық нарықтарын одан әрі кеңейту. Ол үшін министрлік бірқатар нақты шара қабылдауда.

Аусылға қарсы іс-шаралар кешені іске асырылуда және солтүстік-батыс өңірлерде вакциналау жүргізе отырып, аусыл бойынша саламатты мәртебені қайта орнату бойынша Дүниежүзілік жануарлар саулығы ұйымымен жұмыс жүргізілуде.

Эпизоотиялық саламаттылықты қамтамасыз ету мәселелерінде аймақтандыру қағидатын өзара тану арқылы Қытай, Ресей, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің экспорттық нарықтарын ашу бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Бұдан басқа ветеринариялық қызметтер арасында қол жеткізілген екіжақты уағдаластықтар негізінде тірі малды және мал шаруашылығы өнімдерін Өзбекстанның, араб елдерінің және басқа да бірқатар елдің нарықтарына жеткізу жалғасуда. Ведомствоаралық комиссияның шешімімен бұқашықтар мен еркек тоқтыларды елден шығаруға экспорттық квоталар осы жылдың 24 желтоқсанына дейін ұзартылды.

  1. Мал шаруашылығының жанама өнімдерін, ең алдымен, былғары шикізаты мен жүнді өткізуге ынталандыру. Былғары шикізатының экспортын тежейтін фактор 1 тонна үшін 200 еуро мөлшеріндегі экспорттық баж болып отыр. Қазіргі уақытта ұсақ мал бойынша экспорттық баж толығымен алынып тасталды, ал ірі қара мал бойынша 100 еуроға дейін төмендетілді.

Бұған қоса инвестициялық субсидиялар қағидаларына былғары шикізаты мен жүн өңдейтін қуаттарды салуға және жаңғыртуға арналған инвестициялық салымдардың 25%-ын өтеуді көздейтін жаңа паспорт енгізіледі.

«Жалпы республика бойынша желатин, азық қоспаларын өндіру үшін жануарлардың терісін қайта өңдеу жөніндегі 3 жобаны және құрылыс материалдарын өндіру үшін жүнді қайта өңдеу жөніндегі 1 жобаны іске асыру жоспарлануда», — деді Ербол Қарашөкеев.

  1. Селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты, ең алдымен, геномдық талдау және математикалық модельдеу қағидаттарына негізделген жануарлардың асыл тұқымдық құндылығын бағалаудың заманауи әдістерін өндіріске енгізу бөлігінде жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, оны іске асыруға биыл асыл тұқымды жануарларды индекстік және геномдық бағалауды енгізуді, асыл тұқымды малдың шығу тегі туралы нақты ақпарат беруге мүмкіндік беретін молекулалық-генетикалық сараптама жүргізу тәртібін регламенттеуді көздейтін 16 нормативтік-құқықтық акт қабылданды.

  1. Азық өндіруді одан әрі дамыту. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, бүгінде ірі азықпен қамтамасыз ету 80%, шырынды азықпен қамтамасыз ету 60%, құнарландырылған азықпен қамтамасыз ету 50%-ды құрайды, дегенмен мал шаруашылығының тұрақты дамуы үшін толық қамтамасыз етуден басқа, азықтың сақтандыру қоры да болуы керек екені белгілі.

Осы мәселені шешу үшін қабылданған Азық өндіру саласын дамыту жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған жол картасы жергілікті жерлерде тиісті деңгейде іске асырылмайды. Жергілікті атқарушы органдар ауыспалы егістегі, бірінші кезекте суармалы жерлерде азықтық дақылдар үлесін кеңейту, жерді жалға алу шарттары аясында жер пайдаланушыларға қойылатын талаптарды қатаңдату есебінен жайылымдық алқаптарды үстірт және түбегейлі жақсарту және жайылымдар айналымын енгізу жолымен жайылымдық алқаптардың өнімділігін арттыру бойынша бар мүмкіндіктерді толық көлемде пайдаланбайды.

Екінші жағынан, жергілікті атқарушы органдардың билігіндегі қазіргі қолданыстағы азық шығындарының құнын субсидиялаудың нормасы оны қолданысқа енгізудің нақты тетіктері болмағандықтан, фермерлерді азық өндірумен айналысуға ынталандырудың орнына олардың тәуелділігін тудырады.

Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, мал шаруашылығының азық базасы проблемаларын шешу үшін Ауыл шаруашлығы министрлігі мынадай шараларды қабылдайды:

  • Азық өндірісін дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жол картасына қосымша шаралар енгізе отырып, оны кеңейту бойынша жұмыс басталды.
  • Субсидиялаудың жаңа қағидаларының жобасында ғылыми ұсыным негізінде осы норманы қолданысқа енгізу тетігін неғұрлым нақты реттеу мақсатында азық шығындарының құнын субсидиялауға қатысты нормалар нақтыланды.

Әрі қарай тақырып бойынша Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды баяндама жасады.

«1 маусымдағы жағдай бойынша мал шаруашылығы саласында 181,6 млрд теңгеге өнім өндіріліп, өсім 102,8%-ды құрады. Ауыл шаруашылығы жануарларының саны 8 млн-нан асып, өткен жылмен салыстырғанда орташа есеппен 4%-ға артты», — деді Д. Сатыбалды.

Облыста етті экспорттау қарқынды дамуда. Өткен жылдың қорытындысымен 15,7 мың тонна ірі қара мал еті, 8 мың тонна қой еті экспортталды. Осы жылдың қазіргі көрсеткіштері ірі қара мал еті бойынша 5 мың тоннаға, қой еті бойынша 2,6 мың тоннаға жетті. Жалпы облыста мал шаруашылығы көрсеткіштері оң динамиканы көрсеткенімен, жайылымдық жерлердің тапшылығы орын алып отыр.

Жыл басында жалпы жайылымдық жер тапшылығы 2 млн. 122 мың гектар болды. Осы орайда ортақ жайылым көлемін биыл 1 млн. 15 мың гектарға ұлғайту жоспарланды. Оның ішінде жыл қорытындысы бойынша 333 мың га жер ортақ жайылымға қайтарылады, қалған 682 мың га-ға елді мекендердегі жайылым жүктемесін төмендету арқылу қол жеткізу жоспарлануда.

«Есепті кезеңде 102 мың гектар жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Жыл қорытындысы бойынша жоспар толығымен орындалады», — деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Сонымен қатар мал шаруашылығын дамыту аясында жайылымдық жерлерге түсетін жүктемені төмендету мақсатында басымдық мал бордақылау алаңдары мен тауарлы-сүт фермаларын ашуға берілуде. Бұл бағыттарда биыл бірқатар ірі инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Атап айтқанда, мал бордақылау алаңдарының саны артады. Биыл 8 млрд. теңгеге сыйымдылығы 37 мың 350 басты құрайтын 10 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ 13 млрд. теңгеге 2 мың 380 басқа арналған тауарлы-сүт фермалары салынып, 139 жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарланған.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында мал бордақылау бағыты бойынша 695 млн. теңгеге 157 жоба, тауарлы-сүт фермалары бағыты бойынша 788 млн. теңгеге 170 жоба мақұлданды.

«Мал шаруашылығын дамыту үшін барлық шара қабылданып жатыр. Бұл бағыттағы мәселелер – тұрақты бақылауда», — деді өңір басшысы. 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылуда. Республикалық бюджеттен облысқа 20 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Пилоттық жобаға 64 ауылдық округ белгіленді. Жобаны іске асыру нәтижесінде 3 413 жаңа жұмыс орны ашылады, отбасылардың орташа табысы табысы 1,5 есеге өседі. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 30%-ға азайып, қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 10%-ға ұлғаяды деп күтіліп отыр.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте Президент Үкімет пен атқарушы органдарға отандық өндірісті ұлғайту, азаматтардың нақты табысын арттыру, экономиканы әртараптандыру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту, инфрақұрылымды одан әрі дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Түркістан облысында осы бағытта қарқынды жұмыс жүруде. ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Дархан Сатыбалды осы мәселелерге жеке-жеке тоқталды.

Облыста қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны жыл сайын өсіп келеді. 5 жылда олардың саны 184 мыңға жетті. 5 жылда шығарылған өнім 11 есеге дейін өсіп, 1 трлн. теңгеден асты (2018 жылы — 130,9 млрд. теңге). «Кәсіпкерлікті дамытудың» ұлттық жобасы шеңберінде өткен жылы бизнес субъектілері 46 млрд. теңгеге жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етілді. Өз ісін бастауға ынталы азаматтарға «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» арқылы өткен жылы 22 336 қызмет түрі тегін көрсетілді.

– Түркістан қаласын рухани астана ретінде дамыту бастамасы негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемінің өсуіне ықпал етті. 5 жылда инвестиция көлемі 3 есеге артып, облыс экономикасына жалпы 3 трлн. теңгедей инвестиция тартылды. Негізгі капиталға бағытталған инвестицияның басым бөлігі жеке инвестицияға тиесілі. 5 жылда облысқа салынған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 2 млрд. АҚШ долларын құрады. Жалпы сомасы 422 млрд. теңгеге 133 инвестициялық жоба іске асырылып, 9 347 жұмыс орны құрылды, – деді Дархан Сатыбалды.

Биыл инвестиция тұрақты өсуде. Өсім қарқыны бойынша өңір республикада алдыңғы орында (5 айда 196,1 млрд. теңге). Түркістан облысында 5 жылға арналған 368 инвестициялық жоба жоспарланды. Құны 2,8 трлн. теңге болатын жобалар арқылы 18,5 мың жұмыс орны ашылады. 2023 жылы 48 жоба іске қосылып, 1168 адам жұмыспен қамтылды.

Бүгінгі таңда өңірде орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған елді мекендердің жалпы саны 720-ға жетіп, қамту деңгейі 86,4% құрады (2 025 мың адам немесе 95,6%). Биыл 18 елді мекенге жаңадан ауыз су құбыры салынады, 12 елді мекеннің тозығы жеткен су жүйелері жаңартылады. 465 елді мекенге газ жүргізіліп, қамту деңгейі 56% құрады (1 537,6 мың адам немесе 72,6%). Биыл 68 нысанның құрылысы аяқталып, қосымша 57 елді мекен табиғи газға қосылуға мүмкіндік алады.

5 жылда 6 100 шақырым жол құрылыс-жөндеуден өтіп, жергілікті маңызы бар жолдардың нормативтік үлесі 71,2%-дан 92%-ға жетті. Биыл 2 мың шақырымға жуық жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 2025 жылдың соңына дейін қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесін 95%-ға жеткізу жоспарланып отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.